Вернуться к списку статей

Данияр Елеусінов пен Асланбек Шымбергеновтің қайсысы Парижге баруға лайық?

Бокс
118

Соңғы күндері Париж Олимпиадасына бокстан 71 келіде кім баруы мүмкін деген сұрақ көпшілікті мазалап жүргені жасырын емес. Оған Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің желідегі жазбалары себеп болды десек қателеспейтін шығармыз. Желтоқсан айында Астанада бокс кеші өткен. Сол кезде осы салмақтағы құрама капитаны Асланбек Шымбергеновтен мексикалық боксшыдан нокаутқа түсіп, Елеусінов қарсыласын жеңеді. Осыдан кейін Олимпиада чемпионы пост жазып, болашағына қатысты жанкүйерлерінен кеңес сұрайды. «Кәсіпқой бокста жүре берейін бе, әлде Парижге барайын ба?» деген сарындағы пост еді.

Елеусіновтің әуесқой боксқа оралып, Олимпиадаға баруға ниетті екенін құзырлы органдар растаған жоқ. Дегенмен, sportarena.kz сайты «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегенді жазғаны бар. Бірақ алдымен Қазақстан бокс федерациясының баспасөз хатшысы Аян Төлеген жауап берді.

«Италияда өтетін лицензиялық турнирге соңғы Спартакиада жеңімпаздары аттанады. Бұл турнирге Асланбек Шымбергенов қатысқан жоқ. Бапкерлер арнайы демалыс берді, себебі, әлем чемпионы әрі Азия ойындарының жүлдегері ретінде үздік саналды. Сондықтан, әлемдік лицензиялық турнирге Шымбергеновтің баратыны сөзсіз. Сол сында өзін қалай көрсететінін байқаймыз. Егер қолынан келмесе, орнына басқа боксшы келеді», - дейді Аян Төлеген.

Дүдәмел күйде жүрген елді Даниярдың өзі тынышталдырды. Ол Италиядағы іріктеуге қатыспайтынын, басты мақсаты кәсіпқой бокс екенін қайталап айтты.

«Мен өзі екі Олимпиадаға қатысқан адаммын. Лондонда ширек финалға дейін жеттім. Риода топ жардым. Одан кейін Токио Олимпиадасы өтіп кетті. Бұл халықтың назарын аудару мақсатым болатын. Жанкүйерлердің тамырын басу еді», - дейді боксшы «1001 түн» бағдарламасында.


Ол желтоқсан айында Оңтүстік Африкадан келген Джабулани Макенсаны жеңген соң, Олимпиадаға қатысып көрмейсің бе деген ұсыныстардың болғанын айтып отыр.

«Италиядағы лицензиялық турнирден бірден бас тарттым. Өйткені ондай мақсат болған жоқ. Уақыт тым тығыз және бұл жарысқа жылдар бойы дайындалған жігіттер бар. Оларға психологиялық тұрғыдан қысым көрсетіп, қарсылас болуды қаламаймын», - дейді Данияр Елеусінов.

Айта кетейік, Париж олимпиадасына жолдама беретін турнир ақпан айының аяғында Италияда өтеді. Оған 71 келіде Асланбек Шымбергенов барады.

Наурыз айында 33 жасқа толатын Данияр Елеусінов 2018 жылы кәсіпқой боксқа бет бұрып, 11 рет жеңіске жетті. 2021 жылдың желтоқсанында IBO нұсқасы бойынша жартылай орта салмақта әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика