Вернуться к списку статей

Болгарияның бағы жанды – Қазақстан «жеңілген» жоқ...

Футбол
1K
Фото: gong.bg
Қазақстан ұлттық құрамасы Болгария футболшыларымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:2 есебімен ұтылып қалды.

Бұл ойында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов негізгі құрамға аздаған ғана өзгеріс енгізді. Венгрия құрамасымен өткен ойынмен салыстырғанда, қақпаға Владимир Плотниковті қойды. Қорғанысымыздың сол қанатын Ғафуржан Сүйімбаевқа сеніп тапсырды. Болды.

Болгария құрамасы біздің футболшылардың Венгрияны алғашқы он минутта «нокаутқа» түсіргенімізді көрген. Содан сабақ алған секілді. Матч басталған бетте зыр қағып, алға қарай лап қойды. Қазақстан құрамасының ойыншыларын қақпаларына жақындатпауға тырысты. Өздері тыным таппай, алға қарай ентелеумен болды.

Өкінішке қарай, бірінші тайм бел ортасынан ауғанда, Ғафуржан Сүйімбаев жаза басып, төреші пенальти берді. Негізі, 11-метрлік айып соққысын беретіндей, дөрекі ойнаған жоқ сияқты еді. Бірақ Болгария шабуылшысының құлағаны өтірік емес. Төреші солай шешті...

Пенальтиді Ивелин Попов мүлтіксіз орынады. Плотников ышқына атылса да, допқа жете алмады. Болгария құрамасы алға шығып, бірінші таймда сәл де болса басымдық танытты. Футболшыларының шеберліктері – жоғары. Бірақ біздің футболшылары жанкештіліктерімен дес берген жоқ.

Екінші таймда Стойлов екі ойыншымызды алмастырып, алаңға отандық жанкүйерлер сарыла күткен Еркебұлан Тұңғышбаевты шығарды. Үлкен-Еркебұлан сенімді ақтады. Оң қапталда атой салып, Болгария құрамасының қорғаушыларын әбден састырды. Екі аяқтарын бір «бутсыға тықты. Бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, қара бұлтты үйірді.

«Панчо Арена» стадионының оң қанатында ойқастап, көк майса шөбін «таптап», «шаңын» аспанға шығарды. Ақыры бағы жанып, гол соғып тынды. Сол қапталдан көлбеу ұшқан допқа қарсы атылып, Болгария құрамасының қорғаушылары мен қақпашысынан бұрын қимылдап, сол аяғымен шірене тартты. Гол!

Бұл гол біздің футболшыларды жігерлендіре түскендей болды. Қазақ елі құрамасы шабуылды үдетті. Болгария құрамасын қыспаққа ала түсті. Стойловтың отандастары алға шығудан қалды. Аракідік қарсы шабуыл ұйымдастырғандарымен, олардың бұл әрекеттері соншалықты қауіпті бола қоймады.

Өкінішке қарай, біздің футболшылар Болгария қақпасын қанша торуылдаса да, гол соғудың сәті түспей қойды. Әсіресе, Роман Муртазаевтың тамаша мүмкіндігі болып еді... Ал ойынның негізгі уақытына қосылған төрт минут түгесіле бастағанда, болгарлар біздің қақпаның маңынан айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болды.

Болгария құрамасының бағы бар екен. Осы айып соққысының арқасында олар гол соғып, жеңісті өңгеріп кетті. Әуелеп ұшқан допты қорғаушыларымыз да қайтара алмады, қақпашымыз да тойтара алмай, кеш қалды. Өкінішті! Әйтсе де, жігіттерге ризамыз.

Қазақстан – Болгария – 1:2 (0:1)

Голдар: И.Попов, 23-пенальтиден (0:1). Тұңғышбаев, 55 (1:1). Бодуров, 90+4 (1:2).

Ескерту: Сүйімбаев, 78.

Қазақстан: Плотников, Сүйімбаев, Малый, Постников, Бейсебеков, Қуат, Зайнутдинов (Парагульгов, 46), Исламxан (Әліп, 90+3), Муртазаев (Ахметов, 90), Сейдаxмет (Перцух, 79), Хижниченко (Тұңғышбаев, 46).

Болгария: Илиев, С.Попов, Бодуров, Божиков, Панов (Александров, 58), Манолев (Неделев, 57), Славчев (Райнов, 61), Костадинов, И.Попов (Чочев, 58), Миланов (Кирилов, 58), Делев.

Бас төреші: Томаш Богнар (Венгрия)

26 наурыз. Венгрия, Фельчут. «Панчо Арена».

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика