Вернуться к списку статей

"Қызыл-Жарды" жеңген "Шахтер" бесінші орыннан бір-ақ шықты

Футбол
1K
Теміртауда Қарағандының «Шахтері» араға тоғыз жыл салып, Премьер-лигаға оралған «Қызыл-Жарды» 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Турнир кестесінде «Атыраумен» бірге соңғы орынды бөлісіп тұрғанымен «Қызыл-Жардың» ойыны мазмұнды. Әр ойынды есепті бірінші болып ашып, қарсыласының жүйкесін жұқарта алады. Алматыда «Қайратты» біраз әбігерге салған. Шымкентте «Ордабасыны» орға жығып кете жаздаған. «Тобылға» қарсы да жап-жақсы ойнады. Дегенмен, футболшыларының физикасы әлсіз бе, әлде тәжірибе жетпей жата ма, әйтеуір үзілістен кейін тізгінді қарсыласына беріп қойып жатады. Осы жолы бас бапкері Никола Спасов бар күшті екінші таймға салу керек деп шешсе керек, матчтың екінші жартысын «Қызыл-Жар» өте керемет өткізді. Алайда, ойынның алғашқы он минуттығында-ақ қақпасына екі гол жіберіп алған қонақтар тым кеш оянғандарын өздері де білмей қалды.

«Шахтёр» (Қарағанды) – «Қызыл-Жар» 2:1 (2:0)

Голдар: Кояшевич, 5 (1:0). Мигунов, 9 (2:0). Пуношевац, 90+1 (2:1).

Ескертулер: Гогуа 14, Савченко 45+1, Тарасов 51, Ступич 57, Попхадзе 90.

«Шахтёр»: Шацкий, Ткачук, Мужек, Мигунов (Жақыпбаев 90+3), Володько, Кояшевич, Стоянович (Суботич 73), Тарасов (к), Пикалкин, Шахметов, Шафф (Өміртаев 75).

Резерв: Дүйсен, Вух, Габышев, Құлбеков, Мангуткин, Наджарян.

«Қызыл-Жар»: Зәкіров, Ступич (Пуношевац 59), Венков, Гогуа, Делич, Коронель, Попхадзе, Алтаев (Мульдинов 22), Шабаев (Савченко 41), Мулдаров, Аитов (к).

Резерв: Цирин, Григалашвили, Сұлтанов, Аяғанов, Әлиев, Гунченко.

Төрешілер: Омаров, Шабанов (бәрі де – Алматы), Тасыбаев (Павлодар).

Теміртау қаласы, «Металлург» стадионы. 1200 көрермен.

Есепті бесінші минутта-ақ Дамир Кояшевич ашты. Қаратаудың баурайынан келген легионер допты Марат Шахметовтен қабылдады да, айып алаңына кірмей-ақ сол аяқпен қақпаға шірене тартты. «Красава» (бұл доптың атауы) қақпаның тоғыздығына бір-ақ қадалды.

Арада бес минут өтпей жатып, алаң иелері «Қызыл-Жар» қақпасына екінші голды соқты. Бұл жолы Сергей Шафф допты оң қапталдан сүйрете отырып, біраз жүгірді де, қарсы қаптал арқылы жүгіріп келе жатқан украиналық Александр Мигуновтың аяғына салып бере салды. Есеп 2:0.

Дегенмен, қонақтар еңсе түсірген жоқ. 22-ші минутта «Қызыл-Жардың» бас бапкері Никола Спасов алаңнан қорғаушысы Олжас Алтаевты алып тастап, шабуылшы Тимур Мульдиновты шығарды. Бұған дейін қатарынан екі кездесуде гол соққан Тимурды болгар бапкері аздаған жарақаты үшін бұл матчта негізгі құрамда шығармаған. Алайда, 0:2 есебінен кейін бар көзірін ортаға салу қажет болды. Нәтижесінде, ойынның соңғы минутында петропавлдықтар таблодағы көрсеткішті қысқарта алды. Бірақ, гол авторы – серб Братислав Пуношевац.

Енді келесі турда «Қызыл-Жар» өз алаңында «Жетісуды» қабылдайды. Бәлкім, алғашқы жеңісіне сол ойында қол жеткізер. Ал «Шахтер» 5-ші турда маусымның тағы бір аутсайдері «Атырауға» қонаққа барады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика