«Атырау» (Атырау) – «Қайрат» (Алматы) – 0:1
Гол: Зария, 59-пенальтиден (0:1).
Алаңнан қуылды: Степанов, 57.
Алматы клубы өз тарихында төртінші топ жарды. Соңғы рет карантин тұсында 2020 жылы жеңіске жеткен еді. Ол кезде «Қайрат» жеке-дара шықса, бұл жолы барлығы соңғы матчта шешілді.
«Қайратты» чемпиондыққа лайықты болды деп айту да қиын. Бірақ шешуші кезеңде жинақталып, қажетті ұпайларын еншілей алды. Биыл бір маусымда үш бапкерін ауыстырған команда соңғы турда әупірімдеп жүріп, «Атырауды» жеңді. Ойын тағдыры пенальтиден шешілді. Гол авторы - Гиорги Зария.
Осылайша, «сары-қаралар» 47 ұпай жинап, өз тарихында төртінші мәрте футболдан Қазақстан чемпионы атанды. Рафаэль Уразбахтинның шәкірттері осы маусымда 14 жеңіс, 5 тең, 5 жеңіліс көрсеткішін тіркеді. Сондай-ақ, «Қайрат» қарсылас қақпасына 39 гол соғып, ал команданың шабуылшысы Жоао Пауло 10 голмен турнирдің үздік сұрмергендерінің қатарына кірді.
«Қайрат» келесі жылы Қазақстан намысын Чемпиондар лигасында қорғамақ.
«Астана» (Астана) – «Жетісу» (Талдықорған) – 5:0
Голдар: Чинеду, 7- пенальтиден (1:0). Грипши, 18- пенальтиден (2:0). Томасов, 25-пенальтиден (3:0). Ткаченко, 31-автогол (4:0). Бартолец, 41 (5:0).
«Астана» Кипрдегі ойынға екінші құрамын жіберіп, «Жетісумен» матчқа бар күштерін салды. Алматыдағы кездесуде Бабаян шәкірттері мәселені бірінші таймда-ақ шешіп тастады. «Жетісу» қақпасына жауапсыз бес гол кірді. Бірақ одан ештеңе өзгермеді. «Қайрат» жеңіске жеткендіктен, «Астана» екінші орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды.
Бірінші кезекте елорда клубы өзі кінәлі. Бірінші айналымда «Астана» көп ұпай жоғалтып, соның арқасында чемпиондықтан қағылып отыр.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Тобыл» (Қостанай) – 2:0
Голдар: Совпель, 29 (1:0). Совпель, 49 (2:0).
Қызылордалықтарға бұл ойында ұпай маңызды емес еді. Есесіне «Тобылға» келесі жылы Конференция лигасында ойнау үшін жеңіске жету керек болатын. Қызығы сол, «Тобыл» өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Сөйтіп «Қайсар» 2:0 есебімен жеңіске жетіп, Шымкенттің «Ордабасы» клубына еурокубокқа жолдама сыйлады.
«Тобыл» бір апта бұрын «Астананы» жеңіп, елорда клубын чемпиондықтан айырған. Қостанайлық ұжым биылғы маусымда «ҚПЛ-дың Робин Гуды» болды. Мықтылардан ұпай тартып, әлсіздерден жеңіліп жүрді. Мысалы осы «Қайсардан» екі матчта да есе жіберді.
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Тұран» (Түркістан) – 2:0
Голдар: Агбо, 36 (1:0). Ромеро, 90+4 (2:0).
«Ақтөбе» әрине маусымда чемпиондыққа таласудан үмітті еді. Оған толық мүмкіндіктері де болған. Бірақ басшылық пен бапкерлер штабының қателігі команданың үшінші орынды қанағат тұтуына алып келді. Олар соңғы турда Түркістанның «Тұран» клубын аса қиналмай, 2:0 есебімен ұтты. Сонымен қола жүлдегер атанды. Одан бөлек, «Ақтөбе» биыл Қазақстан кубогына ие болған.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Елімай» (Семей) – 2:1 (1:0).
Голдар: Пластун, 33 (1:0). Ерланов, 57 (2:0). Свиридов, 77 (2:1).
Шымкент командасы да «Ақтөбе» сияқты көп қаржы бөлініп, сәтсіз өнер көрсеткен ұжымдардың бірі. Тіпті, еурокубоктан тыс қалуы да мүмкін еді. Бірақ Қызылордада «Тобылдың» жеңілуі «Ордабасыға» жол ашып берді. Өз кезегінде Кирилл Кекер шәкірттері соңғы турда «Елімайдан» үш ұпай алды. Сөйтіп келесі жылы Қазақстан атынан Конференция лигасында ойнамақ.
«Ордабасының» екі голын қорғаушылар соқты. Алдымен Игорь Пластун, сосын Темірлан Ерланов мергендік танытты. Семейліктер «Астанадан» жеңілген соң, барлығы біткенін түсінген болатын. Шымкентте де әйтеуір ойнап бітіру үшін барғаны белгілі.
«Жеңіс» (Астана) – «Қызылжар» (Петропавл)
Гол: Хасейн, 89 (0:1).
Ештеңе шешілмейтін жолдастық кездесу деңгейіндегі ойын. Екі достың басқаруындағы команда. «Жеңіс» клубына Давид Лория басшылық етсе, «Қызылжардың» бапкері Әли Әлиев.
Ойын ауа-райына байланысты Павлодарда өтті. Іш пыстыратын матчтың 89-минутында «Қызылжар» сапынан Хасейн гол соғып, ойын осы есеппен аяқталды. Екі команда да келесі маусымда премьер-лигада өнер көрсетуін жалғастырады.
Соңғы турда демалған Қарағандының «Шахтері» бірінші лигаға түсіп қалды. Бұл клубтың тарихында болған алғашқы жағдай.
Турнир кестесі
№ | Команда | О | Ж | Т | Ж | Д-а | Ұпай |
1 | «Қайрат» | 24 | 14 | 5 | 5 | 39-21 | 47 |
2 | «Астана» | 24 | 14 | 4 | 6 | 39-19 | 46 |
3 | «Ақтөбе» | 24 | 12 | 7 | 5 | 39-26 | 43 |
4 | «Ордабасы» | 24 | 12 | 6 | 6 | 36-24 | 42 |
5 | «Тобыл» | 24 | 11 | 6 | 6 | 33-23 | 39 |
6 | «Елімай» | 24 | 10 | 7 | 6 | 35-32 | 37 |
7 | «Атырау» | 24 | 9 | 8 | 6 | 28-20 | 35 |
8 | «Қайсар» | 24 | 9 | 7 | 8 | 28-29 | 34 |
9 | «Қызылжар» | 24 | 8 | 5 | 11 | 29-26 | 29 |
10 | «Жеңіс» | 24 | 6 | 6 | 11 | 18-32 | 24 |
11 | «Жетісу» | 24 | 5 | 8 | 10 | 17-33 | 23 |
12 | «Тұран» | 24 | 5 | 5 | 14 | 16-39 | 20 |
13 | «Шахтер» | 24 | 2 | 4 | 18 | 12-45 | 10 |