Вернуться к списку статей

Алыптар айқасы немесе Усик пен Фьюридің екінші жекпе-жегінде кім жеңіске жетеді?

Бокс
474
Бүгін түнде украиналық Александр Усик пен британдық Тайсон Фьюри екінші жекпе-жектерін өткізеді.
 
Қазіргі таңда бүкіләлем бокс жанкүйерлерінің назары Сауд Арабиясының Эр-Рия қаласына ауып тұр. Өйткені ауыр салмақтағы жаһанның қос мықтысы екінші рет шаршы алаңда кімнің мықтыны анықтайды. Екі боксшы арасындағы алғашқы жекпе-жек биылғы 18 мамырда өтіп, Александр Усик төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жеткен еді. Сондай-ақ украиналық боксшы төрт белдікті иеленіп, аса ауыр салмақтың абсолютті әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын.

Усик пен Фьюри екінші жекпе-жек туралы не деді?

Бүгін Усик пен Фьюри екінші кездесу алдындағы соңғы баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы айқас туралы өз ойларын айтты.

Александр Усик: «Бұл мен үшін бірінші жекпе-жектің жалғасы сияқты. Яғни, Фьюримен екінші рет кездесіп жатсам да, айқас 13-раундтан басталады. Бірінші кездесуде оның мені жеңуге мүмкіндігі болды. 6-раундта немесе 7-раундта... Мүмкін, 11-ші немесе 12-раундта... Тіпті 1-ші немесе 2-раундта да... Бірақ ол өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Қазір бәрін айта беруге болады. Ол да, мен де мерзімінен бұрын жеңіске жетуіміз ғажап емес. Бұл қиын шаруа емес. Оны екінші рет жеңуге тырысамын... Бұл біз үшін де, бокс жанкүйерлері үшін де керемет айқас болмақ. Мен бұл жолы да жеңіске жетіп, оны тағы да тығырыққа тіреймін. Өйткені бұл менің жоспарым. Мүмкін, біз басқаша жекпе-жек көрсетерміз. Бірінші кездесуді қайтадан қарап шықтық, біз бір-біріміз туралы жақсы білеміз. Менде бұл кездесуге дайындаған жаңа құпиям бар».

Тайсон Фьюри: «Жекпе-жекке дайындаған жоспарым қарапайым – сайқымазақты нокаутқа түсіру. Сол-ақ! Өткен жолы мен бәрін дұрыс жасаған болатынмын. Бірақ жеңіске жете алмадым. Бірінші жекпе-жегіміз өте тартысты болған еді. Бұл жолы рингке басқа боксшы болып шығамын. Иә, осы жолы Усикке қарсы басқа адамды көресіздер. Бірінші айқаста мен бар болғаны 40% мүмкіндігімді көрсеттім. Ал осы жолы 100 емес, 110 пайызға дайынмын. Мен сылтау айтпайтын адам емеспін. Бірақ ол жолы рингке шыққан нағыз Тайсон Фьюри емес еді. Шын Фьюридің өнеріне ертең куә боласыздар. Мен оны нокаутқа түсіре аламын ба? Жоқ! Мен оған сенбеймін. Мен оны жақсы білемін. Мен бұған дейін бірнеше мәрте өзімді дәлелдедім. Ал осы жолы шоу көрсету үшін және бірінші кездесуде жоғалтқанымды, есемді қайтару үшін келдім».

Сарапшылар не дейді?

Қазір аузы дуалы бокс мамандары мен кәсіпқой бокс шеберлері жекпе-жек алдында өз пікірлерін ортаға салып, болжамдарын жасап жатыр.

Мәселен, Усиктің бұрынғы қарсыласы Энтони Джошуа бұл жолы да Усиктің жеңіске жететініне сенімді. Британиялық боксшы Усикті өте шебер боксшы және қазіргі таңдағы ең мықты былғары қолғап шебері деп есептейді. Сондықтан мен оны жеңімпаз ретінде көретінін айтады.

Ал Фьюридің бұрынғы қарсыласы Диллиан Уайт бұл жолы Фьюри жеңіске жетеді деп есептейді. Оның айтуынша, Фьюри үнемі қарымта айқастарды жақсы өткізеді.

Кіші Рой Джонс: «Фьюри Усикті жеңе алады деп ойламаймын. Бірінші айқаста Тайсонның жеңіске жетуі мүмкіндігі көп еді. Бірақ енді Усик Тайсон Фьюриді жеңе алатынын түсінді. Ол бұған дейін де білетін, бірақ осы жолы толық көз жеткізді. Кішірек жігіт енді үлкен жігітке зиян тигізе алатынын біледі. Усик – реванштың фавориті».

Майк Тайсон: «Бірінші кездесуде Усик бәрін таң қалдырды. Бірақ менің ойымша, Фьюри жекпе-жек барысында өзін жақсы қырынан көрсете алды. Осы жолы Тайсон қарсыласына байыппен қарауы керек. Сонда, нәтиже басқаша болады».

Дмитрий Бивол: «Меніңше, реванш бірінші кездесуге ұқсас болады. Маған екі боксшы да ұнайды. Дегенмен, Усик жеңіске жетеді деп ойлаймын, бірақ біз Тайсон Фьюриден не күту керегін ешқашан білмейміз».

Баду Джек: «Меніңше, біз бұл айқаста нокаут көреміз. Кім жеңетіні белгісіз, бірақ менде сондай сезім бар. Егер нокдаунды есепке алмасақ, бірінші жекпе-жек өте тартысты болды. Мен Фьюридің бұрышында, оның командасымен болдым. Сондықтан нақты болжам айтсам, менікі әдепсіз болар. Бірақ мен екеуін де жақсы көремін, екеуі де тамаша чемпиондар. Ең мықтысы жеңсін!»

Мэнни Пакьяо: «Екі боксшының да жеңіске жетуге мүмкіндігі бар, бірақ бәрі олардың жаттығуларына байланысты. Ең алдымен, Фьюри бабында болуы керек. Егер ол бабында болса, онда оған жеңіске жету жеңіл болады. Бірінші кездесуде Тайсон шынымен де 100% барын салмады».

Роберт Гарсия, жаттықтырушы: «Бірінші жекпе-жек өте керемет болды. Бәлкім реванш одан да керемет болатын шығар. Менің ойымша, қос тараптың күші тең. Тіпті Усик бірінші кездесуді жеңгеніне қарамастан, оған өте қиын болды. Егер Тайсон Фьюри реваншқа жақсырақ дайындалып немесе сәл басқа стратегиямен шықса, ол жеңіске жетуі мүмкін. Мен, тіпті, үшінші кездесуді көретін болсақ та таңғалмаспын».

Эдди Хирн, промоутер: «Меніңше, жанкүйерлер бірінші кездесудің қаншалықты тартысты болғанын ұмытып кеткен... Мен сенбі күні тағы да өте тартысты айқас күтемін. Ал бұл жолы Тайсон Фьюридің бағы жанады деп ойлаймын. Оған бірнеше себеп бар».

Тедди Атлас, сарапшы: «Мен Усикке сенемін. Ол бұл жолы да жеңеді. Білесіздер ғой, ол жеңістің кілтін табатын жігіттердің бірі. Бұл оның ДНК-сында бар. Өйткені ол бұған дейін ешқашан жеңілмеген. Бірінші айқаста рингте кім көбірек күш жұмсады? Ол – Фьюри. Егер мен қателеспесем, Усик реваншта жеңеді. Әрине, екінші жекпе-жек екеуіне де өте қиын болатыны сөзсіз. Бірақ мен қайткенде де Усикке сенемін».
Яндекс.Метрика