Вернуться к списку статей

Үшінші турға тұздық – Гол соғу қиындап барады

Футбол
1K
Үшінші турда гол соққан қазақ... Фото: fctobol.kz
Қазақстан премьер-лигасының үшінші турында 11 ғана гол соғылды. Орта есеппен әр ойында – 1,83... доптан.

Үшінші турдағы алты ойынның екеуінде алаң иелері жеңіске жетіп, тура осынша екі матчта қонақтар басым түсіп, қалған екеуі тең аяқталды. Қысқаша айтқанда, толықтай – тепе-теңдік. Әрі үш ойын бір доп айырмасымен аяқталды. «Астана» ғана Қызылордадан келген қонақтарын 2:0 есебімен ұтты.

Тур өткен сайын гол соғу қиындап барады. Бірінші турда 14 гол, ал екінші турда 13 гол соғылса, бұл жолы 11 доп қана салынды. Әрі тағы да бір доп автогол ретінде тіркелді. «Қайраттың» қорғаушысы Шелдон Бато допты өз қақпасына соғып алып, жаза басты.

Үшінші турда екі пенальти берілді. Бірақ «Ақжайықтың» тамырында Нигерия қаны соққан Украина легионері Хабиб Эсеола «Ертістің» қақпасына 11-метрден гол соға алмады. Оның қақпаның сол жақ бұрышына тепкен добын Никита Калмыков тойтарды.

Ал Сенегал саңлағы Абдуллай Диакате Атырауда өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Алаң иелерінің қақпашысы Владимир Логиновскийден айласын асырып, «Ордабасы» клубына үш ұпай әперді. Осы голдың арқасында Шымкент клубы жеңіске жетті.

Сонымен, үшінші турда 11 гол соғылды. Оның біреуі пенальтиден соғылғанын атап өтті. Тағы біреуі автогол ретінде тіркелгенін жоғарыда жаздық. Жалпы, бұл турда төрт голды легионерлер, басым көпшілігін, яғни жетеуін өз футболшыларымыз соқты. Бір қызығы бұл турда бір-ақ қазақ гол салды.

P.S.:  Айтпақшы, бірінші турда «Қайраттың» бразилиялық легионері Исаэль соққан гол Елдос Ахметовке аударылып, қайта тіркелді. «Қызыл-Жар» клубының қақпасына соғылған бұл голды төрешілер басында Исаэльдің атына жазған болатын.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика