Вернуться к списку статей

Чемпиондық енді «Қайраттың» өз қолында

Футбол
1K
Қазақстан премьер-лигасы әні-міне дегенше мәреге жетуге жақын. Осының алдында «Астана» көш бастаса, енді «Қайрат» бірінші орынға шықты. Чемпион соңғы турда анықталады.

«Қызылжар» (Петропавл) – «Қайсар» (Астана) – 6:2
Голдар: Василий Совпель, 13 (0:1). Евгений Березкин, 19 (1:1). Сенин Себаи, 41 (2:1). Сенин Себаи, 52 (3:1). Евгений Березкин, 64 (4:1). Сенин Себаи, 68 (5:1), Лука Имнадзе, 76 (6:1). Василий Совпель, 90 (6:2).
«Қызылжар» мен «Қайсардың» турнир кестесіндегі мәселесі шешілген. Жүлдеге таласуға үміт жоқ, ал бірінші лигаға түспейтіні тағы белгілі. Қызылорда командасында қазір қаржылық мәселе бар. Ойыншылар үш айдан бері жалақы алмаған. Сондықтан Петропавлдағы ойын жанкүйерлердің күмәнін тудырды. Екі команда арасындағы ойында 8 гол соғылды.
Әр ұйымдастырылған шабуыл голға айналып жатты. Егер қақпашы Степан Сикач тағы бірнеше соққыны қайтармағанда, одан да ірі есеп тіркелетін еді. Ал жазғы трансферлік ауысымда клубты толықтырған Сенан Себаи тіпті хет-трик авторы атанып үлгерді.

«Қайрат» (Алматы) –  «Ордабасы» (Шымкент) –2:1
Голдар: Элдер Сантана, 42 (1:0). Еркебұлан Тұңғышбаев, 75 (1:1). Олжас Байбек, 84 (2:1).

Осы турдың алдында «Астана» екі ұпаймен алға ұзап шыққан. «Қайрат» үшін «Ордабасыны» жеңіп,  елорда командасының ұпай жоғалтқанын күту ғана қалған. Жағдай Боранбаев күткендей өрбіді.

Бірінші тайм толықтай алаң иелерінің басымдығымен өтіп, Шымкент командасы қақпаға бірде-бір дәл соққы бағыттай алмады. Әсіресе алматылықтар сапынан Жоао Паулоның соққылары айтарлықтай қауіп төндірді. Бірақ оңтайлы мүмкіндіктерді голға айналдыра алмады. Дегенмен «Қайраттың» бұрынғы ойыншысы Айбол Әбікен өзі сыйлық жасады. Оның артқа берген қате пасын Гиорги Зариа жылдам шабуылға ұластырып, нәтижесінде Элдер Сантана «Қайратты» алға шығарды. Екінші таймда шымкенттіктер белсенділік танытып, таразы басын теңестіруге барын салды. Нәтижесінде қосалқы құрамнан шыққан Еркебұлан Тұңғышбаев сол қапталдан асырылған допты баспен түйіндей білді. Бірақ алматылықтар сапынан да жеңісті жұлып алатын футболшы табылды. «Қайрат» академиясының тәрбиеленушісі Олжас Байбектің алыстан тепкен соққысына қақпашы дайын болмай шықты. Есеп: 2:1.
Алматылық жанкүйерлерге қуаныш сыйлаған Байбек болды.
 
«Шахтер» (Қарағанды) – «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 1:3
Голдар: Амаду Думбия, 22  (0:1). Имеда Ашортия, 52 (1:1). Арман Кеңесов, 55 (1:2). Арман Кеңесов, 60 (1:3).

«Ордабасы» клубының жеңілісінен кейін, «Ақтөбе» ұжымының қола жүлде жеңіп алуға мүмкіндігі туындады. Оның үстіне ақтөбеліктердің өзгелерге қарағанда күнтізбесі де оңайлау еді. Қарағанды қаласына барған олар жоғарғы лигадан ұшып кеткен «Шахтермен» күш сынасты. Алғашқы минуттан-ақ қонақтар үстемдік танытып, бірінші таймда бір гол басымдықпен үзіліске кетті. Екінші таймда Имеда Ашортияның алыстан тепкен соққысын Игорь Шацкий қайтаруға дәрменсіз болды. Бірақ тең есеп ұзақ сақталмады. Сөйтіп 55 және 60 минутта Арман Кеңесов жылдам дубль авторы атанып, ақтөбеліктерге үш ұпай сыйлады. Қарағандылықтар да есепті қысқарту мүмкіндіктеріне ие болғанымен, қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Осылайша, «Шахтер» ресми түрде QFL премьер-лигасының биылғы маусымын аяқтады.

