«Матч ТВ» арнасында Ресей футболына арналған «Тотальный футбол» деген бағдарлама бар. Бұл жолы сол бағдарламаның басты кейіпкерлерінің бірі жас талант Еркебұлан Сейдахмет болды. «Уфа» футбол клубымен ұзақ жылдық келісімшартқа отырған Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы неліктен осы команданы таңдағанын айтып берді.
– Шынын айтсам, маусым алдында маған Қазақстан мен Ресей клубтарын айтпағанда, Испания мен Италия жақтан да ұсыныстар түсті. Алайда, мен «Уфаны» таңдадым. Өйткені, бұл клубта жастарға көп көңіл бөледі. Украиналық Александр Зиченко бар ғой. 2016 жылы «Уфаға» өткен. Қазір «Манчестер Ситиде» доп теуіп жүр. Мен де сол сияқты Еуропада ойнағым келеді. Бұған дейін әлі бірде-бір қазақ Еуропада ойнамаған, - деп ағынан жарылды жерлесіміз.Сондай-ақ, Еркебұлан өзінің лақап атына қатысты да сұраққа жауап беріп, Месси сияқты болу үшін әлі талай еңбектену қажеттігін айтты:
– Негізі, лақап атыма мән бермеппін. Командада бәрі мені Лео деп атайды. Ал «Қазақтың Мессиі» дегенді журналистер ойлап тапты. Мессиге жету қайда?.. Ол үшін әлі талай еңбектенуім керек, - деді Сейдахмет.
Айтпақшы, 18 жасар футболшы жақында Қазақстан ұлттық құрамасындағы дебюттік кездесуін өткізіп, бірінші матчында-ақ гол соққан. «Матч ТВ» журналисі бұл туралы да сұрады.
– Үшінші голды соғып, командамыздың жеңіске жетуіне көмектестім. Мені жылы қабылдаған әріптестеріме рахмет! Ұлттық құраманың атмосферасы тамаша. Ұжымның ынтымағы жарасып тұр, - деді бұл жайлы «Тараз» футбол мектебінің түлегі.
Естеріңізге сала кетейік, Еркебұлан Сейдахмет «Уфаның» Ресей Премьер-лигасының соңғы төрт кездесуінде де матч хаттамасына енгенімен соның біреуінде-ақ алаңға шықты. Шықты да, «Анжиге» қарсы ойында командасының жеңіліп жатқан жерінен үш голды да ұйымдастырып беріп, уфалықтардың 3:2 есебімен жеңіске жетуіне зор үлесін қосты.