Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов және Қазақстан құрамасындағы дебютін сәтті өткізген тағы бес бапкер

Футбол
1K
Станимир Стойлов және Қазақстан ұлттық құрамасындағы дебютін сәтті өткізген тағы бес бапкер
Өзінің алғашқы ойынын сәтті өткізген Станимир Стойлов дебютті кездесуінде жеңіске жеткен Қазақстан ұлттық құрамасының алтыншы бапкері атанды. Назарларыңызға ұлттық құрамамыздың бас бапкері ретіндегі дебютті кездесуін сәтті бастаған барлық бапкерлерді ұсынамыз.

Станимир Стойлов – Қазақстан ұлттық құрамасының 16-шы бас жаттықтырушысы. Алайда, оған дейін тек бес бапкер ғана бас командамыздағы дебютті матчында жеңіске жете алған. Ал УЕФА кезеңінде Стойловқа дейін Талғат Байсуфинов қана бірінші матчында жанкүйерлерді жеңіспен қуанта алған. Тағы бір дерек: Бас командамыздың бас бапкері ретіндегі бірінші матчында қарсыласының алаңында жеңіске жеткен екі-ақ жаттықтырушы бар. Екіншісі – Стойлов, ал біріншісі – Ваит Талғаев.

Ал қалған 10 бапкер жанкүйерлерді бұлай қуанта алмаған. Бес бапкердің алғашқы матчы жеңіліспен басталса, тағы бесеуі дебюттік кездесуінде тең есепке қанағат қылған.

Ал енді алғашқы кездесуінде жеңіске жеткен алты жаттықтырушы туралы айтайық. Біріншісі – Бақтияр Байсейітов. Ұлттық құрамамыздың Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы бас бапкері. Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен турнирде Түркменстан құрамасын Владимир Нидергаус соққан голдың арқасында 1:0 есебімен жеңген. Одан кейінгісі – Бауыржан Баймұхамедов. Алматыда өткен халықаралық турнирде Тәжікстан құрамасымен кездесіп, екінші таймның басында Олег Капустников соққан голдың арқасында жеңіске жете алған. Ваит Талғаев та ұлттық құрамамыздың бас бапкері ретіндегі карьерасын сәтті бастап, 2000 жылы Манамада Бахрейнді 1:0 есебімен тізерлеткен. Матчтағы жалғыз голды Игорь Авдеев соққан болатын. Вахид Масудовтың дебюті 2002 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турниріне сай келді. Ирак астанасы Бағдатта Непалмен кездесіп, қарсыластарының қақпасына жауапсыз 6 гол соққан. Алайда, Вахид Юнузовичтен кейінгі алты бапкердің дебюті сәтсіз болып, бірі тең түсіп қалып жатса, бірі ұтылумен болды. Бұл үрдісті 2016 жылы Талғат Байсуфинов қана бұза алып, Анталияда Әзірбайжаннан 1:0 есебімен басым түсті. Енді міне, Станимир Стойловтың да дебюті сәтті болды. Ұзағынан болғай дейміз.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика