Вернуться к списку статей

Қазақ боксына үлкен реформа қажет - Ермек Маржықпаев

Бокс
3K
Елордада Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен биылғы Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынға президент әкімшілігінің, Үкімет аппаратының өкілдері, депутаттар, Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері, сала ардагерлері, Олимпиада жүлдегерлері, белгілі спортшылар мен жаттықтырушылар, өңірлік басқармалардың, федерациялардың, ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары, қоғамдық бірлестіктердің және БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы жиында сөз алған Ермек Маржықпаев Париж Олимпиадасына жерлестеріміз 25 спорт түрінен қатысып, соның тек бесеуінен ғана медаль бұйырғанын атап өтті. Яғни, алтынды – дзюдо, күмісті – бокс, спорттық гимнастика, грек-рим күресі, қоланы – дзюдо, бокс, нысана көздеу спортшылары жеңіп алды.
Париждегі Олимпиадаға 67 жаттықтырушы және кешенді ғылыми топтың 15 өкілі барды. Осылайша, биыл ел тарихында алғаш рет дәрігерлер мен жаттықтырушылар саны спортшылардан асып түсті.

«Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазғы Олимпия ойындарының жүлдегерлерімен кездесті. Ел намысын қорғаған спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Спортқа жүйелі қолдау көрсетіп, жан-жақты дамыған, салауатты ұлт қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Бізге жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижені жақсарту керек. Біз үшін дәстүрлі саналатын спорт түрлерінен дайындық әлсіз, нәтиже нашар болып шықты», - деді министр.

Сала басшысы жиында федерациялардың халықаралық спорт ұйымдарында өкілдігін арттыру, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі төрешілерді даярлау бойынша жұмысты бастау керек екенін айтты. Қазіргі таңда жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша республикалық федерациялардың тек 16 қызметкері (35%) халықаралық федерацияларға мүше. Сондай-ақ еліміздегі 46 жазғы Олимпиада спорт түрлерінде халықаралық санатқа ие 413 төреші бар.

Сондай-ақ Ермек Маржықпаев Олимпиадаға дайындық барысында әр федерациямен, бапкерлік штабпен кездесулер өткізіп, олардан медаль жеңіп алуға міндеттеме алғанын еске салды. Алайда, бірнеше федерация өздеріне тиесілі міндеттеме үдесінен шыға алған жоқ.

Мәселен, бокстан ерлер құрамасы Парижде 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль олжалауға уәде берген еді. Ал іс жүзінде былғары қолғап шеберлеріміз 1 күміс жүлде еншілеп, қатарынан екінші Олимпиадада алтынсыз қалды.

«Біздің боксшылар Олимпиадада 1996 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Бүгінге дейін төрт жылдықтың басты додасына 61 спортшы қатысып, 22 медаль жеңіп алды. Парижде былғары қолғап шеберлеріміздің сәтсіз өнер көрсетуінің негізгі себебі – функционалдық дайындықтың нашар болуы. Мәселен, біздің жігіттер бірінші раундтан кейін шаршап қалып жатса, қарсыластары үш раунд бір қарқынмен жұдырықтасып шықты. Боксқа үлкен реформа жүргізу керек. Қазан айында облыс біріншіліктерін өткізіп, халықаралық жарыстарға қатысатын боксшыларды іріктеу қажет», - деді министр.

Сонымен қатар жеңіл атлетика федерациясы мен стенд ату – 1 күміс медаль алуға уәде берген болса, теннисшілер – 1 алтын, еркін күрес, семсерлесу, таэквондо және батуттағы гимнастика федерациялары кемінде 1 қола медаль аламыз деп айтқан еді. Ал велошабандоздар Алексей Луценко мен Евгений Федоров Парижде сәтсіз өнер көрсетсе, ауыр атлетика спортшылары допинг жанжалдарына байланысты ойындарға мүлде қатыса алған жоқ.

Париж Олимпиадасына барған ұлттық құрама спортшыларының қатарына 17 өңірдің өкілі енді. Ең көп жолдамаға Алматы (17), Астана (14) және Шымкент (12) қаласының өкілдері қол жеткізсе, Қостанай, Ұлытау және Маңғыстау облыстарының спортшылары бірде-бір лицензия иелене алмады.

Ермек Маржықпаев аталған облыстардың спорт басқармасы басшыларына ұлттық құрамаға спортшы және резерв дайындауда шетте қалып қоймай, белсенді жұмыс істеу керек екенін айтты. Сондай-ақ Жергілікті атқарушы органдар олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріп, саланы дамыту саясатын қайта қарауы қажет.

«Қазірден бастап мүдделі тараптармен бірге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. 2025 жылы Харбинде (Қытай) 9-шы қысқы Азия ойындары, 2026 жылы Милан мен Кортина-дАмпеццо (Италия) қалаларында қысқы Олимпиада өтеді. Ұлттық құраманың дайындығын күшейту қажет», - деді Ермек Маржықпаев.
Яндекс.Метрика