Вернуться к списку статей

Андрей ШУМАРА – Бірінші лигада да, Екінші лигада да елорданың өз командасы болуы қажет

Футбол
1K
Андрей ШУМАРА – Қазақстанның Бірінші лигасында да, Екінші лигасында да елорданың өз командасы болуы қажет
Елорда футбол клубы қашанғы жалғыз «Астанаға» жәутеңдей бермек? Неліктен еліміздің бас қаласы Бірінші лига мен Екінші лигаға өзінің командаларын қоспайды? Әлде, Астана қаласы әкімдігінің бұған шамасы жетпей ме?

Қазақстан кубогына қатысу үшін Шымкентке аттанып кеткен Астананың №8 БЖСМОР командасы ертең алғашқы кездесуін өткізеді. Қарсыласы – Ақтаудың «Каспий» футбол клубы. Ел кубогының қарсаңында елордалықтардың бас бапкері Андрей Шумарамен сұхбаттасып, командасының жоспары мен мақсаттары жайлы сұраған едік.

– Андрей, Қазақстан кубогына алдарыңызға қандай мақсат қойып аттандыңыздар?

– Басшылық бізге топтан шығу туралы мақсат қойды. Жақсы дайындалдық. Астанада оқу-жаттығу өткізіп, елордадағы әуесқой командаларда ойнап жүрген біраз жігіттерді жинадық. Солардың арасынан құрама жасақтап, Шымкентке 20 шақты ойыншы алып келдік.

– Топта «Қыран» мен «Каспий» сынды тәжірибелі командалардың барын ескерсек, басшылық қойған тапсырманы орындау қаншалықты мүмкін болмақ?

– Ең бастысы, әр ойында бар өнерімізді көрсету. Әлбетте, оңай болмайды. Дегенмен, топтан шығатын мүмкіндігіміз бар.

– Ендеше «Қыран» мен «Каспийдің» әлеуетіне қандай баға бересіз?

– «Қыран» – мықты команда. Бюджеті де қомақты. Соның арқасында, тәжірибелі ойыншылармен келісімшартқа отыра алады. Ал «Каспийде» қазір жағдай басқаша. Жергілікті ойыншылардан жасақталған. Ақша да әзірге ол жақта жоқ деп естідім. Шамамен деңгейі біздік командамен бірдей.

– Егер електік кезеңнен өтсеңіздер сіздерді Премьер-лига командалары күтеді. Мұндай сынаққа қаншалықты дайынсыздар?

– Біздің мақсатымыз да осы. Премьер-лиганың командаларына қарсы ойнағымыз келеді. Бұл біздің деңгейімізді өсіріп қана қоймай, елорда футболының дамуына өзіндік серпін береді.

– Жалпы, Қазақстан кубогына қатысудағы мақсаттарыңыз не?

– Елордамызда футболға қызығатын, жоғары деңгейде ойнай алатын футболшылардың көп екенін дәлелдегіміз келеді. Әлбетте, Премьер-лигада «Астана» бар. Бірақ, ол жаққа өту қиын. Деңгейі бөлек. Сондықтан, жергілікті жастардың да барар жері болуы керек.

– Қазақстан кубогы шынын, айтқанда, сіздердің командаларыңыз үшін қысқа мерзімді турнир. Ал Қазақстан екінші лигасына қатысатын жоспар жоқ па?

– Қазір осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Басшылыққа презентация дайындап, өткен жылғы жетістіктерімізді көрсетпекшіміз. Сондай-ақ, алдағы жоспарларымызды айтамыз. Расымен де, ары қарай даму үшін бізге жаңа деңгейге көтерілу қажет. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншіліктері аздық етеді. Мектептен түлеп ұшқан сол балалардың барлығының барар жері болуы керек. Мысалға, өткен жылы бізден 2001 жылғы жеткіншектер түлеп ұшты. Өкінішке қарай, біздің мектепте ондаған жыл бойы жаттыққан еңбектері зая кетіп, көбі далада қалды. Өйткені, «Астанада» өзінің футбол орталығындағы жеткіншектерінің өзіне орын табылмай тұр. Ал бізден бөлек, елордамызда жекеменшік футбол мектептері де өте көп. Бәрі де 17-ден асқаннан кейін ешкімге керексіз болып қалып жатады. Ал адамның қабілеті әртүрлі. Бірі 17 жасында жасындай жарқылдап жүрсе, бірінің 24-26 жасында футболға бейімі байқалып, шеберлігі толысады. Сондықтан, далаға қаңғыртып жібермей, сол таланттың барлығын сақтап қалуымыз қажет. Екінші лигада ғана емес, Бірінші лигада да елордамыздың өз командалары болуы қажет. Әйтпесе, біз таланттарымыздың болашағына балта шауып жатырмыз.

– Бар мәселе қаржыға келіп тірелетіні түсінікті. Ал №8 БЖСМОР-дың өзі Екінші лигаға дайын ба?

– Дайын. Өйткені, біздің мектептен түлеп ұшқан талай жастар қазір Қазақстанның көптеген басқа командаларында доп теуіп жүр. Кәсіпқой клубтан пана таппағандары әуесқой клубқа кетіп тынды. Соның барлығының басын жинап, Қазақстан Екінші лигасына өз командамызды шығаруымыз керек.

– Презентация дайындап, басшылыққа көрсетейін деп жүргеніңізді айттыңыз. Соңғы сөз кімде? Қазақстанның Екінші лигасында елорданың өз командасы болу-болмауы кім шешеді?

– Қала әкімдігінде шығар. Нақты кімнің шешетінін білмеймін, бірақ бәрі қала басшылығының қолында ғой. Ал біз дайынбыз. Былтыр бізге Қажымұқан атындағы Орталық стадионды берді. Яғни, ойындарды қабылдайтын өз стадионымыз бар.

– Дегенмен, стадион алаңының сапасы сын көтермейді. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Ол жерде ойнауға, жаттығуға болады. Бірақ ресми ойындарды өткізе алмайсың. Сондықтан, биыл стадионның алаңын жаңарту туралы мәселе көтерілген. Жақында жөндеу жұмыстары басталуы тиіс.

– Демек, келесі жылы Қазақстанның Екінші лигасында елордамыздың өз командасын қосуға дайынсыздар ғой?

– Неліктен келесі жылы? Біз биыл-ақ Екінші лигаға дайынбыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика