Вернуться к списку статей

«Астана» легионерлерден құтылып жатыр. Дарбо кетті, Томасов ше?

Футбол
117

«Астана» футбол клубында құрамды тазалау жүріп жатыр. Жаңа маусымда көмектері тимейді-ау деген футболшыларды қайтара бастады. Әзірге клубтың ең үздік сұрмергені Марин Томасовтың тағдыры ғана белгісіз.

Хорватиялық футболшы биыл 37 жасқа толады. Оның бұрынғыдай команданы алға сүйреуге физикалық тұрғыда шамасы жете бермейтінін былтыр байқадық. Бірақ клуб басшылығы әзірге Маринге қатысты шешім қабылдауға асығар емес.

12862

Есесіне, гамбиялық шабуылшы Дембо Дарбо кетті. Футболшы елорда клубында барлық турнирді қоса алғанда 42 матч өткізіп, 11 гол соқты. Сонымен қатар екі нәтижелі пасы бар.

Футболшы Біріккен Араб Әмірліктерінің «Әл-Наср» клубынан жалға алынған. Бұл Криштиану Роналду ойнайтын «Әл-Насрға» қатысы жоқ. «Астана» футболшының жалға алу мерзімін ұзартпады. Сірә, оларға да ойыны ұнамаса керек. Дарбо әсіресе еурокубокта біраз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмай, жанкүйерлердің қытығына тиген футболшы.

12860

Сонымен қатар босниялық жартылай қорғаушы Степан Лончардың жалға алу мерзімі аяқталды. Бұл ойыншы Венгрияның «Ференцварош» клубынан келген.

Степан Дембоға қарағанда жанкүйерлердің көңілінен шықты. Ол өткен жылдың шілде айында келіп, біраз жақсы ойын өткізді. Жалпы, 18 матчқа қатысты. Сол аралықта бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді.

Черногориялық қорғаушы Жарко Томашевич те енді «Астанада» ойнамайды. Осымен екінші рет кетіп отыр. Ең алғаш 2019 жылы командаға қосылған. Сосын кейін Қостанайдың «Тобыл» клубында доп тепті. Енді оған Алматының «Қайраты» қызығушылық танытып отыр деген сыбыс бар.

12861

Томашевич «Астанада» жүлденің бәрін ұтты. Еурокубок ойындарының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Жалпы, 78 матчта 7 рет мергендік танытыпты.

Қазақстан футболшылардан Аслан Дарабаевтың да «Астанамен» жолы екіге айырылды. Ол 50 ойында үш рет көзге түскен.

12859

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика