Вернуться к списку статей

«Барыс» екі ойын қатар жеңуді үйреніп келеді

Хоккей
312

Астананың «Барысы» екі матчты қатарынан жеңуді үйреніп келеді. Бұл жолы олар Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің) командасынан басым түсті.

«Барыстың» жағдайы аса жақсы емес екенін бәрі біледі. Плей-оффтың ауылы алыс. Команда Шығыс Конференциясында 11-орыннан көтеріле алар емес. Әйтеуір тек «Адмиралдан» ғана озып тұр.

Ғалым Мәмбетәлиев бас бапкер болғалы алдымен екі матчты жеңді. Сосын үш ойында есе жіберді. Әсіресе, «Локомотивтан» 0:6 есебімен ойсырай ұтылуы ауыр соққаны белгілі.

Сол үш матчтағы сәтсіздіктен кейін команда қайта жинай бастады. Бұған дейін «Сочидің» осал тұсын тапқан.

Ал аты қытайлық, заты ресейлік ойыншылардан құралған «Куньлунь Ред Стармен» кездесуде 7-минутта Давид Скленичка «Барысты» алға шығарды.

Екінші кезеңнің 22-минутында «Куньлунь Ред Стар» сапынан Нолан Мойл таразы басын теңестірді.

Бұдан кейін ойын қыза түсті. Михаил Рахманов 24-минутта «Барысты» қайтадан алға шығарса, қытайлық клубтан Девин Броссо 53-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Барыстың» жолы болды.

Енді астаналық клуб 24 қазанда Ресейдің «Автомобилистімен» (Екатеринбург) кездеседі.

«Куньлунь Ред Стар» (Бейжің, Қытай) – «Барыс» (Астана, Қазақстан) – 2:3 Б (0:1, 1:1, 1:0, 0:0, 0:1)

Шайба:
0:1 07:32 Скленичка (Рахманов, Борисевич).
1:1 22:53 Мойл.

1:2 24:37 Рахманов.
2:2 53:42 Броссо (Меркли, Мойл).
2:3 65:00 Мусоров. Буллит

Қақпашылар:Смит Паскуале

Тәртіп бұзу: 10:4 (0:0, 6:2, 2:0, 2:2).


Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика