«Ақжайық» (Орал) – «Ертіс» (Павлодар) 1:0 (0:0)
Гол: Антипов, 81.
«Ақжайық»: С. Ткачук, Басов, Путрач, А. Ткачук, Адеринсола, Сапанов (К), Қайыров, Тапалов, Ерсәлімов, Нұрғалиев, Антипов.
«Ертіс»: Калмыков, Попадюк, Рамирес, Салами, Фонсека, Стаменкович, Есімов (К), Калинин (Кисляк 41), Кислицын, Розыбакиев, Шестаков.
Төрешілер: Алексей Бобров (Қарағанды), Денис Лабашов (Атырау), Ғалымжан Айжігітов (Қызылорда).
БҚО, Ақсай қаласы, «Қарашығанақ» стадионы
Жасырып қайтейік, маусым алдында Владимир Мазярды сынаушылар көп болды. Арасында біз де бар едік. Өзіміздің командамызды екінші украиналық ұжым қылып жатқан жаттықтырушыны қай қазақ жақтыра қойсын? Осы тақырып төңірегінде біраз пікірімізді білдірдік. Дегенмен, әзірге жолы болып жатыр ма, әлде расымен де Мазярдың әу баста біз байқамаған қабілеттері ашыла бастады ма, әйтеуір үш ойыннан кейін 4 ұпай жинады. Жаман көрсеткіш емес. Оның үстіне, бірінші турда оралдықтар анау-мынау емес, азулы «Астанадан» ұтылды. Өткен турда түзде «Қайсармен» тең түсті. Ал бүгін, ақыры алғашқы жеңістеріне қол жеткізіп, «Ертісті» тізерлетті.
Бірақ, ашығын айтқанда, «Ақжайықтың» ойыны соншалық керемет болды деп айтуға да келмейді. Бір жағынан павлодарлықтар да соншалықты қауқарсыз болған жоқ. Орал қаласынан 150 шақырым қашықтықта өткен матч тең дәрежеде өрбіді. Тек ойынның 81-ші минутында Иван Антипов екі қорғаушыдан сытылып өтіп, қақпаның жақын бұрышына допты сырғыда салды. Қорытынды есеп – 1:0.
Ал испан маманы Херард Нус жаттықтыратын «Ертіс» осы маусымдағы алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Енді 7 сәуір күні «Ертіс» өз алаңында ел чемпионы «Астананы» қабылдаса, «Ақжайық» Алматыда жаралы «Қайратқа» қонаққа барады.