Вернуться к списку статей

«Астана» чемпиондыққа қадам жасап, «Шахтер» премьер-лигамен қоштасты

Футбол
2K
QFL премьер-лигасы да түгесілуге жақын. Өткен аптада 23-турдың ойындары өтті. Осы маусымда өз алаңында бірде-бір ойында ұтылмаған «Елімай» елорданың «Астана» клубына ірі есеппен жеңілді.

«Елімай» (Семей) – «Астана» (Астана) – 0:3
Голдар: Усман Камара, 33 (0:1). Марин Томасов, 36 (0:2). Рамазан Кәрімов, 82 (0:3).

Осы турдың орталық матчы көп нәрсені шешетін еді. Өйткені «Ордабасының» жеңілісінен кейін, теориялық жағынан «Астананың» чемпион болу мүмкіндігі артты. Ол үшін ешкімге қарамай, барлық қарсыластарды жеңуге тиіс. Семей қаласында матчта елордалықтар фаворит саналғанымен, алдын-ала 3 ұпай алады деп айтуға қиын еді. Өйткені «Елімай» өз стадионын тас қамалға айналдырып, 2 жыл бойы ешкімге жол бермеген еді. Одан бөлек, Андрей Карповичтің шәкірттері де еурокубокқа таласып жатқан. Алғашқы таймның басында стадионға лық толы жанкүйерлердің көмегімен алаң иелері сәл ғана басымдыққа ие болған. Бірақ уақыт өте келе ойын алма-кезек шабуылға ұласты. Ал 30-минуттан кейін «Елімай» қорғанысының сыр беруін қонақтар кешірмеді. Алдымен Усман Камара ешқандай тосқауылсыз допты сүңгітсе, артынша ыңғайлы позицияда тұрған Марин Томасовқа екінші гол соқты. Екінші таймда елордалықтар қолда бар басымдықты жібермеуге тырысты. Қосалқы құрамнан ойынды күшейтетін футболшылар алаңға шыққанымен, тағы да қонақтардың бағы жанып, Рамазан Кәрімов матч нүктесін қойды. Ысқырық шалынғанға дейін Усман Камараның дубльге де мүмкіндігі болғанымен, доп қақпа бағанынан қайтты. Қорытынды  есеп –  0:3. «Астана» егер кейінге шегерілген бір матчты жеңер болса, турнир кестесінде бірінші орынға көтеріледі.

«Тобыл» (Қостанай) – «Ордабасы» (Шымкент) – 1:0
Гол: Еркін Тапалов, 32 (1:0)
Алаңнан қуылды: Жасур Яхшибоев, 86 («Ордабасы»).

«Ордабасының» чемпиондық тағдыры осы турға дейін өз қолында болатын. Егер Қостанайда жеңіске жеткенде кемі тең түскенде 70 пайызға алтын медальдың тағдыры шешілер еді. Бірақ Нұрбол Жұмасқалиев шәкірттері өз алаңында үш ұпайды қарсыласқа ұстата салмады.

Қостанайлықтар негізі өз жерінде жақсы ойнайды. Егер сырт алаңда сәтті ойнағанда «Тобыл» чемпиондыққа да араласып қалар ма еді. Қазіргі сәтте бұл ұжым жүлдеге таласып жатқан «Ақтөбе», ел чемпионы «Ордабасыдан» да айласын асырып кетті. Бірінші таймда командалар алма-кезек шабуылмен алмасқанымен, қос ұжым да қорғанысты сақ ойнауға тырысты.

Бірақ «Ордабасы» қорғаушысы Игорь Пластунның қателігін Еркін Тапалов сәтті пайдаланып, 32-минутта есеп ашты. Чемпиондыққа басты фаворит саналған шымкенттіктердің ойыны еш жүрмей қойды. Ал екінші таймда қосалқы құрамнан шыққан Шахбоз Умаров қақпашының өрескел қателігінен кейін тараз басын теңестіруге жақын болған. Бірақ қырсық шалғанда доп қақпа маңдайшасынан қайтты. Матч соңында тіпті «Ордабасының» көшбасшы ойыншыларының бірі – Жасур Яхшибоев төрешіге қол көтергені үшін алаңнан қуылып кетті. Ол чемпионат соңына дейін ойындарға қатыспайды.

«Жеңіс» (Астана) –  «Жетісу» (Талдықорған) – 1:0
Гол: Зураб Тевзадзе, 55 (1:0).

арағандының стадионы «Жетісу» үшін өте қолайсыз болды. Бірінші таймда қонақтар басым түскендей көрінген. Тіпті Абылайхан Жұмабек белсенділік танытты. Бірақ гол есепке алынбады. Ал таймның соңында қақпашы Арсен Сиукаев жарақатына байланысты алмасуына тура келді. Екінші таймда алаң иелері санаулы мүмкіндіктерін сәтті қолданып, қорғаушы Зураб Тевзадзе жеңіс голын соқты. Қонақтар қанша тырысқанымен, сол күйі лайықты жауап қайтара алмады. Осы жеңістің арқасында «Жеңіс» ресми түрде QFL премьер-лигасының келесі маусымында өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
 
«Қайрат» (Алматы) – «Тұран» (Түркістан) – 5:1
Голдар: Гиорги Зариа, 18 (1:0), Иван Хомуха, 29-автогол(2:0). Жоао Пауло, 34  (3:0).Жоао Пауло, 74 (4:0). Никола Цуцкич, 86 (4:1). Жоао Пауло, 90+4 (5:1).

Сырт алаңда жеңілістен көз ашпайтын «Тұран» клубы кезекті рет есе жіберді. Чемпиондыққа үмітті алматылықтар алғашқы таймда-ақ кездесу тағдырын шешіп тастады. Екінші таймда өзгеріс жасаған қонақтар ойын тізгінін қолға алғандай көрінген. Бірақ алға атойлап кеткен түркістандықтар қарымта шабуылдан оңбай опық жеді. Мұндайды Жоао Паулоның кешірмейтіні белгілі. Қанша гол жіберсе де, қонақтардың шабуылдағы белсенділігін ерекше атап өткен жөн. Себебі, олар 90 минутта 9 мәрте тура соққы жасады. Нәтижесінде жұбаныш голын соға алды. Бірақ Орталық стадионда «Қайратты» тоқтату мүмкін емес еді. Әсіресе жанкүйерлердің наразылығына ілігіп жүрген Жоао Пауло хет-трик авторы атанып қана қоймай, сұрмергендер тізімінде көш бастады.

«Қызылжар» (Петропавл) – «Атырау» (Атырау) – 3:2
Голдар: Рафаэль Сабино, 16 (1:0). Александр Нойок, 30 (1:1). Рубен Брижиду, 66 (2:1). Евгений Березкин, 79 (3:1). Александр Нойок, 88 (3:2).

Турнир кестесінде ешқандай мотивациясы болмаса да, Әли Әлиевтің шәкірттері 5 матчқа жалғасқан жеңіліс сериясын тоқтатуға мүдделі болды. «Қызылжар» үш ұпай алудан мәселесінен бөлек, гол соғу жағынан да айтарлықтай қиындыққа тап болған еді. Оның үстіне олар өз алаңында қақпаларына ең аз гол жіберген «Атырауды» қабылдады. Бірінші таймның өзінде клубтар алма-кезек голмен алмасып үлгерді. Екінші таймда да белгілі бір ұжым басымдыққа ие болмаса да, «Қызылжар» мүмкіндігін сәтті пайдаланып, 2 доп басымдығымен алға шықты. Бұл голдар жеңімпазды анықтап тастады. Тіпті Александр Нойок дубль жасағанымен, голдары тең есепке жетпеді. Айта кетейік, Әли Әлиевтің футболшылары осы маусымда үшінші мәрте ғана 2 доптан артық гол соға алды. Күтпеген нәтиже.

«Қайсар» (Қызылорда) –  «Шахтер» (Қарағанды) – 5:1
Голдар: Айбар Жақсылықов, 27  (1:0).  Айбар Жақсылықов, 33 (2:0).  Айбар Жақсылықов, 47 (3:0). Руслан Юденков, 54 (4:0).  Джуниор Камени, 73 (5:0). Аңсар Алтынхан, 86 (5:1).

Қарағандының «Шахтер» клубының биылғы маусымдағы мақсаты түсініксіз болды. Топырлаған легионерлер, ресейлік бапкер қызмет атқарды. Бірақ соған қарамастан премьер-лигада бар-жоғы 9 ұпай жинап, көш соңында қалды. Тарихта алғаш рет келесі жылы бірінші лигада ойнамақ.
Бұл жолы Қызылордаға барып, «Қайсардан» да оңбай ұтылды. Шабуылшы Айбар Жақсылықов хет-триктің авторы атанды. Қонақтар сапынан тек Аңсар Алтынхан бір гол соққанымен, бәрібір де ірі жеңілістен құтылып кете алмады. Қорытынды есеп – 5:1.

Турнир кестесі
 
Команда О Ж Т Ж Д-а Ұпай
1 «Ордабасы» 21 11 6 4 32-19 39
2 «Қайрат» 21 11 5 5 34-19 38
3 «Астана» 20 11 4 5 29-26 37
4 «Ақтөбе» 21 10 7 4 34-23 37
5 «Елімай» 22 10 7 5 34-29 37
6 «Тобыл» 21 9 6 6 30-21 33
7 «Атырау» 20 7 8 7 23-16 29
8 «Қайсар» 21 7 7 7 23-23 28
9 «Жетісу» 21 5 8 8 16-24 23
10 «Қызылжар» 21 6 4 11 21-23 22
11 «Жеңіс» 21 5 5 11 15-29 20
12 «Тұран» 20 5 4 11 15-33 19
13 «Шахтер» 22 2 3 17 10-41 9
 
Яндекс.Метрика