Вернуться к списку статей

Қарағанды футболындағы кризис. «Шахтер» бірінші лигаға кетті

Футбол
5K
Биыл Қарағандының «Шахтері» қатырған жоқ. Премьер-лигада 24 матчта бар-жоғы 10 ұпай жинады. Сөйтіп тарихта алғаш рет бірінші лигаға түсіп қалды.

Клубта тек жергілікті жас ойыншылар ғана жүрсе түсінуге болар еді. Жоқ, топырлаған легионер. Бұл жағдай облыс әкіміне де ұнамапты.
 «Бұл — өңірлік футбол саясатында жүйелі түрде орын алған олқылықтардың нәтижесі. Өкінішке қарай, клубтың ұзақ мерзімді дамыту межесі, маркетингтік стратегиясы жоқ. Футболшылардың іріктеу жүйесі сын көтермейді. 25 футболшының 12-сі легионер. Жалпы алғанда, клуб шетелдік легионерлерді қолдау қорына айналды. Тұрақты қаржылық модель жасалмаған», - дейді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Тығырықтан шығу жолы ретінде Ермағанбет Бөлекпаев бірқатар шұғыл және стратегиялық шараларды қабылдау қажеттігін мәлімдеді. Оның ішінде басқару тәсілдер мен кадрлық құрамды қайта қарау — кезек күттірмейтін мәселе. Бір айдың ішінде клубтың стратегиясын әзірлеу керек, оның аясында футбол инфрақұрылымын дамыту жоспарын ескеру қажет.

Сондай-ақ, облыс әкімі балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, отандық мамандарды даярлауға қатысты тапсырмалар берді.
Біріншіден, өңірлік ДСК-лар негізінде «Шахтер» футбол клубының филиалдарын ашу қажет. Бұл клуб академиясына іріктеу үшін селекциялық жүйе құруға мүмкіндік береді. Екіншіден, жергілікті жас дарындарға жол ашу мақсатында келесі жылы балалар мен жасөспірімдер командалары арасында футбол турнирін ұйымдастыруды тапсырды.
«Мемлекет басшысы кәсіби және бұқаралық спортты дамыту бойынша бірқатар міндеттерді айқындап берді. Осыған байланысты жоғары білікті мамандарды даярлау қажет. Облыста балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бойынша футбол орталығы мен академияның жұмысын күшейту қажет. Балалар жаттықтырушыларын оқытуды, оның ішінде оларды шетелде оқыту мүмкіндіктерін қарастыру керек», - деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
 
Нақты спорттық меже — «Шахтер» келесі маусымда - премьер-лигаға оралу болып тұр.
Жиын барысында Ермағанбет Бөлекпаев футбол мен спортты дамытудың жалпы жоспары туралы айтып берді. Мәселен, Қарағандыда спорттық кластер құрылып, оның аясында УЕФА стандарттарына сәйкес заманауи стадион, жыл бойы жаттығуға болатын футбол манежін салу жоспарлануда. Ол үшін қала аумағында 67 гектар жер қарастырылған. Бұдан басқа, келесі жылы қаладағы Орталық стадион жаңартылады.
«Шахтер» клубына біздің тараптан тиісті көмектің барлығы көрсетілді. Олар жақтан бұл туралы әңгіме болмайтын шығар. Демеушілер арқылы берешек қарыздарын да жаптық. Жалпы менің ойымша, «Шахтерда» өзіміздің жергілікті футболшылар ойнау керек. Қазіргі таңда белгілі болғандай клубта өзіміздің ойыншылар аз болған. Осы мәселелер бойынша мамандармен біз арнайы жиын да өткіздік. Жиын қорытындысы бойынша Балқаш, Теміртау, Қарағанды және т.б. қалалар бойынша балаларға арналған академия ашамыз деп келістік. Екіншіден, бапкерлердің деңгейі төмен деп айтуға болады. Бапкерлер даярлаймыз. Арнайы мамандар шақырып, біліктіліктерін арттырамыз. Сосын екі стадион керек. Стадион құрылысын бастаймыз. Ол бойынша қазір жобалық зерттеуді күтіп отырмыз. Содан соң жаңа үлкен стадион салынады. Қазіргі стадионның салынғанына 60 жылдан астам уақыт өтті. Стадионның тозығы жетті деп айтуға болады. Ал легионерлер туралы айтатын болсам, легионерлер келетін болса біздің футболды көтеру қажет. Біздің футболшылардың деңгейінде ойнап жүрген легионерлердің бізге қажеті қанша? Керек жоқ деп ойлаймын», – деді аймақ басшысы.

Сөйтіп клубқа жаңа директор келді. Қызығы бірінші лигада шетелдік бапкер болмауы керек. Бірақ қалай болары түсініксіз. Директорлар кеңесінің шешімімен клубтың жаңа атқарушы директоры тағайындалды. Ол – Талғат Дүйсеков, табысты кәсіпкер, қоғам қайраткері және меценат. Спорт менеджменті саласында белгілі бір тәжірибесі бар. 2022-2023 жылдары ол Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына кіретін Асық ату федерациясын басқарған. Аз уақытта ұйымның құрылымын жаңартып, тұңғыш рет асық атудан Азия чемпионатын өткізген.

Оның басты міндеті – «Шахтерді» тығырықтан шығарып, клуб жұмысын қайта құру, тың күш беріп, әлеуетін күшейту. Облыс әкімінің тапсырмаларын ескере отырып, бір айдың ішінде клубтың даму стратегиясын дайындау.

Бұдан бөлек, клубтың жаңа басшылығына балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту міндеті жүктелді. Осыған орай, қалалар мен аудандарда «Шахтер» академиясының филиалдары ашылады. Келесі жылы жасөспірімдер мен жастар командалары арасында футбол туринирі өтеді, оның нәтижесі бойынша жас дарындар академияда оқуға іріктелетін болады.

Қазірдің өзінде клубтың жаңа басшылығы бапкерлік штабқа шетелдік мамандарды тарту бойынша келісімдер жасаған. Бүгін белгілі болғандай, негізгі команданы жаңа маусымға чех жаттықтырушысы Иржи Ярошик дайындайды.

Иржи Ярошик – кәсіби футболшы, ол Англияның («Челси» құрамында), Шотландияның («Селтик»), Чехияның («Спарта») және Ресейдің (ЦСКА) чемпионы болған. Испания Примерасында өнер көрсеткен («Сарагоса» мен «Алавес» сапында). Еуропаның жоғары дивизиондық чемпионаттарында кәсіби клубтарды жаттықтыруға құқық беретін UEFA PRO лицензиясы бар. «Шахтерға» келгенге дейін Чехия, Словакия, Словения мен Ресей клубтарында жаттықтырушы болған.
Жаттықтырушы міндетімен қатар Ярошик қарағандылық футбол мамандарының кәсібилігін көтерумен айналысады.
Яндекс.Метрика