«Жеңіс» (Астана) – «Қайсар» (Қызылорда) – 1:0
Гол: Гиорги Панцулая, 34 (1:0).
«Жеңістің» премьер-лигада қалу мүмкіндігі жоғары. Қазір өз алаңындағы ойындарын Қарағандыда өткізіп жатқан екі команда соңғы екі орында тұр. Бірақ «Шахтерге» қарағанда «Жеңістің» жағдайы тәуірлеу. Бұл жолы олар Қызылорданың «Қайсар» клубынан басым түсті.
Командалар 90 минутта небәрі 3 қана тура соққы жасай алды. Абырой болғанда, 34-ші минутта сондай соққының бірін Гиорги Панцулая өкшесімен теуіп, өз командасына маңызды 3 ұпай әперді. Осы жеңістің арқасында «Жеңіс» пен көш соңындағы «Шахтердің» арасы 4 ұпайға ұзады. Ал елордалықтар араға 5 айдай уақыт салып, жеңістің дәмін татты.
«Астана» (Астана) – «Қызылжар» (Петропавл) – 2:1
Голдар: Чинеду Чарльз Джеффри, 44 (1:0).Олексий Щебетун, 45 (1:1), Чинеду Чарльз Джеффри, 59 (2:1).
«Астана» футболшыларында қазір демалыс жоқ. Еурокубок, ұлттық құрама ойындары және премьер-лига қатар жалғасып жатыр. Соған қарамастан бас бапкер Григорий Бабаян да ротация жасауға аса қатты құлықты емес. Бұл жолы олар Алматыда «Қызылжармен» кездесті. Әли Әлиев жаттықтыратын ұжымның ешкімге жеңісті оңайшылықпен бере салмайтыны тағы бар.
Бірақ алаң иелері алғашқы таймда-ақ басымдықты қолдарына алып, 2 гол соқты. Алайда екеуінде де доп Марин Томасовтың қолына тиіп, төреші голды санамады. Тек үзілістің алдында ғана «Астананың» пайдасына пенальти белгіленді. Чинеду Чарльз Джеффри допты сәтсіз тепсе де, қақпашы қайтарған допты қайта сүңгіте алды. Бірақ басымдық 1 минутқа ғана сақталды. «Қызылжар» командасы стандарттық шабуылмен лезде жауап қайтты. Екінші таймда «Астана» клубының шабуылшысы кезекті рет гол соғып, қайта алға шықты. Одан соң «Қызылжар» қақпашысы Вадим Петров тағы да пенальти қайтарды. Алайда қонақтардың қақпашысы қанша әбжілдік танытқанымен, «Қызылжар» 1 ұпай да ала алмады. Бір қызығы - осы маусымда «Астана» клубының пайдасына 7 пенальти белгіленіп, оны бес түрлі ойыншы теуіп көрді.
«Тұран» (Түркістан) – «Шахтер» (Қарағанды) – 2:1
Голдар: Иван Хомуха, 27 (1:0), Имеда Ашортия, 68-пенальтиден (1:1). Александр Мишов, 90+9 (2:1).
Алаңнан қуылды: Богдан Савкив, 59 («Шахтер»).
«Түркістан Арена» стадионына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Тұран» клубы енді ғана доп тебуге мүмкіндік алды. Қала тұрғындарының да үлкен футболды сағынып қалғаны анық байқалды. Себебі, 7 мыңдық стадионда ине шаншар орын болмады. Сол жалынды қолдаудың арқасы болар, «Тұран» клубы алғашқы минуттан шабуылға шықты. Бұл әрекеттері жемісін берді. Әсіресе, стандартты тиімді пайдаланды. Ринат Әлеуетов шәкірттері бұрыштамадан есеп ашты.
Матчтағы барлық қызық екінші таймда болды. Әуелі кеншілер сапынан Богдан Савкив алаңнан қуылып, кездесудің интригасын өлтіргендей көрінген. Бірақ қонақтар қорғаныста жатудан нәтиже жоқ екенін түсініп алға ұмтылды. Соның арқасында пенальти орындауға да мүмкіндік алды.
Әуелі допты қақпашы қайтарғанымен, төреші бірнеше минуттан кейін қайта тептірді. Екінші мүмкіндікте Имеда Ашортия мүлт кетпеді. Қосымша минутта қонақтар тағы да гол соғатындай шабуыл жасағанымен, Владислав Василючек қақпасын аман алып қалды. Соңғы минутта орындалған бұрыштама Александр Мишовтың тура басына барып, алаң иелері 2:1 есебімен жеңісті жұлып алды. Осылайша, «Тұран» мен «Шахтердің» арасы 7 ұпайға алшақтап кетті.
«Елімай» (Семей) – «Тобыл» (Қостанай) – 2:1
Голдар: Ислам Машуков, 10 (1:0). Никита Корзун, 89 (2:0). Ислам Чесноков, 90+5 (2:1).
Андрей Карповичтің біліктілігіне жанкүйерлер мен футбол мамандары аса қатты сене бермейді. Дегенмен ол жаттықтыратын «Елімай» тіпті чемпиондыққа үміткер. Бұл жолы Семей клубы өз алаңында Қостанайдың «Тобыл» командасын жеңді.
Матчта әсіресе «Тобыл» қақпашысы Стас Покатилов оңбай қателесті. Ұлттық құраманың да қақпасын күзеткен Стастың бұл күні жолы болмады. Оны Ислам Машуков тиімді пайдаланып, алғашқы голды соқты.
Шабуыл шебінен ат үркейтін қонақтар тараз басын теңестіруге барынша тырысты. Бірінші таймның өзінде Игорь Ивановичтың айып соққыларын қақпашы әрең дегенде қайтара алды. Тіпті соңғы сәттерде қақпа маңдайшасы мен қорғаушылар көмекке келді. Екінші таймда да «Тобылдың» алдыңғы шебі түрлі шабуылдар жасады. Тек Еркін Тапалов қақпашымен бірге бір шықса да, допты голға айналдыра алмады. Ал «Елімай» командасының соңғы минуттарында маңызды гол соғатын Никита Корзун кезекті рет белсеніп, 89-минутта кездесудің тағдырын шешті. Өкінішке қарай, «Тобылдың» көшбасшысы Ислам Чесноковтың жеке шеберлігімен соғылған гол қонақтарға еш көмегін тигізбеді.
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Жетісу» (Талдықорған) – 3:0
Голдар: Фредди Гондола, 37 (1:0). Жан Жайро, 44 (2:0). Әлібек Қасым, 76 (3:0).
Төрт матч бойы жеңіске жете алмаған «Ақтөбе» клубы бас бапкерін отставкаға жіберді. Ал 20-турда оларды жаңа жаттықтырушы бастап шықты. Иә, алаң иелері 90 минут бойы қонақтарға түк жасатпады. Жауапсыз 3 гол соқты. Тіпті Максим Самородовтың орнына келген Панама ұлттық құрамасының шабуылшысы Фредди Гондола да ел чемпионатындағы алғашқы голын салды. Нәтижесінде «Ақтөбе» 34 ұпаймен турнир кестесінде қайта көш бастады. Десе де, «Жетісудің» екінші айналымда шабуыл шебі әлсіреп, жеңіске жете алмай жүргенін ескерейік. «Ақтөбенің» өзгерісі қаншалықты нәтижесін бергенін алдағы уақытта көретін боламыз.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Атырау» (Атырау) – 1:0
Гол: Асхат Тағыберген, 22 (1:0).
Алаңнан қуылғандар: Матеус Барбоза, 71 («Атырау»). Айбол Әбікен, 90+4 («Ордабасы»).
Шымкентте өткен матчта алаң иелері әупірімдеп жүріп, 3 ұпайын алды. Команда капитаны Асхат Тағыберген былтырғыдай айып соққысынан голдарды топырлата беретін қарқыны азайған еді. Дегенмен осы жолы «Атырау» қақпасын стандарттан дәл көздей алды. Соның арқасында «Ордабасы» жеңіске жетті.Қонақтардың қақпашысы мұндай соққыға дайын болмады. Шымкенттіктер жеңіске жеткенімен, ойын тұрғысынан көптеген мәселелер бар екендігі көрсетті. Ал «Атыраудың» бар үміті енді тек QFL Қазақстан кубогында ғана қалғандай. Өйткені бастапқы 4 команда өзгелерден ұзап барады.
Айта кетейік, 18 қыркүйек күні сағат 19:00-де QFL премьер-лиганың кейінге шегерілген 15 тур ойыны өтеді. Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионда «Қайсар» мен «Астана» кездеседі. Ал 21-ші тур матчтары 21-22 қыркүйекке жоспарланған.
Турнир кестесі
№ | Команда | О | Ж | Т | Ж | Д-а | Ұпай |
1 | «Ақтөбе» | 19 | 9 | 7 | 3 | 32-19 | 34 |
2 | «Елімай» | 19 | 9 | 7 | 3 | 32-23 | 34 |
3 | «Ордабасы» | 17 | 9 | 6 | 2 | 27-14 | 33 |
4 | «Қайрат» | 18 | 9 | 5 | 4 | 27-16 | 32 |
5 | «Қайсар» | 18 | 6 | 7 | 5 | 18-20 | 25 |
6 | «Тобыл» | 17 | 6 | 6 | 5 | 24-19 | 24 |
7 | «Астана» | 15 | 7 | 3 | 5 | 17-13 | 24 |
8 | «Атырау» | 17 | 5 | 8 | 4 | 16-12 | 23 |
9 | «Жетісу» | 19 | 4 | 8 | 7 | 14-23 | 20 |
10 | «Қызылжар» | 18 | 5 | 4 | 9 | 18-19 | 19 |
11 | «Тұран | 16 | 4 | 4 | 8 | 13-23 | 16 |
12 | «Жеңіс» | 17 | 3 | 4 | 10 | 10-25 | 13 |
13 | «Шахтер» | 18 | 2 | 3 | 13 | 8-30 | 9 |