Вернуться к списку статей

Денис Никиша шорт-тректен әлем чемпионатында күміс жүлде еншіледі

Қазақстан тарихында алғаш рет шорт-тректен ересектер арасында әлем чемпионатында жүлде бұйырды. Қостанайлық Денис Никиша Роттердам қаласында (Нидерланд) өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.

500 метрге конькимен жүгіруден финалдық кезеңде жерлесіміз 41.676 секунд уақытта мәрені кесті. Ол бірінші келген қытайлық Сяочун Линнен (41.592) небәрі жарты секундтан да аз уақыт қалып қойған. Ал канадалық Джордан Пьер-Жиль (52.289) үздік үштікті түйіндеді.

Жарыс барысында үш бірдей шорттрекші құлап қалды. Денис қазақстандықтар арасынан әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы шорттрекші атанып отыр. Осыған дейін ересектер арасында мұндай жетістікке ел спортшылары әлі жеткен емес.

Жарыстан кейін спортшыны Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин құттықтады.

«Шорт-тректен әлем чемпионатында еліміз үшін тарихи медаль жеңіп алғаныңызбен Сізді және бапкерлеріңізді шын жүректен құттықтаймын! Бұл жеңіс көк мұздағы ұзақ жылдар бойғы еңбектің, төзім мен тәртіптің жемісі. Болашақта бұдан да биік нәтиже көрсетіп, қазақстандық жанкүйерлерді қуанта беруіңізге тілектеспін!», - деді ҰОК президенті.

13137

Спортшының өзі де жарыстан кейін пікір білдірді.

«Қазір бастан кешіп жатқан сезімдерімді жеткізу мүмкін емес. Айтарға сөзім жоқ. Осы медальға қол жеткіздік-ау! Былтыр жүлде қолымнан сырғып кетіп еді. Бүгін бәрі ойдағыдай болды. Өз нәтижеме ризамын.Күміс медаль менің жақсы өнер көрсеткенімнің айғағы. Тарихта тұңғыш рет біз әлем чемпионатының медалін алдық. Ризамын.Осы жолдағы ең қиын нәрсе – өз-өзіңмен күресу. Спортшылар менің не айтқым келетінін түсініп отыр. Нәтиже көңілден шығады. Маусым аяқталар тұста көңілім жайланып қалды. Жылдың соңғы халықаралық жарысы. Енді демалып, қайтадан қалыпқа келуге мүмкіндік бар. Миландағы Олимпиадаға екі жыл қалғанын ескеріп, әрі қарай еңбек ету керек», - деді Никиша.

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика