Вернуться к списку статей

Қазақстан жастары халықтың жеңіске сусап отырғанын біле ме?

Футбол
1K
Кеше Вахид Масудов 57-ге толды. Фото: kff.kz
Бүгін кешке 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы Ақтөбеде Норвегия жастарын қабылдайды. Матч сағат 20:00-де басталады.

Норвегия жастарын жылт еткен үміт сәулесі алға жетелейді

Бұл – 2017 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы соңғы кездесу. Біздің құрама 9-топта төртінші орынде иеленетін сияқты. Ал Норвегия жастары екінші орынға ие болады. Әрі көмескі болса да, Еурододаның келесі кезеңіне шығуға мүмкіндігі бар секілді. Сондықтан жандарын шүберекке түйетін сияқты.

Жалпы, Норвегия U-21 құрамасымен осыдан төрт күн бұрын Швейцария жастарын өз алаңында жеңіп (2:1), екінші орынға көтерілді. Енді екінші орынмен 2017 жылғы Еуропа чемпионатының плей-офф сатысына шығу мүмкіндігі қылаң бергендей...

Бұл жөнінде Қазақстан – Норвегия жастары арасындағы матч қарсаңында қонақтардың бас бапкері Лейф Гуннар Смеруд:

Біз бұ ойынға жан-жақты дайындалдық. Бізге тек жеңіс керек. Еуропа чемпионатының келесі кезеңіне шығуға әлі де болса мүмкіндігіміз бар. Сол үшін үш ұпай алуға тырысамыз. Барымызды саламыз. Ал Қазақстан жастары Англия U-21 құрамсымен жақсы ойнады. Ал бізге Англиямен өткен ойын қиындау болған, – деп ағынан жарылыпты.



Қазақстан жастары жанкүйерлерін жеңіспен ғана қуанта алады

Қазақстан жастары отандық жанкүйерлерді тек жеңіспен қуанта алатындарын біледі. Тіпті тең ойын да соңғы күндері өзекті өртеген жеңілістерді жуып-шайып кете алмас...

Өздеріңіз білесіздер, осыдан екі-үш күн бұрын Қазақстан ұлттық құрамасы Қаратау (Crna Gora) футболшыларынан 0:5 есебімен күйрей ұтылып қалды. Іле-шала Қазақстан U-19 құрамасы ресейлік құрдастарынан тура осындай есеппен (0:5) оңбай жеңілді. Ал кеше түнде 17 жасқа дейінгі қыздарымыз Франция бойжеткендерінен 0:17 есебімен тас-талқан болып ұтылды.

Енді тек жеңіс керек. Мұны жастар құрамасының бапкері Вахид Масудов та түсінетін болар. Басшылар айтпады дейсіздер ме? Айтқан болар деп ойлаймыз. Қалай десек те, жеңіс күтеміз...

Англиямен өткен ойыннан кейін жігіттер сәл демалып, Норвегиямен болатын кездесуге дайындалды. Норвегия жастарының деңгейі Англиядан қалыспайды. Біздің көптеген футболшыларымыз үшін бұл – жастар құрамасындағы соңғы ойын. Сондықтан олардың әрқайсысы өздерін көрсетуге тырысады. Негізі, осы жиынға 1996 жылғы футболшыларды да шақырдық. Олар келесі іріктеу кезеңінің жауапкершілігін қазірден бастап түсінулері керек, – депті Вахид Масудов, алыстан орағытып...

Айтпақшы, кеше Масудовтың туған күні болған. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы 57-ге толды. Қазақстан футбол федерациясының ұжымы кешегі баспасөз жиынында бапкерді туған күнімен құттықтап, гүл сыйлапты. Ал жанкүйерлерге гүл емес, жеңіс керек!!!

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика