«Қазір қазақ халқы қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп жатыр. Батыс, солтүстік өңірдегі халықтың бұл жеңіс кішкене де болса еңсесін көтереді деп ойлаймын. Біз біргеміз деп айтқым келеді.Ал белдесулерге келер болсам, қытайлық Хабиламен кездесетінімді білдім. Себебі, бізде рейтинг бар. Сол бойынша, ирандық балуанның басқа топқа түсетінін білдім.Хабиланы осымен үшінші рет жеңдім. Екеуміз бір-бірімізді жаттап алғанбыз. Көптен күткен лицензия қоржынға түсті. Өте қуаныштымын», - деді Ерғали.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Қарымбек Махамбетов Әлішер Ерғали жолдама алып келсе, Олимпиадаға өзі баратынын айтқан болатын.
«Азия чемпионатынан соң Ризабектің сұхбатын көрдім. Ол егер Әлішер Ерғали лицензия ала алмаған жағдайда ғана бақ сынауға дайынмын деді. Дұрыс айтады, себебі, әрбір балуан босаңсып кетпеуі керек. Оның сөзін қате түсінбеңіздер», - деді Қарымбек Махамбетов.
Еркін күрестен тағы бір жолдамаға 125 келідегі Юсуп Батырмұрзаев иелік етті. Аса ауыр салмақтағы балуан жартылай финалда бахрейндік Шамиль Могамед Шариповты 7:3 есебімен жарыс жолынан тайдырып, Париж Олимпиадасына жолдаманы қалтасына басты.
Батырмұрзаев осымен екінші Олимпиадасына қатыспақ. Бұған дейін ол Токио ойындарында бақ сынаған.
Қазір еркін күрестен үш жолдама бар. Жоғарыда екеуінен бөлек, былтыр әлем чемпионатында 86 келідегі Азамат Дәулетбеков қол жеткізген еді.
Қалған үш салмақта әзірге жолдама жоқ. Өкінішке қарай, 57, 65 және 74 келі салмақтағы жігіттеріміз межеден шыққан жоқ. Алғашқы екі салмақта жолдама алу қиын болатынын мамандар да атап өткен. 57 келідегі ел чемпионы Ерасыл Мұхтарұлы бірінші белдесуде үндістандық Аман Аманға есе жіберді. Ал 65 келідегі Маис Алиев қытайлық балуанмен терезесі тең өнер көрсетсе де, тартысты жекпе-жекте жеңімпаз бола алмады. 74 келідегі Нұрғожа Қайпанов болса, олимпиадалық салмақта әлі де көзге түсе алар емес.
Қыздардан бірде-біреуі жолдама қол жеткізбеді. Ең басты үмітіміз Жәмилә Бақбергенова жартылай финалда қытайлық қарсыласына 1:5 есебімен жол беріп, жеңіліс тапты. Тәжірибелі балуан Жұлдыз Ешімова (53 келі) жартылай финалда Солтүстік Корея спортшысынан 0:4 есебімен ұтылып қалды.
Жас спортшы Лаура Ғаниқызы (50 келі) жартылай финалда Азия чемпионатының алты дүркін жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Винеш Винешке шамасы жетпеді.
Лаура Ғаниқызы 19 жастағы спортшы. Бапкерлер ел чемпионатындағы жеңісінен соң Лаураға сенім артқан болатын.
Грек-рим күресінен қайта үш балуанымыз жолдамаға қол жеткізді. Айдос Сұлтанғали (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі) Парижге баратын болды.
Айдос жартылай финалда Қытайлық Тайпей балуанын айқын басымдықпен жеңді.
Айта кетелік, Айдос әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы.
Демеу болса, жартылай финалда Оңтүстік Корея балуанын 5:2 есебімен қапы болды. Ал Әлімхан Сыздықов жартылай финалда Қырғызстан өкілі Роман Кимді жеңіп, Париж Олимпиадасының лицензиясын иеленді.
Өкінішке қарай, 67 (Мейіржан Шермаханбет) және 97 келі (Олжас Сырлыбай) салмақтағы балуандар сенімді ақтамады.
Соңғы әлемдік іріктеу мамыр айында Түркияның Стамбұл қаласында өтеді.