Вернуться к списку статей

"Қайрат" легионерлерді қандай әдіспен таңдайды?

Футбол
1K
Маусымның басталғаны енді ғана Алматының «Қайраты» екі легионерімен қоштасып үлгерді. Олардың орнына шетелден тағы төрт ойыншы алдыртты. Қаншалықты мықты, қажетті ойыншылар?

Бірден айта кетейік, әзірге алматылықтар турнир кестесінде 7 ұпаймен үздік үштікте келеді. Шымкентте «Ақтөбемен» тең түскені болмаса, алғашқы екі турда максимум ұпайдан алған. Яғни, алаңдауға еш себеп жоқ. Дегенмен, маусым бастала салып екі легионерімен қоштасуы – жанкүйерлердің көкейіне біраз сұрақ ұялатқаны рас.

Былтырғы маусымда негізгі құрамда ойнаған үш легионерімен өткен жылдың соңында-ақ қоштасқан. Шынын айтқанда, үшеуі де тәжірибелі, «Қайраттың» ойынына әбден төселген ойыншылар еді. Серб Жарко Маркович пен испаниялық Сесар Арсо қорғанысты цементтесе, шабуылда Жерар Гоу голдарды топырлата соққан.

Олардың орнына былтыр «Қайрат А» сапында Бірінші лигада ойнаған ивуарлық Седрик Гогуаны негізгі құрамға ойыстырды. Сондай-ақ, алаң ортасына Исламхан мен Аршавинге серіктес, әрі бәсекелес болсын деп соңғы екі жыл Испанияның үшінші дивизионында доп тепкен Гай Ассулинді алдыртқан. Ал алғы шепке Уругвайдан Уго Сильвейраны әкелді.

Алайда, соңғысы ғана әзірге шыдап жүр. Өткен турда «Қайрат» сапындағы алғашқы голын соқты. Ал өзге екеуімен екінші турдан кейін-ақ қоштасты. Алдымен Гай Ассулинді жіберді. «Израильдік Месси» деген лақап атқа ие жартылай қорғаушы алдымен Суперкубок үшін өткен кездесуде алаңға 68-ші минутта шыққан. Одан кейін бірінші турда негізгі құрамнан орын алғанымен ойыны ұнамай қалды-ау, үзіліс кезінде бас бапкер Карлос Алос Феррер «Месси-сымақты» алып тастады. Содан молынан кетті. Ары қарай Ассулинді алаңнан көрген жоқпыз. Наурыздың соңына таман «Қайрат» футбол клубының ресми сайтында өзара келісімнен кейін келісімшартты бұзғандықтары жөнінда ақпарат шықты. Отбасылық себепке байланысты деп жазып қойыпты. Бірақ, сенімсіздеу. Қазақстанға келерінің алдында жартылай қорғаушы қайда бара жатқандығын, қанша уақытқа екендігін білмеді дейсіз бе? Одан да ойыны басшылыққа ұнамады деген жөн болар.

Енді Седрик Гогуа туралы. Ивуарлық қорғаушы «Қайратқа» былтыр келген. Бірақ, Бірінші лигада доп теуіп, биыл ғана негізгі құрамға ауыстырылды. Дегенмен, сол күйі алаңға шыққан жоқ. Әу баста келісімшарт 2+2 жүйесі бойынша жасалғанымен оны да үйіне қайтарды.

Ал олардың орнына «Қайрат» бір күннің ішінде үш футболшымен келісімшартқа отырып, үшеуін де «Қайрат А» командасына Бірінші лигаға жіберді. Оның бірі – Англияның төменгі дивизиондарында ойнаған 22 жасар жартылай қорғаушы Мартин Малондо, екіншісі Голландияның үшінші дивизионына ұшып кеткен бельгиялық жартылай қорғаушы Йорди Влегелс және үшіншісі 26 жастағы ганалық қорғаушы Гидеон Баа.

Бұл футболшыларды «Қайрат» қандай қасиеттері үшін алды екен? Көп ұзамай олармен де келісімшарт бұзылып жатса, таңғалмаймыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика