Тізгінін Станимир Стойлов ұстаған Қазақстан құрамасы Венгрия жеріне сәрсенбі күні табан тіреп, алғашқы жаттығуын кеше өткізген. Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты ұлттық құраманың жаттығу жұмыстарын бейнетаспаға түсіріп алып, кешеден бері ықшамдалған үзіндісін жариялап отыр.
Өкінішке қарай, бүгін Серікжан Мұжықовтың құрама сапынан кетуге мәжбүр болыпты. Жарақатынан толық айықпаған жартылай қорғаушымыз алдағы екі жолдастық кездесуде алаңға шыға алмайды екен. «Астана» футболшысы ел чемпионатының екінші турында да өз командасына көмектесе алмаған. Сондай-ақ Георгий Жуков та алаңға шыға алмайтын көрінеді...
Құрама сапында басқадай өзгеріс жоқ секілді. Ертең Венгрия құрамасымен өтетін ойын бас бапкер Станимир Стойлов үшін – құрама деңгейіндегі алғашқы сын. Әрі биылғы жылғы бірінші ойын болғандықтан, футболшыларымыз да жаңа маусымды көңілге қонымды нәтижемен бастауды ойлайды.
Венгрия құрамасы да дайындалып жатыр. Әрине, олар өз жанкүйерлері алдында тек жеңіске жетуді ойлайды. Мадияр елі құрамасының бас бапкері Жорж Леекенс көрермендерін жерге қаратпайды ойлайды. Әйтсе де, әдептілік сақтап, «ертең тартысты ойын болуы керек» деп отыр...
Біз де осы матчты сарыла күткен отандық жанкүйерлер секілді, ертең түн жарымында басталатын ойынның ысқырығы безілдегенше байыз тауып отыра алар емеспіз. Ұлттық құрама Александр Бородюктен «құтылғанымыздың» дұрыс болғандығын ертеңгі ойында-ақ дәлелдеп берсе дейміз...