«Ертіс» қонақтарына бір-ақ тайм төтеп берді. Азулы қарсыласына дес бермеді. Әйтсе де, бірінші таймның соңына қарай өз қақпаларына гол жіберіп алды. Астана қарсы шабуыл ұйымдастырып, Марин Томасов оң қапталмен «Ертістің» қорғанысын бұзып өтті де, допты Бахтиер Зайнутдиновтың аяғына салып берді. Жас футболшы сол аяғымен шірене теуіп, есеп ашты.
Екінші таймда алаң иелері әлгі қателіктерін түзеуге, «кездейсоқ» соғылған голдың қарымын қайтаруға тырысты. Тайлы-таяғымен алға қарай ентеледі. Сөйтіп қорғанысты ұмытып, қонақтарының көсіле сілтеулеріне мүмкіндік беріп қойды. «Астана» футболшыларының екпін алып жүгірулеріне, жан-жақтарына қарап пас берулеріне жол беріп алды.
Осылай, «Астана» қарсы шабуылдар ұйымдастырып, тез қимылдап, тағы да екі гол соқты. Екеуін де Зайнутдинов салды. Әуелі «Ертістің» қақпашысы мен қорғаушысын алдап кетіп, оларды жасыл желек үстіне аунатып салып, есепті еселеді. Одан кейін Роман Муртазаевтың тамаша пасын түйіндеп, қақпашы мен қорғаушылардан айласын асырды.
Үшінші голдан кейін «Ертістің» еңсесі түсіп кеткендей болды. Олар енді алаң ортасында да қателесе бастады. Ойламаған жерден доптан айырылып қалды. Ал «Астана» жігіттері тағы да жіті қимылдап, шапшаң ойлап, төртінші голды соқты. Бұл жолы Зайнутдинов Муртазаевқа тамаша пас беріп, қақпашымен бетпе-бет шығарып жіберді...
Алаң иелерін ірі есеппен жеңіп жатса да, «Астана» тізгінін тартпады. Оң қапталда атой салған Томасов тағы да «Ертістің» қорғанысын бұзып-жарып, допты Юрий Перцухтың аяғына салып берді. Зайнутдиновтың орнына шыққан жас ойыншы жерге қаратқан жоқ. Допты қақпаға дәл бағыттап үлгерді.
Көп ұзамай Хорватия легионерінің өзі де гол соқты. Алаң иелері тағы да алаңның ортасында доптан айырылып қалып, Иван Маевский адам қызығарлық пасымен Томасовты алға шығарды. Ал Марин қарсы алдындағы екі қорғаушыны алдамшы қимылдарымен сұлатып салып, теңбіл допты қақпа ішінде тулатты.
Алайда ойын соңында «Астана» да қателесті. «Ойын осымен бітті» деп ойлады ма, соңғы минутта алаң иелерінің шабуыл ұйымдастыруларына, әрі Эдди Эрнандестің қақпаны асықпай нысанаға алып, шірене тебуіне мүмкіндік беріп қойды. Еурододада ойнайтын команда үшін соңғы секундтарда гол жіберген жақсы емес, әрине...
Шыны керек, ешкім де «Ертіс» өз алаңында дәл осылай ойсырай ұтылады деп ойламаған шығар. Оны айтасыз, тіпті «ел чемпионы Ертіс жағасында сүрініп, ұпай жоғалтады» дегендер де болып еді. Бірақ «Астана» айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ал Павлодар клубына ойланбаса болмайды...
«Ертіс» – «Астана» – 1:6 (0:1)
Голдар: Зайнутдинов, 39 (0:1). Зайнутдинов, 50 (0:2). Зайнутдинов, 61 (0:3). Муртазаев, 65 (0:4). Перцух, 70 (0:5). Томасов, 88 (0:6). Эрнандес, 90 (1:6) .