Вернуться к списку статей

Бақтияр Мұхамбетқалиев: Аяғымды кеспесе, өмірімнен айрылар едім

Футбол
1K
Бақтияр Мұхамбетқалиев: Аяғымды кеспесе, өмірімнен айрылар едім немесе жас футболшы қалай аяғынан айырылды?..
Жазым аяқ астынан ғой. Кеше ғана доп теуіп, футбол ойнап, өз командасының вице-капитаны болып жүрген Бақтияр Мұхамбетқалиев бір-ақ күнде аяғынан айрылып, бүгінде өмірі түбегейлі өзгерді. Бірақ, тағдырдың тауқыметі спортшының сағын сындыра алған жоқ.

«Астана» футбол орталығының түлегімен елордадағы Параллимпиадалық спорт кешенінде кездестік. Кешен әлі ресми түрде ашылмаса да, құрылысы толық аяқталып қойыпты. Жақында пайдалануға берілмек көрінеді. Дегенмен, Бақтияр Мұхамбетқалиевтің жағдайын түсініп, өтінішін құп көрген кешен басшылығы спортшының осында еркін жаттығуына рұқсат беріпті. Дәл үзілісінің үстінен түстік. Кейіпкеріміз өте ашық жігіт екен. Сұхбат беруге бірден келісті. Бірақ, көңіліне тиіп кетпеуді ойлап, алдымен қандай сұрақтар қоюға болмайтыны жөнінде сұрап алдық.

– Кез келген сұраққа жауап беруге дайынмын. Бәрін де сұрай беріңіздер. Аяғымнан қалай айрылғанымды, қалай кескенін, өмірімнің қыл үстінде болғанын, бәрін-бәрін айтып беремін, - деп бастады Бақтияр.

– Ендеше алдымен балалық шағыңыздан бастасақ. Футболмен неше жасыңыздан бастап айналыстыңыз?

– Кішкентайымда футбол дегеннің не екенін мүлдем білмейтін едім. Астанаға алты жасымда көшіп келдік. Бастапқыда ішім пысатын. Үйде жалғыз отырып, зерікпесін деп шешем мені жеті жасымда хоккейге берді. Өте қымбат спорт түрі екен ғой. Шешемнің қалтасына қатты салмақ салды. Боксқа бармақшы едім, ол жақта да жаттығу ақылы болып шықты. Содан бір күні сол кездегі «Автомобилист» стадионының маңынан өтіп бара жатып, доп теуіп жүрген балаларды көріп қалдым да, бірден шешеме футболға бер деп жармастым. Бұрын бір-екі рет ағаларыммен бірге теледидардан көргенім болмаса, доп тебуді де білмейтінмін. Алғашқы жаттықтырушым Константин Котов бәрін үйретті. Көп ұзамай, футболға қатты беріліп кеттім. Шынымды айтсам, аяғымнан айрылғанша бірде-бір жаттығудан себепсіз қалған жоқпын. Талай біріншілікке қатыстым. Командамен бірге Қазақстанның әр түкпіріндегі турнирлерге барып жүрдім. Өзім орталық қорғаушы шебінде ойнап, команданың вице-капитаны болдым. «Астананың» қосалқы құрамына дейін жеттім. Алайда, клубпен кәсіпқой келісімшартқа отырып үлгермедім. Өкінішке қарай, 2016 жылы жаттығу кезінде құлап қалдым да, аяғымнан ауыр жарақат алып, ауруханадан бір-ақ шықтым.

– Жарақат алып жатқан футболшылар көп қой. Сіздің аяғыңызды сақтап қалуға болмады ма?

– Менде таңдау болды. Егер аяғымды кеспесе, өмірімнен айрылатын едім. Ұзақ әңгіме. Тыңдасаңыз, бастан кешкенімнің бәрін айтып берейін.


– Айтыңыз, Бақтияр. Тыңдау үшін келдік сізге.

