Вернуться к списку статей

Батырлан Мұратов атындағы матч. «Барыс» жеңіске жетті

Хоккей
282

«Барыстың» анда-санда жеңетіні бар. Бүгін сондай бір сирек қуанышқа кенелдік. Елорда команда өз айдынында Ресейдің «Северсталь» (Череповец) командасынан басым түсті.

Ойынның алдында «Барыс» Шығыс Конференциясында 11-орында тұрған. Ал ресейлік команда Батыс Конференциясында 8-орынға жайғасқан болатын.

Бас бапкер Ғалым Мәмбетәлиев мына құрамға сенім артты: Паскуале (Шутов), Скленичка-Ножье, Барбер-Апальков-Оберг; Бекетаев-Шалапов, Савицкий-Шестаков-Мұратов; Гайтамиров-Королёв, Өмірбеков-Червени-Рахманов; Нұрғалиев-Никитин, Мусоров-Гурков-Оспанов.

Матчтағы алғашқы голды қонақтар салған еді. Осыдан кейін тағы жеңіле ме деп едік. Абырой болғанда екінші кезеңде естерін жинады. Әсіресе, жақында отбасын құрған Батырлан Мұратов ерледі. Бұған дейін «Куньлунь Ред Стар» командасымен өткен ойынның антиқаһармандарының бірі бұл жолы бірден төрт голға өз үлесін қосты. Алдымен одан пас алған Әділбек Бекетаев 27-минутта шайба соқса, Кирилл Савицкий 29-минутта көздеген «Барысты» алға шығарды. Одан кейін өзі белсеніп, қатарынан екі шайба салды.

Осылайша «Барыс» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті. Нәтижесінде қатарынан үш мәрте жеңілістен кейін сәтсіздіктер сериясы тоқтады.

Енді елордалық клуб алдағы ойынын 16 қарашада Ресейде «Трактор» (Челябі) командасымен жолығады.

«Барыс» (Астана, Қазақстан) – «Северсталь» (Череповец, Ресей) – 4:1

Шайба:
0:1 16:12 Коростелёв (Буренов, Степанов).
1:1 27:19 Бекетаев (Мұратов).
2:1 29:58 Савицкий (Мұратов, Бекетаев).
3:1 32:56 Мұратов (Шестаков, Савицкий).
4:1 50:42 Мұратов.



Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика