Ал енді «қайда өтуі мүмкін?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
Бүгін Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының арнайы өкілдері ат басын Ақтөбеге бұрып, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионның маусымға дайындығын тексеріпті.
Комиссия мүшелері стадион алаңының әр бөлігін қарап шығып, бір шешімге ертең келетінін айтыпты. Дегенмен, Кәсіпқой футбол лигасының спорт директоры Павел Демянның айтуынша, стадион 31 наурыз күнгі ойынға дайын болады дегенге сенім аз екен.
– 31 наурыз күнгі «Қайратқа» қарсы кездесуді «Ақтөбе» өз алаңында өткізсе екен деп бәріміз тіледік. Алайда, өкінішімізге қарай, кейбір объективті факторларға байланысты бұл мүмкін емес сияқты. Біріншіден, алаңның жылыту құрылғысы істен шықты. Сондықтан, алаң мұз болып қатып қалған, еритін түрі жоқ. Жылыту бөлігі жұмыс істеп тұрған жерлерде ғана шөптің көгеріп келе жатқаны көрінеді. Бұдан бөлек, синоптиктердің болжамына қарамастан әлі де даладан аяз кетер емес. Ал қатып қалған қалған алаңда доп тебу футболшылардың жарақатына әкеліп соқтыруы ғажап емес. Осы жағдайларға байланысты «Қайратпен» бейтарап алаңда өткізуіміз ғажап емес, - деді «Ақтөбе» ФК директоры Самат Смақов.
Ендеше «ақтөбеліктер» «Қайратты» қайда қабылдауы мүмкін? Смақов үшін оңай шаруа емес. Дегенмен, ең абзалы, алматылықтармен келісіп, бұл кездесуді оңтүстік астананың Орталық стадионында өткізу. «Қайраттың» басшылары да келісуі тиіс. Өйткені, алғашқы екі ойынды өз алаңында өткізіп, жеңіске жеткенімен алматылықтар әлі бабына келе қойған жоқ. Сондықтан, тағы бір команданы қабылдап, турнир кестесін түзеп алғанды олар да жөн көретін шығар. Ал 31 мамыр күні Алматыға жоспарланған кездесуді Ақтөбеде өткізуге болады.
Егер бұл вариант болмаса, Ақтөбеде спорт мектебінің алаңы бар. Онсыз да «Ақтөбе» соңғы маусымдары алғашқы ойындарын осы стадионда өткізіп жүр. Алайда, бұл футболшыларға ұнай қояр ма екен? Оның үстіне, Смақовтың өзі айтпақшы, мұндай алаңда футболшылар жарақат алып қалуы да мүмкін. Сондықтан, бұл варианттан Смақовтың өзі де бас тартатын шығар. Ал егер «Қайрат» басшылығымен келісе алмаса, елорданың «Астана Аренасын» жалдауы ғажап емес. 2016 жылы солай болғаны әлі есімізде.