Вернуться к списку статей

«Қайрат» Кумыковты қалай жеңу керегін білмей жүр

Футбол
12K
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 6-турында Алматының «Қайрат» клубы Қызылордада ұпай жоғалтты.

Жергілікті «Қайсар» бұған дейінгі 4 матчта бір ғана ұпай жинаған. Үш рет ұтылған. Бірақ осы жолы «Қайратқа» қарсы жақсы дайындалыпты. 90-минут бойы бірін-бірі алмаған қос қарсылас арасындағы ойын тағдыры 95-минутта шешілді. Қақпашы Устименконың қателігін Айбар Жақсылықов тиімді пайдаланып, алаң иелеріне жеңіс сыйлады.
Клуб басшысысы жеңіске жеткен жігіттерге жақсы сыйақы болатынын да айтыпты.
Жалпы, «Қайсар» бапкері Виктор Кумыков Алматы командасына қарсы ойлау керегін жақсы біледі. Бұған дейін былтыр «Қайратпен» өткен екі матчта 4 ұпай алған еді. Алматыда 3:0 есебімен жеңіп кеткенін естен шығармайық.
«Қайрат» 8 ұпаймен турнир кестесінде 6-орында қалса, «Қайсар» (4 ұпай) 12-сатыда тұр. 

«Қайсар» (Қызылорда) –  «Қайрат» (Алматы)  –1:0
Гол:
 Жақсылықов, 90+4 (1:0). 

Есесіне, елорданың «Астана» клубы турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. Олар Шымкентте Түркістанның «Тұран» клубымен жолыққан болатын. Негізі «Астана» үшін «Тұран» ыңғайсыз қарсылас. Бұған дейін үш матчта да жеңе алмаған.

Осы жолы елордалықтар үшін бәрі сәтімен жүзеге асты. Ойынның 6-минутында Феди Бен Чоуга алаңнан қуылып, алаң иелерін қиын жағдайға қалдырды. Екінші таймда төреші «Астананың» пайдасына пенальти белгіледі. Әупірімдеп жүріп елорда командасы жеңіске жетті. Екінші голды Усман Камара салды.
Осы ойыннан кейін 10 ұпай жинаған Григорий Бабаянның шәкірттері турнир кестесінде «Ақтөбені» қуып жетіп, екінші орынға көтерілді. 

«Тұран» (Түркістан) – «Астана» (Астана) – 0:2
Голдар:
 Аманович, 56-пенальтиден (0:1). Камара, 65 (0:2).
Алаңнан қуылды: Бен Чоуг, 6. 

Бұл турда өз алаңында Астананың «Жеңісін» қабылдаған қостанайлық «Тобылдың» көш басына көтерілетіндей мүмкіндігі бар еді. Бірінші таймда 17-минутта Игорь Иванович есепті ашқанымен, «Тобыл» сол басымдылықты сақтай алмады. 77-минутта Арби Манай таразы басын теңестіріп кетті – 1:1. 
Осылайша, күтпеген жерден ұпай жоғалтқан «Тобыл» (9 ұпай) әзірше үздік үштікті түйіндеп тұр.

«Тобыл»  (Қостанай) – «Жеңіс» (Астана) – 1:1
Голдар:
 Иванович, 17 (1:0). Манай, 77 (1:1). 

«Атырау» мен «Қызылжар» арасындағы ойын алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Бұған дейін Атыраудағы үш матч тең аяқталған еді. Бұған дейін 2018 жылы ғана «Атырау» 3:2 есебімен басым түсті.

Жалпы, осы маусымда премьер-лига басталғалы «Атырау» жеңіске жете алмай жүр еді. Команда бес турда 4 рет тең түсіп, бір рет жеңілген. Бұл жолы мұнайшылар алғашқы үш ұпайын еншіледі. Олар өз алаңында Әли Әлиев жаттықтыратын «Қызылжардан» басым түсті. Матчтағы екі гол екінші таймның басында соғылды. Айналдырған екі минуттың ішінде Николай Сигневич пен Якоб Новак мергендік танытты.

«Атырау» (Атырау) – «Қызылжар» (Петропавл) –  2:0
Голдар:
 Сигневич, 51 (1:0). Новак, 53 (2:0).
Яндекс.Метрика