Жеңіс пен жеңіліс, сенім мен сәтсіздік, қуаныш пен өкініш қатар жүретін спорт әлеміндегі тарихи оқиғаларды саралап, спортшылардың жеткен жетістіктерін қорытындылайтын сәт келді. Жеңіске жетіп, еліміздің көк Туын желбіреткендер де аз емес. Азия ойындары сияқты арасында өкінген кездеріміз де жоқ емес. Олардың барлығын тізіп шығу әсте мүмкін болмас, десек те, негізгілеріне тоқталмақпыз.
Тарихтағы тұңғыш алтын
Туризм және спорт министрлігі «Жылдың ең үздік спортшысы» деп танымаса да, сөзсіз биылғы қазақ спортындағы ең басты жетістік – балуан Ризабек Айтмұқанның алтыны.
Ол өз есімін Қазақстан тарихында қалдырды. Себебі, Ризабек – биыл Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында алтын жүлде иеленіп, еркін күрестен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық спортшы болды.
Еркін күрестен 92 келіге дейінгі салмақтың финалында Ризабек əзербайжандық Осман Нурмагомедовпен күш сынасып, жеңіске жетті.
Жалпы егемендік алғаннан бері өкінішке қарай, әлем чемпионатында еркін күрестен алтын бұйырмап еді. Ризабек сол алтынды алған тұңғыш әрі ең жас қазақстандық палуан болды.
Семсерлесу спортындағы қуаныш
Олимпиадалық спорт түрі саналатын семсерлесуден биыл біраз жүлде жинадық. Түркияда өткен әлем кубогінде Қазақстан командасы тарихта тұңғыш рет шпагадан командалық жарыста топ жарды. Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов еліміздің әнұранын ойнатып, туын желбіретті. Ал Миланда өткен әлем біріншілігінде Руслан Курбанов шпагамен семсерлесуден қола медаль иеленді. Бұл – аталған спорт тарихында Қазақстанның әлем чемпионатында жеңіп алған алғашқы жүлдесі.
Азия ойындарындағы сәтсіздік
23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында жазғы Азия ойындары өтті. Қазақстаннан 500-ден астам спортшы барды. Бірақ алтыны аз Азиада болды. Ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленді. Қазақстан бұл жолы байрақты бәсекені 11-орынмен аяқтады. Бұл тарихтағы ең төменгі нәтиже. 1994-2014 жылдар аралығында жерлестеріміз 5-орыннан төмен түспеген. Тек 2018 жылы тоғызыншы, 2023 жылы 11-орынға дейін сырғып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажеттігін айтты
Бокстағы бір қуаныш пен бір өкініш
Биыл боксшыларымыз Ташкентте өлем чемпионатында қуантты. Төрт алтын, бір күміс жүлде бұйырды. Санжар Тәшкенбай (48 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) чемпион атанды. Дулат Бекбауов (63,5 келі) күміс медаль иеленді.
Өкінішке қарай, Азия ойындары сәтсіз аяқталды. Осымен, екінші жазғы Азия ойындарынан алтынсыз қалдық.
Дзюдодағы құлдырау
Дзюдо федерациясын мақтайтындар бар. Бірақ биылғы жұмыстары көңілден шығатындай болған жоқ. Әлем чемпионатынан жүлде жоқ. Азия ойындарынан алтын болмады. Алда Париж Олимпиадасы тұр. Не болатынын ойлаудың өзі түсініксіздеу.
Жәнібек желпінтіп тұр
Орта салмақта WBO және IBF чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) биыл да жанкүйерлерін қуанта білді. Ол соңғы рет 15 қазанда германиялық Винченцо Гуальтьериді (21-1-1, 7 КО) техникалық нокаутпен жеңді. Сол үшін 400 мың гонорар алды.
Футболдағы үміт
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңінде соңғы сәтке дейін бізді үміттендерді. Тіпті, Словениямен өткен ойында да соңғы минуттарға дейін тікелей жолдама алып кетуіміз ықтимал секілді көрінген. Дегенмен, футболда үнемі сәттілік пен бірлік ғана көмектесе бермейді. Бұл жолы тікелей жолдамадан қағылдық. Бірақ бізде әлі бір үміт бар. Ол Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы Германияға жолдама алу.
Қазақстан Еуро-2024 іріктеу кезеңінің H тобында 6 матчты жеңіп, 18 ұпай жинады. Бұл жаңа рекорд. Бұрын-сонды әлемдік доданың іріктеу додасындп мұншалықты ұпай жинамағанбыз. Біздің топтан Дания мен Словения тікелей жолдама алды.
Футзалдан әлем чемпионатына жолдама
Есесіне, футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Кака шәкірттері әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Румыния, Әзербайжан және Нидерланд құрамаларымен бірге А тобына түскен. Алты турдан кейін ұлттық құрама 100 пайыздық көрсеткішпен 18 ұпай жинады.
Айта кетсек, ел құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсті. Олар 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.
Милад Каримидің жүлдесі
Бельгияның Антверпен қаласында өткен спорттық гимнастикадан 52-ші әлем чемпионатында Милад Карими қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама көшбасшысы еркін жаттығудың финалында 14.600 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді. Бұл қазақ гимнастарының 1997 жылдан кейін әлем чемпионатында қол жеткізген жүлдесі. Ол кезде Сергей Федорченко Лозаннадағы додада бағанадан секіруден чемпион атанған.