Бұл Еуро-2019 додасының 9-іріктеу тобындағы екі құраманың алтыншы ойындары болатын. Франция жастары бұған дейінгі бес ойынында да жеңіске жеткен еді. Қазақ топырағында да ұпай жоғалтқан жоқ. Деңгейлерінің жоғары екендігін жасыл алаңда паш етіп, жеті минуттың ішінде үш гол соқты...
2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы, Қазақ елі және Франция жастары арасындағы бірінші ойын былтыр күзде, яғни 5 қыркүйекте түзде өткен болатын. Сол ойында алаң иелері 4:1 есебімен басым түскен-ді. Екінші таймның басында Дидар Жалмұқан есеп ашқанымен, 71 минуттан бастап, Франция таланттары қарқындарын үдетіп, 16 минутта төрт гол соққан-ды.
Бүгін де бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Ойынның басында біздің футболшылар атойлап алға шығып, ширақ қимылдады. Франция жастары «Астана-Арена» стадионының жасанды желегіне бірден бейімделіп кете алмады ма, соншылақты «айбынды» болып көрінбегендей еді. Ойынның бірінші жартысы екі құраманың алма-кезек шабуылдарымен аяқталды.
Екінші таймның басында Францияның жас таланттары көсіле шапты. 52 минутта айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болды. Оны Мусса Дембеле доғаша иіп, қақпаның біздің жігіттер тосқауыл құрған жақтағы бұрышына дөп түсірді. Екінші бұрышта тұрған қақпашымыз үлгермеді, әрине...
Содан біздің құрама атойлап алға шапсын. Енді ше, есепті теңестіру керек. Алайда алғы шепте қателесіп, доптан айырылып қалды. Франция таланттары тез қимылдап, оң қанатпен қарсы шабуыл ұйымдастырды. Жан-Кевин Огюстен жылдамдығының өте жоғары екендігін көрсетіп, қорғаушыларымыздан сытылып кетті. Әрі қақпашымызды да қапы қалдырып, есепті еселей түсті.
Қазақ елі жастары тағы да алға қарай ентелеген. Алайда тағы да француздардың жылдам шабуылдарынан көз жазып қалды. Бұл жолы да қонақтар оң қанатта ойқастап, біздің қорғанысымызды бұзып өтті. Жонатан Бамба да ширақ қимылдап, қорғаушыларымызды да, қақпашымызды да сан соқтырып кетті.
Осы голдан кейін ойын бітті деуге болады. Франция құрамасы біздің жігіттердің аяқалыстарын аңдыды. Ал Қазақ елі құрамасы енді алға шығуға да жүрексініп қалғандай болды. Әйтсе де, алаң жиегіндегі Талғат Байсуфиновтың айқайымен бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Өкінішке қарай, сол шабуылдарыдың ең болмаса біреуін сәтті аяқтаудың қисыны келмеді.
Оралхан Өміртаев та, Максим Федин де, Александр Соколенко да жанталасып, өздеріне берілген бірлі-жарым мүмкіндікті сәтті аяқтай алмады. Десек те, жастарымыз матчтың соңғы секундтарына дейін айылдарын жимай, намысты қолдан бермеуге тырысты-ақ. Бірақ деңгейі жоғары Франция-U21 құрамасы дес бермеді, қорғанысы сыр бермеді...
Сөз соңында айта кетуіміз керек, бүгінгі ойында Қазақстан-U21 құрамасының бірнеше ойыншысы болған жоқ. Еркебұлан Сейдахмет, Бахтиер Зайнутдинов және Юрий Перцух үшеуін Станимир Стойлов ұлттық құрамамен бірге Венгрияға алып кеткен. «Ордабасы» клубына жалға берілген Дидар Жалмұқанның қайда екені белгісіз...
Қазақстан-U21 – Франция-U21 – 0:3 (0:0)
Голдар: Дембеле, 52. Огюстен, 56. Бамба, 59.
Ескертулер: Соколенко, 90+1 – Огюстен, 23.
Қазақстан-U21: Зәкіров, Қалмұратов, Мәжитов, Әбікен, Әбілғазы, Сламбеков, Вороговский (Шәмші, 80), Федин, Жұматов (Наджарян, 75), Соколенко, Сәрсенов (Өміртаев, 57).
Франция-U21: Бернардони, Боскальи, Диалло (Упамекано, 45+1), Дьяхаби, Розье, Лопес, Тусар (Нчам, 68), Ндомбеле (Нкунку, 74), Огюстен, Дембеле, Бамба.
Төрешілер: Кеннеди, Дональдсон, Аргиропулос (бәрі де – Солтүстік Ирландия)
23 наурыз. Астана. «Астана-Арена».
Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 5 – 16
Тура соққы: 2 – 8
Қиыс кеткені: 3 – 5
Тойтарылғаны: 0 – 3
Бұрыштама соққылар: 1 – 4
Офсайдтар: 1 – 4
Ескерту (сары қағаз): 1 – 1
Ереже бұзу: 18 – 14