«Жетісу» (Талдықорған) – «Атырау» (Атырау) – 0:2
Голдар: Николай Сигневич, 23 (0:1). Николай Сигневич, 45+1-пенальтиден (0:2).

Сегіз күн ішінде 3 кездесу өткізген «Атырау» бастапқыда фаворит саналмаған еді. Бірақ қонақтар алғашқы таймда-ақ кездесудің тағдырын шешіп тастады. Бойы сұңғақ Николай Сигневич әуелі айып соққысын сәтті түйіндесе, артынша пенальтиді голға айналдырды.
Осылайша Сигневич мергендер көшіне ілесті. Ол қазір 10 гол соған Ислам Чесноков пен Жоао Паулоны қуып жетті.
Матч осы екі голмен аяқталды. енді «Атырау» соңғы турда «Қайратпен» кездеседі.
 
«Тұран» (Түркістан) – «Жеңіс» (Астана) – 1:1
Голдар: Павел Киреенко, 1 (1:0). Ян Труфанов, 75 (1:1).
Алаңнан қуылды: Павел Киреенко, 45+1 минут («Тұран»).
 
Петропавлдағы матч секілді бұл да турнирлік кестеде еш маңызы жоқ матч еді. Командалар да соны сезгендей аса қиналмай, 1:1 есебімен тең ойнап шықты. Алаң иелері бірінші минутта жылдам есеп ашып, одан кейін тура соққы жасаған жоқ. «Жеңіс» сапынан 75-минутта қосалқы құрамнан шыққан Ян Труфанов мергендік танытты. Осы есеп ойын соңына дейін сақталып қалды.
 
«Тобыл» (Қостанай) – «Астана» (Астана) – 1:0
Гол: Игорь Иванович, 50 (1:0).
«Астана» әупірімдеп жүріп, пенальтиден «Атырауды» жеңген соң, чемпион атанатына еш күмән келтірген жоқ еді. Бірақ Қостанайдағы матчтан кейін бәрі өзгерді. Нұрбол Жұмасқалиев шәкірттері биыл өз алаңында топ командалардың бәрін жеңді. «Ордабасы», «Қайрат», «Ақтөбе» бәрі Қостанайда есе жіберген. Енді олардың қатарына «Астана» да қосылды.

Матчтағы жалғыз голды екінші таймның басында Игор Иванович соқты.ол бірнеше қорғаушыны қапы қалдырып, «Тобылды» алға шығарды. Елорда командасы шабуыл ұйымдастыруға тырысқанымен, ештеңе өнбеді. Әсіресе сұрмерген Джеффри Чинедуның жоқтығы көзге көрініп тұрды. Ал қостанайлықтар тарапынан Еркін Тапалов екі мәрте гол соғатын мүмкіндікке ие болғанымен, оңтайлы тұстан допты қисық тепті. Бірақ Ивановичтің жалғыз голы «Тобылға» үш ұпай еншілеуге жеткілікті болды.
Жоғарыда айтқанымыздай, чемпиондық енді «Астананың» өз қолында емес. Соңғы турда «Атырау» мен «Қайрат», «Жетісу» мен «Астана» кездеседі.
 
Турнир кестесі
Команда О Ж Т Ж Д-а Ұпай
1 «Қайрат» 23 13 5 5 38-21 44
2 «Астана» 23 13 4 6 34-19 43
3 «Ақтөбе» 23 11 7 5 37-26 40
4 «Тобыл» 23 11 6 6 33-21 39
5 «Ордабасы» 23 11 6 6 34-23 39
6 «Елімай» 23 10 7 6 34-30 37
7 «Атырау» 23 9 8 6 28-19 35
8 «Қайсар» 23 8 7 8 26-29 31
9 «Қызылжар» 23 7 5 11 28-26 26
10 «Жеңіс» 23 6 6 11 17-28 24
11 «Жетісу» 23 5 8 10 16-37 23
12 «Тұран» 23 5 5 13 16-37 20
13 «Шахтер» 24 2 4 18 12-45 10
 
Яндекс.Метрика