– Басында мән бермегенмін. Жазылатын түрі болмаған соң клубтың дәрігерлеріне көріндім. Олар қарап шықты да, толық тексерістен өтуім керектігін айтып, ауруханаға жіберді. Томографиядан өтіп, рентгенге түстім. Жарақатым қатерлі ісікке айналып барады екен, бірден Астанадағы Онкологиялық ауруханаға жіберді. Сол жерде 2016 жылдың желтоқсанында аяғыма алғаш рет ота жасалды. Содан 2017 жылдың қаңтарынан бастап күнара химия-терапиялық емдеу қабылдап жүрдім де, былтыр наурызда тағы да оң аяғыма ота жасаттым. Сан мен сирақты жалғастырып тұратын сүйектің орнына темір салды. Енді тек ем-дом қабылдап, химия-терапиядан өту ғана қалған еді. Бір күні түн ішінде су ішуге ояндым да, орнымнан тұрып едім, етпетімнен түстім. Аяғым тыңдамайды. Турасын айтқанда тізем бүгілмей қалды. Оған дейін тізе сүйектің орнында темір болғанымен өз күшіммен ептеп жүре беретінмін ғой. Салмағымды көтеруге жарайтын. Бұл жолы морт сынды. Тіккен жердің барлығы қайта жыртылып кетті. Сүйегім сыртқа шығып тұр. Жан даусымнан үйдегілердің барлығы оянды. Дереу жедел жәрдем шақырып, травмотологияға құстай ұштық. Бірақ дәрігерлердің қарайтын түрлері жоқ. Үш сағат дәлізде ұстады. Сөйтсек, менің Онкологияда тіркеуде тұрғанымды біліп, қабылдауға жүректері дауаламай жатыр екен. Рентгенге түсіріп алды да, басқа Травмотологиялық ауруханаға жіберді. Ол жақта да сол жағдай. Аяғымды тігіп беруге қорқып, олар да басқа ауруханаға жұмсады. Осылайша бір күн бойы қаланы айналып жүрдік. Ақыры аяғыма ота жасалды-ау. Хирургтен сұрасам, «уайымдама, бәрі жақсы болады» деп шығарып салды. Дегенмен, жарақатым сол күннен бастап асқына түскен еді. Шілде айында тұра алмай қалдым. Ота жасатқан жерден қан сыртқа шапшып, тоқтамай қойды. Ешқандай ем-дом жасалған жоқ, дәрігерлер күнде жараның бетін жаңа дәкемен таңып қана жүрді. Ауруханада екі апта жатуым керек еді, бес күннен кейін шығарып жатыр. «Жазылдым ба?» деп сұрадым. «Иә, Бақтияр, әлі-ақ аттай шауып кетесің» деді мені қараған дәрігер. Сенгім келеді, бірақ көңілім күпті. Сөйтсем, шешемді бөлек шақырып алып, бұдан артық көмектесе алмайтындықтарын, жараның қатты асқынып, денеге тарап бара жатқандығын, үш аптадан кейін жаназамды шығара беруге дайындалуларын айтыпты. Шешем жылап тұр. Мен оны қуаныштың көз-жасы деп ойладым. Өйткені, дәрігер мені жылы сөзбен шығарып салды ғой. Үйге келдік. Жағдайым жаман емес сияқты. Бірақ, екі күннен кейін Германияға ұшып бара жатырмыз. «Мам, ол жақта не бар? Дәрігер бәрі жақсы деді ғой. Одан да сол Германияға құртқан ақшаны үйлену тойыма жұмсайық. Әйтпесе, балалы болғаныма да біраз болды» деп жатырмын. «Жәй, тексерілеміз де, кері қайтамыз», - деп шешем қысқа қайыра салды. Содан Германияға келдік. Профессор Мюллермен аудармашы арқылы сөйлесіп отырмыз. «Бақтияр, мен сенің өміріңді де, аяғыңды да сақтап қала аламын», - деді Мюллер. Аудармашыға «қоя тұр» дегенінше болған жоқ, автоматты түрде аударып бере салды. «Қайдағы өмір? Мен тек аяғымды көрсетуге келдім емес пе?» деп селт еттім. Біреу үстімнен мұздай су қуып жібергендей болды. Сол кезде ғана шешем Астанадағы дәрігердің әңгімесін еске алып, екі-ақ апта өмірімнің қалғанын жылап жеткізді. Байбалам салып, сандырақтап кеттім. «Астанаға қайттық, ұлыммен қоштасып үлгерейін» деп жалынып жатырмын. Сөйтсем, шектеулі ғана өмірім қалғанын менен басқасының бәрі біледі екен. Бәсе, неге соңғы кездері үйге достарым мен туыстарым келгіштеп кетті деп қоям. Бәрі қоштасып жатқан екен ғой. Әйтеуір, неше түрлі ойлармен арбалысып отырмын. Бұл кезде профессор сыртқа шығып кеткен. Бір айналып келді де, анализдерімнің қорытындысын қолына ұстап, тура кинодағыдай, «Бақтияр, екі жаңалығым бар. Біреуі жақсы, екіншісі нашар», - деді де менің онкологиялық аурудан айыққанымды, алайда Астанада ауруханада жүргенде протез салынған жерге жаман қатерлі инфекция түскенін айтты. «Оны біз екі аптаға уақытша қатырып тастай аламыз. Егер ақша тауып жатсаң, қайта кел. Емдеп береміз», - деп профессор Мюллер бізді үмітпен шығарып салды. Ол ота 120 мың евро тұрады екен. Ондай қаржы бізде қайдан бола қойсын? Онсыз да бұған дейінгі шығындарымыз аз емес еді. Астанаға келіп, келесі күні бірден аяғыма ота жасатқан ауруханаға қайта бардық. Ана мен бала орталығы болатын. Дегенмен, үш күн бұрын жасым 18-ге толғандықтан мені ол жерге қабылдамай қойды. Алматыға аттандық. Жағдайымды жақсы түсінген дәрігерлер бірден ота жасауға алып кетті. Протезді алып тастап, орнына цемент құйды. Инфекцияны тазалап тастағандай болған. Астанаға келдік. Сөйтсек, ол бәле уақытша кетеді екен де, қайта пайда бола береді екен ғой. Алматыға қайта бардық. Тағы да ота. Қырық жамау жарақатқа аяғымның терісі жетпей қалып, қарынның бір бөлігінен тері кесіп алып жатты. Тағы да инфекцияны тазалады. Алайда, бұның барлығы қайталана берді. Тіпті, бір күні тіккен жер өзінен өзі сөгіліп, қаны бетіне шапшып жатты. Дәрігер шақырттық. Ол кезде мен бәріне де дайын едім. Ампутация жайлы да ойлап қойғанмын. Өйткені, білетін адамдардан кеңес сұрағанда бұл бактерия ешқашан кетпейтінін, бүгін болмаса ертең қайта қозып, алдымен бауырдан айрылатынымды, содан кейін өміріммен қоштасатынымды айтқан. Үйдегілер де «аяғыңды кес» деп айтуға бата алмай жүр екен. «Бақтияр, бұл сенің өмірің. Өзің жақсылап ойлан! Сен футболшысың. Ертең арбаға таңылғанда доп тебе алмайтыныңа бізді кінәлап жүрме» деген. Бірақ, аяқтан пайда болмай қалғанын өзім де түсіндім. Ал өміріммен қоштасқым келмейді. Ұлымның өскенін көргім келеді. Дәрігерлерге «дайынмын» дедім. Олар басында түсінбей қалды да, «неге дайынсың?» деп сұрады. Аяғымды кесуге рұқсат бердім. Олар да осыны айта алмай, жауапты өзімнен күтіп жүр екен. Өйткені, кеше ғана доп теуіп жүрген зіңгіттей жігітке «аяғыңды кесеміз» деу «дарға асамыз» дегенмен бірдей ғой. Ақыры не керек, ота жасатып, аяғымды кестіріп тастадым. Бұл осы жылдың қаңтар айында болған ота еді. Міне, содан бері балдақпен жүрмін.

– Қалай ойлайсыз, аяғыңызды сақтап қалуға болар ма еді?

– Не нәрсе болса да, бәрі де Алланың қалауымен ғой. Ешкімді де кінәлағым келмейді. Бұл менің өмірім. Солай болуы керек шығар. Дегенмен, егер дәрігерлер өз істеріне салғырттық танытпай, тез шешім қабылдап, жүрдім-бардым емес, жауапкершілікпен қарағанда аяққа әлгі қатерлі инфекция түспес еді деп ойлаймын. Бәрі де болмашы нәрседен басталды ғой.


– Бақтияр, сұхбат алдында сіз туралы біраз мағлұмат жинаған едім. Шынтуайтына келсек, ерте жастан бір қызбен жүріпсіз де, оның аяғы ауыр болып қалған екен. Алайда, ешкімге айта алмай, соның барлығын іште сақтап жүре бергенсіз. Кейін жарақат алғанда ішкі уайым мен сыртқы жара өзара қабысып, қатерлі ісікке айналып кеткен екен. Бұл әңгіменің қаншалықты жаны бар?

– Бетіме тіке сөйлей алатын, тіпті бағыт-бағдар көрсетіп отыратын достарым бар. Олар да маған осылай деген. Бәлкім, солай да шығар. Өйткені, қара уайымға салынып, өз алдына басымның ісіп жүрген кезі болатын. Кез келген ауру жүйкенің қозуынан басталады екен ғой. Дегенмен, егер ұлым болмағанда, мен бұлайша өмірге құлшынбас едім. Баяғыда-ақ тағдырдың тәлкегіне беріліп қояр едім. Менің стимулым – сол Дінмұхамед. Ауруханада жатқанда да сол жайлы ойладым. 38 жасында әже атанған шешем де бақытты. Немересін иіскеп, «сенің кішкентай кезіңе қатты ұқсайды. Сен нәресте болып қайта туған сияқты көрінесің де тұрасың» деп отырады. Сондықтан, бұл баланы бізге көктен Алла жіберді деп ойлаймын.

– Енді сіз жете алмаған арманға ұлыңыз жететін шығар. Оның да футболмен айналысқанын қалайсыз ба?

– Ауруханада жатып мынадай түс көрдім: Қай жыл екенін білмеймін, әлем чемпионаты екен. Финал. Қазақстан мен Бразилия құрамасы ойнап жатыр. Мен негізгі құрамдамын. Бір кезде ойынның соңына таман бас бапкер мені алмастырды. Стадион өре түрегеліп, қол шапалақтап жатыр. Қарасам, орныма қосалқы құрамнан ұлым шығып келе жатыр екен. Артында Дінмұхамед деген жазу бар. Оянған соң түсімді неге жоритынымды білмей, ұзақ ойландым. Ақыры мен жете алмаған арманға ұлым жететін шығар деген қорытындыға келдім. Расымен де, Дінмұхамедтің футболшы болуына енді бар күшімді саламын. Одан ешнәрсе аямаймын.

– Бәріне бала себепші ғой. Үйленіп, отау құрғаныңызды білеміз. Келіншегіңіз немен айналысады?

– Жұбайым Шадияр екеуміз 14 жасымызда таныстық. Колледждің бірінші курсында оқитынбыз. Үйге шешеме келіп, «Мам, мен өмірлік жарымды кездестірдім» дегенімде, күліп қойып, «асықпа, сенде әлі талай қыз болады» деген. Бірақ, содан бері жұбымыз жазылған жоқ. Қазір ол соңғы курста. Менің денсаулығыма байланысты жағдайдан кейін академиялық оқуға көшкен. Әлбетте, талай рет түсініспей қалған кездер болды. Көбіне жүйкем жұқаратын өзім едім. «Саған мұндай адамның керегі не? Кет! Басқамен бақытты бол!» деп ұрсатынмын. Ол бәріне шыдады. Қиын кезде сүйеніш бола білгені үшін Шадиярға алғысым шексіз. Шешем екеуіне қараймын да, «әйел заты қаншалықты нәзік болса, соншалықты мықты болады екен ғой» деп таңғаламын. Ал шешем банк қызметкері. Сондай-ақ, өгей әкем бар. Былтырдан бері біргеміз. Өгей деп айта алмаймын. Себебі,  аяқтан тұра алмай, хал үстінде жатқанымда түн ортасында болса да ауруханаға көтеріп апаратын. Шешем қалай қиналса, ол да солай уайым кешті. Оны да шешеме бас-көз болсын деп Алланың өзі жіберген шығар.


– Бақтияр, ал сіздің ендігі мақсатыңыз қандай? Спортты тастап кетпейтін шығарсыз?

