Норвегия жастарын жылт еткен үміт сәулесі алға жетелейді
Бұл – 2017 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы соңғы кездесу. Біздің құрама 9-топта төртінші орынде иеленетін сияқты. Ал Норвегия жастары екінші орынға ие болады. Әрі көмескі болса да, Еурододаның келесі кезеңіне шығуға мүмкіндігі бар секілді. Сондықтан жандарын шүберекке түйетін сияқты.
Жалпы, Норвегия U-21 құрамасымен осыдан төрт күн бұрын Швейцария жастарын өз алаңында жеңіп (2:1), екінші орынға көтерілді. Енді екінші орынмен 2017 жылғы Еуропа чемпионатының плей-офф сатысына шығу мүмкіндігі қылаң бергендей...
Бұл жөнінде Қазақстан – Норвегия жастары арасындағы матч қарсаңында қонақтардың бас бапкері Лейф Гуннар Смеруд:
– Біз бұ ойынға жан-жақты дайындалдық. Бізге тек жеңіс керек. Еуропа чемпионатының келесі кезеңіне шығуға әлі де болса мүмкіндігіміз бар. Сол үшін үш ұпай алуға тырысамыз. Барымызды саламыз. Ал Қазақстан жастары Англия U-21 құрамсымен жақсы ойнады. Ал бізге Англиямен өткен ойын қиындау болған, – деп ағынан жарылыпты.
Қазақстан жастары жанкүйерлерін жеңіспен ғана қуанта алады
Қазақстан жастары отандық жанкүйерлерді тек жеңіспен қуанта алатындарын біледі. Тіпті тең ойын да соңғы күндері өзекті өртеген жеңілістерді жуып-шайып кете алмас...
Өздеріңіз білесіздер, осыдан екі-үш күн бұрын Қазақстан ұлттық құрамасы Қаратау (Crna Gora) футболшыларынан 0:5 есебімен күйрей ұтылып қалды. Іле-шала Қазақстан U-19 құрамасы ресейлік құрдастарынан тура осындай есеппен (0:5) оңбай жеңілді. Ал кеше түнде 17 жасқа дейінгі қыздарымыз Франция бойжеткендерінен 0:17 есебімен тас-талқан болып ұтылды.
Енді тек жеңіс керек. Мұны жастар құрамасының бапкері Вахид Масудов та түсінетін болар. Басшылар айтпады дейсіздер ме? Айтқан болар деп ойлаймыз. Қалай десек те, жеңіс күтеміз...
– Англиямен өткен ойыннан кейін жігіттер сәл демалып, Норвегиямен болатын кездесуге дайындалды. Норвегия жастарының деңгейі Англиядан қалыспайды. Біздің көптеген футболшыларымыз үшін бұл – жастар құрамасындағы соңғы ойын. Сондықтан олардың әрқайсысы өздерін көрсетуге тырысады. Негізі, осы жиынға 1996 жылғы футболшыларды да шақырдық. Олар келесі іріктеу кезеңінің жауапкершілігін қазірден бастап түсінулері керек, – депті Вахид Масудов, алыстан орағытып...
Айтпақшы, кеше Масудовтың туған күні болған. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы 57-ге толды. Қазақстан футбол федерациясының ұжымы кешегі баспасөз жиынында бапкерді туған күнімен құттықтап, гүл сыйлапты. Ал жанкүйерлерге гүл емес, жеңіс керек!!!