Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – Шынын айтсам, «Астана» мені шақырмайды деп ойладым

Футбол
1K
Станимир Стойлов – Шынын айтсам, «Астана» мені шақырмайды деп ойладым
«Астана» футбол клубымен келісімшартын ұзартқан болгар бапкері Станимир Стойлов елордалықтармен келіссөздердің қалай жүргенін айтып беріп, Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтыру жайлы өз ойын білдірді.

Еліміздің төрт дүркін чемпионымен келісімшартын ұзартқан бас бапкер алғашқы сұхбатын Болгарияның blitz.bg сайтына беріпті. Бір қызығы, «Астанаға» төрт чемпиондықты да Станимир Стойлов алып берді.

«Астана» жайлы

«Команда таңдауда мен үшін бірінші кезекте «Астана» тұрды. Өйткені, Батыс Еуропа елдерінен ешқандай ұсыныс болған жоқ. Ал «Астанамен» тұрақты түрде еурокубоктарда ойнаймыз. Талай жетістікке бірге жеттік. Қуанышымыз ортақ. Бұл мен үшін Еуропаға танылудың тамаша мүмкіндігі».

Келіссөздер туралы

«Рас, басында «Астанамен» жолымыздың екіге айрылғандығы туралы айттым. Өйткені, қазақстандықтар маған қал деп ұсыныс жасаған жоқ. Шынымды айтсам, «Астана» мені қайта шақырмайды деп ойладым. Бәрі кенеттен басталып кетті».

Қазақстан ұлттық құрамасы жөнінде

«Негізінде екі команданы қатар жаттықтыруды ойламаймын. Жұмысы көп, қауіп басым, сәтсіздіктер де болуы мүмкін. Қазақстан ұлттық құрамасының өз жаттықтырушысы бар. Қазір менің ондай ойым жоқ. Дегенмен, егер бір күні мұндай вариант бола қалса, Қазақстан құрамасын жаттықтырам ба, жоқ па, өз ойымды сол кезде білдіремін».

«Спортинг» туралы

«Еуропа лигасының 1/16-финалы аясында өтетін «Спортингке» қарсы ойын өте тартысты болады деп ойлаймын. Оларда бізге қарағанда жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Себебі, чемпионаттары бел ортасына тақап, нағыз қызған шағына жетті. Оның үстіне, ойыншыларының да шеберліктері басым. Бұл да өзара кездесуде үлкен рөл ойнайды. Ал бізде негізгі құрамның екі немесе үш ойыншысы кетуі мүмкін. Әйтсе де, футболда орны ерек адам жоқ. Футболшыларды да, бапкерлерді де басқа мықтыға алмастыруға болады. Ең бастысы, аянбай еңбек ету және соңына дейін айқасу».

Қазақстан чемпионатындағы өзге бапкерлер жайлы

«Мен ғана емес, Қазақстан чемпионатында Димитар Димитров пен Стойчо Младенов та жақсы нәтиже көрсетіп, Болгария бапкерлерінің беделін бірге арттырдық. Егер «Ордабасы» тағы бір болгар маманы Георги Дерменджиевпен келісімшартқа отырар болса, мен шын жүректен қуанамын. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Болгария бапкерлер мектебінің мықты екенін көрсету үшін әрқайсымыз аянбай еңбек етіп, өз командаларымызбен жоғары жетістіктерге жетуіміз керек. Сонда болгар бапкерлерінің саны бұдан да көп болады».

Естеріңізге сала кетейік, «Астана» ақпан айының 15-і күні Еуропа лигасының 1/16-финалы аясында Португалияның «Спортинг» клубын қабылдайды. Ал жауапты кездесу 22 ақпанда Лиссабонда өтеді деп жоспарланған.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика