Ресейдің bombardir.ru басылымында Владимир Вайсстың көлдей сұхбаты жарық көрді. Онда Словакия маманының Қазақстандағы өмірі де қамтылған. Ол Сергей Бесединнің сұрақтарына жауап беріп отырып, «Қайрат» клубымен Қазақстан чемпионы бола алмай кеткеніне де атүсті тоқталып өткен:
– «Қайратпен» екі рет Қазақстан кубогын жеңіп алдық. Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуға санаулы ғана минуттар жетпеді. Жылда «Астанамен» бірінші орынға таласып, «қырық пышақ» болдық. Бірақ шынымды айтайын, бәрібір алдыма қойылған мақсатты орындай алмадым, чемпионатты сол күйі жеңе алмай кеттім. Жыл сайын әлдене жетпеді. Қазір бәрін есіме алғым да келмейді. «Астана» алдымызды орап кетіп отырды, яғни олар бізден қарымды, үздік болды.
Иә, ол жақта регламент шынымен де оғаштау болды. Біз барлық командалармен екі айналымдық жүйе бойынша кездесіп шықтық. Одан кейін ұпайдарымызды бөліп, тең жартысын алып алды. Бөлген кезде, ұпайымыз тақ сан еді, оны дөңгелеткенде, жарты ұпайымыз тағы жойылды.
Егер регламент барлық басқа елдердегідей болғанда, ұпайларымыз әлгіндей бөлінбегенде, бәрі де бсқаша болуы мүмкін еді. Әрине, біз чемпионаты жеңіп ала алмайтын футболдан тыс ерекшеліктер де (нюанстар да) болды. Көптеген адамдар мұны біледі және түсінеді. Бірақ мен бұл туралы айтқым келмейді. Абзалы, сәтсіздіктер себебін өз бойыңнан іздеу керек.
Жалпы, Владимир Вайсс бұл сұхбатта Қазақстандағы өміріне біраз тоқталып өткен. Сұхбат толығымен мына – сілтемеде.