– Жоқ, менің өмірім әлі алда. Бір аяқпен де асуларды бағындыруға болады. Ең бастысы, жасымау қажет. Параллимпиадалық спортқа қатыссам деймін. Жақында отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алдым. Шынымды айтсам, ютубтан қарап шыққаным болмаса, ережелерін, қалай ойнау керектігін білмеймін. Бірақ, үйреніп аламын деп отырмын. Ынта мен жігер, бәрі бар. Сондай-ақ, алдыма болашақта Параллимпиада ойындарында спорттың жүзу түрінен де бағымды сынап көрем деген мақсат қойдым. Қазір Астанадағы Параллимпиадалық спорт кешенінде жаттығу жасап жүрмін. Әлі пайдалануға берілмеген екен. Менен басқа спортшы жоқ. Бірақ, кешен әкімшілігі күнде келіп, жаттығу жасап тұруыма рұқсат берді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдай жасалған. Осы комитеттің президенті Қайрат Боранбаевтың қолтаңбасы көрініп тұр. Тура Алматыдағы «Қайрат» футбол клубының базасы сияқты стильде жасалған. Әлбетте, спорттан басқа да нәрселермен айналыссам деймін. Мәселен, мен сияқты жағдайға түскен жандарға семинарлар өткізіп, дәріс оқуға, кеңес беруге дайынмын.

– Жақында сіздің видео жолдауыңызды көрдік. Ішіңіздегі жанайқайыңызды жеткізіпсіз. Мүгедектерге қажетті арба сұраған екенсіз. Бірақ, беруден бас тартыпты. Осы жайлы тарқатып айтсаңыз.

– Аяғыма протез салынуы тиіс, яғни салынбалы аяқпен жүремін. Бірақ, оның да өз күнделікті уақыты болады. Таңертеңнен кешке дейін киіп жүре беруге болмайды. Сондай-ақ, Астананың мұзында балдақпен жүрген де ыңғайсыз. Мен емес, сау адамдардың өздері тайғанақтап әзер жүреді. Ал мен салауатты өмір салтын ұстанатын адаммын. Біреу келіп көмектеседі екен деп, бір орында отыра алмаймын. Сондықтан, арба сұрап, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Медициналық-әлеуметтік сарап бөліміне бардым. Бір аяғым сау, екіншісі 50 сантиметрге бар болғандықтан ол жақта маған арба бере алмайтындықтарын айтты. Шыны керек, мұндайды күтпеген болатынмын. Содан, осындай заң шығарып отырған шенеуніктерге бағыттап, видео жолдау жасадым. Сонда мен арба алуым үшін екі аяғымды да кесіп тастауым керек пе?

– Видео жолдаудан кейін сіз айтқан министрліктен хабарласқандар болды ма?

– Иә, хабарласып, маған арба бөлетіндіктерін айтты. Барып көруім керек. Жалпы, көмек көрсетуге дайын екендіктерін айтып, хабарласып жатқандар өте көп. Бәріне де алғысым шексіз. «Астана» мен «Ақтөбе» футбол клубтары маған арнап қайырымдылық кештерін өткізді. Футболшылар да жиі халімді сұрап тұрады. Самат Смақов, Давид Лория тағы басқалар өз көмектерін көрсетті. Давид екі күннің бірінде хабарласып, «керек нәрсе болса, айтып тұр. Тауып береміз» деп жатыр. Сергей Малый мен «Астанадағы» басқа жігіттердің де жақсылықтарын көрдік. Бәріне рахмет! Бірақ, тек мемлекет тарапынан мен сияқты жандарға жағдай жасалғанын қалаймын. Маған спорттық арба керек еді. Өйткені, кәдімгі арба кейбір нәрселерге ыңғайландырылмаған.

– Бақтияр, бұл жағдай, әлбетте, сіздің тағдырыңызды 180 градусқа бұрып жібергені рас. Ал өмірге деген көзқарасыңызды қаншалықты өзгерді?

– Менің түсінгенім, Қазақстанда медицина мүлдем нашар екен. Сауатты дәрігерлер аз. Қарапайым диагноз қоюдан қателесіп жатады. Сондай-ақ, бұрын аса мән бермеуші едім, қазір мүгедек жандардың жағдайын жақсы түсінетін болдым. Дегенмен, өз өміріңді бағалай білуің қажет. Одан бас тартуға болмайды. Ал достарым? Бұрын да достарым көп болмаған. Нағыз жақындарымның барлығы әлі жанымда жүр.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика