Вернуться к списку статей

Екінші тур – 13 гол, үш пенальти және бір автогол

Футбол
1K
Пенальти... Фото: fcirtysh.kz
Қазақстан премьер-лигасының екінші турында 13 гол соғылды. Орта есеппен әр ойында – 2,16... доптан.

Екінші турдағы алты ойынның үшеуінде ғана алаң иелері жеңіске жетіп, екеуінде қонақтар басым түсті. «Астана» түзде «Жетісуды» тізе бүктірсе, «Шахтер» сырт алаңда «Тобылды» сан соқтырып кетті.

«Қайсар» өз алаңында «Ақжайықпен» тең түсіп (1:1), Қазақстан премьер-лигасының 2018 жылғы додасында алғаш рет тең ойын тіркелді. Бірінші турда «итжығыс» түскен командалар болмаған.

Екінші турда ірі есеп тіркелген жоқ. Екі ойын 2:1 есебімен аяқталып, үш голдан соғылды («Ертіс» – «Ақтөбе» және «Ордабасы» – «Қызыл-Жар»). Бір матчтың тағдырын жалғыз гол шешіп, қалған кездесулерде екі доптан салынды.

Бұл турда алғаш рет бір ойыншы алаңнан қуылып, қызыл қағаз көрсетілді. «Атыраудың» нигериялық легионері Бабтунде Адениджи Алматыда ойын ережесін бұзып, әрі төрешімен келіспей... дауласып, алаңнан қуылды.

Жоғарыда жазғанымыздай, екінші турда 13 гол соғылды. Оның үшеуі пенальтиден салынды. Қалғандарының біреуі автогол ретінде тіркелді. Бұл турда алты голды легионерлер, қалған жетеуін өз футболшыларымыз соқты.

Мергендер тізімін әр турда бір пенальтиден орындап, мүлт кетпеген, яғни 2 гол соққан Асланбек Кәкімов («Ақтөбе») бастап тұр.

Екі турдан кейін «Астана» жеке-дара көш бастады. Ел чемпионы әзірше бәрінен көп гол соқты. Әрі өз қақпасына бірде-бір доп жібермеген жалғыз команда. «Жетісу» керісінше, екі ойында әлі бір гол соққан жоқ.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика