Вернуться к списку статей

Исаэл ұлттық құрамаға қажет пе?

Футбол
1K
Исаэл ұлттық құрамаға қажет пе?
Мақаланы оқып шықпай тұрып, өзіңізге сұрақ қойыңызшы? Исаэл Қазақстан ұлттық құрамасына қажет пе? Кімнің орнына?

Соңғы кездері «Қайраттың» бразилиялық легионері Исаэлді Қазақстан ұлттық құрамасында көргісі келетіндер көп сияқты. Әлдекімдердің ықпалы ма, әлде расымен де солай ойлай ма, әйтеуір, ол туралы жылы пікір білдіріп, артықшылықтарын айтып жатқан сарапшылардың да шеті көріне бастады. Біз олардың қатарынан емеспіз. «Ол ойнағанша, өзіміздің қазақтар доп тепсін» деп жалған патриоттыққа да салынғымыз келмейді. Жаһанданған заманда жаңашылдықтан қашпау қажет. Бізді былай қойғанда, Испания, Италия, Франция, Германия, Англия сынды алпауыт құрамалардың өздері легионердің көмегіне жүгінеді. Біздің құрамада да Ресей, Украина, Сербия жігіттері бар.  Сондықтан, Исаэлдің Қазақстан құрамасына қаншалықты қажеттігі туралы тек + және – деп тізіп шығайық. Қорытындысын өздеріңіз шығарып аларсыздар.

Сонымен, алдымен плюстардан бастасақ.

+ «Қайрат» сапына Ресейдің «Краснодарынан» 2014 жылдың жазында ауысып келген Исаэл бірден алматылық клубтың көшбасшысына айналды. Алғашқы маусымында 17 ойында 6 гол соққан. Командаға енді ғана қосылған жартылай қорғаушы үшін жаман нәтиже емес. Содан бері бразилиялық саңлақ «Қайрат» құрамында 100-ден астам матчқа қатысып, 30-ға жуық гол соғып тастапты.

+ Оң қапталда ойқастайтын Исаэлмен Қазақстан чемпионатында тек Патрик Твумаси ғана бәсекелесе алатын шығар. Расымен де қолды-аяққа тұрмайтын жылдам ойыншы. Матч тағдырын шешіп кете алатын жампоздардың бірі. Сондай-ақ, соңғы кездері «Қайраттың» бас бапкері Карлос Алос Феррер бразилиялықты орталық шепте де, яғни плеймейкер ретінде пайдаланып жүр. Демек, Қазақстан азаматтығын алар болса, ұлттық құрамамыздың бас бапкерінде вариация көбейеді.

+ Негізі, осыдан бастауымыз керек еді. Қазақстан ұлттық құрамасында ойнауға Исаэлдің өзі де кетәрі емес. Ең бастысы, бас командамыздың жейдесін киюге футболшының өзі құлшынып отыр. Яғни, мүмкіндік берсе, жерге қаратпауы тиіс.

+ Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының қатарынан екі Еуропа чемпионатында жартылай финалға дейін жетуі – негізінен бразилиялық легионерлердің арқасы. Бәлкім, бұл бразилиялық та ұлттық құрамамызды ұшпаққа шығара алатын шығар. Оның үстіне, «Гремио» футбол клубынан түлеп ұшқан бразилиялықтың халықаралық ойындардағы тәжірибесі зор. Бразилия чемпионатынан бөлек, Түркияда, Португалияда және Ресейде доп тепкен. Оның тәжірибесі ұлттық құрамамызға пайдасын беруі әбден мүмкін.


Жә, жетер. Енді минустарды тізіп көрейік.

Егер үш жыл бұрын біреу менен «Исаэл ұлттық құрамаға қажет пе?», - деп сұраса, ойланбастан, «иә» дейтін едім. Жоқ, қазір де футболшы бабында. Бірақ, Қазақстан азаматтығын алу үшін шетелдікке біздің елде кемінде 5 жыл тұру қажет немесе Қазақстан азаматшасымен отау құрғанына үш жылдан асуы керек. Өздеріңіз білесіздер, Исаэлдің әйелі де бразилиялық, ал Қазақстанға келгеніне келесі жылдың жазында ғана бес жыл болады. Ол кезде футболшының жасы да 30-дан аспақ. Яғни, ары қарай жоғары деңгейде ары кетсе 2-3 жыл ғана ойнай алады. Мұндай легионер бізге керек пе?

Бәлкім, жасының да 30-ға жақындап қалғанынан болар, соңғы кездері Исаэлдің физикасы 90 минутқа толық жетпей қалып жүр. 60-70 минуттан кейін шаршап қалып жатыр. Нәтижесінде, қорғанысқа қайтуы да қиындап кеткен.

Ұлттық құрамада, шүкір, Исаэлдің шебінде ойнайтын жігіттер жетерлік. Еркебұлан Сейдахмет пен Бақтиер Зайнутдинов та өсіп келеді. Серікжан Мужиков бар. Сондай-ақ, Роман Муртазаев пен Еркебұлан Тұңғышбаев та осы позицияда ойқастап жүр. Ендеше онсыз да әлсіз емес қапталымызға сырттан легионер тығудың қажеті бар ма?

Қазақстан ұлттық құрамасына Ресей немесе Украинадан келген легионерлердің ойнап жатқанына үйреніп қалдық қой. Дегенмен, өзге құрлықта орналасқан Бразилия футболшысының Қазақстан намысын қорғауы команданың ішкі атмосферасына қалай әсер етер екен? Қанша дегенмен досқа бауырмал болғанымен бразилиялықты біздің футболшылар әріптес емес, бәсекелес ретінде қабылдамасына кім кепіл? Жанкүйерлер де оны жатсынуы әбден мүмкін ғой.

Міне, біз өз тарапымыздан байқаған осындай нәрселерді тізіп шықтық. Ал сіз не дейсіз, құрметті оқырман?..

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика