Бірер күннен кейін Венгрия және Болгария құрамаларымен кездесіп, жолдастық кездесулер өткізетін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз жиынын өткізді.
– Ұзақ жолды бастағалы тұрмыз. Ұлттық құраманың деңгейін көтеру керек. Өйткені FIFA рейтингісіндегі қазіргі орны ешкімді де қанағаттандырмайды. Құраманың ойын өрнегін өзгертуіміз керек. Бұған дейін, негізінен қорғанысқа көп көңіл бөлінді. Ал Ұлттар лигасында қорғаныс пен шабуылды ұштастыра білу керек. Венгрия да, Болгария да – бізге қарағанда деңгейі жоғары құрамалар. Матч қандай есеппен аяқталса да, бізге еуропалық деңгейде ойнауға тырысу қажет.
Екі аптаның ішінде премьер-лигадағы командалардың барлық ойындарын көріп шықтық. Шынымды айтайын, Қазақстан футболшыларының деңгейлері – өте төмен. Осы мені алаңдатады. Екі айдың ішінде спорттық баптарына келуге болады ғой. Тіпті мен де үздіксіз жаттықсам, спорттық бабыма келе алар едім. Футбол алаңдарының сапасы сын көтермейді.
Көпшілік құрама сапында «Астана» мен «Қайраттың» ойыншылары тым көп деп, таң қалады. Оның жөні бар. Себебі, «Астана» өзінің деңгейі жоғары екендігін дәлелдеген команда, ал «Қайрат» соған жетеқабыл деңгейде ойнай алады. Маған жоғары мақсаттарға қол жеткізуге дайын футболшылар керек.
Кеше мен Қазақстан құрамасының соңғы екі жылдағы ресми ойындарда жеңіске жетпегендігін білдім. Бұл өте көп. Бірақ біз бәрін де өзгерте аламыз. Шүмектетіп тер төу қажет, уақыт қажет. Жеті айдан кейін Ұлттар лигасы басталады. Бізге өте қиын болады. Біз үшінші қоржында болған командамыз, біз фаворит емеспіз. Десек те, бірінші орынға таласуды жоспарлап отырмыз.
– Құрама сапына шақырған үш қақпашыңыздың екеуі әлі алаңға шыққан жоқ. Рас, Плотников суперкубокта ойнады. Бірақ үш гол жіберіп алып, қосалқы құрам орындығында отыр. Мокинді алаңнан көрмегелі біраз болды. Әрі сол екеуінің жастары да келіп қалған. Болашағынан үміт күтетін қақпашылар санатына жатқыза алмаймыз. Біреу биыл 37-ге толады, екіншісі 32-де. Басқа ешкім жоқ па? Әлде Мокин мен Эрич «егіз» бе, олардың жұптарын жазуға болмай ма?
– Мәселе олардың жастарында емес. Мәселе – олардың маған қажетті деңгейде өнер көрсетіп жүргендерінде. Эрич, Мокин және Плотников өздерінің жоғары деңгейде ойнай алатындықтарын көрсетті. Басқа қақпашылар олардың деңгейіне жете алмайды. Жоғары деңгейлі қақпашылар болып, оларды шақырмайтындай мен өзіме жау емеспін.
– Алдағы ойындарды Қазақстан құрамасы қандай ойын өрнегін көрсететін болады?
– Шабуылда да, қорғаныста да мұқият ойнағанды қалаймын. Алаңда темірдей қатаң тәртіп керек. Венгрия мен Болгария – азулы қарсыластар. Жалпы, жолдастық кездесулер өткізудің өзі оңайға соқпай тұр. Жазда қандай командалармен ойнайтынымызды білмейміз. Егер қарсыласты мен таңдасам, ойын өрнектері Ұлттар лигасында кездесетін қарсыластарымызға жақын, ұқсайтын командаларды қарастырар едім. Ұлттық құрамада тек ең үздік футболшылар ойнайтын болады. Менің сүйікті ойыншыларым жоқ.
– Екінші турдан кейін құрама сапында өзгерістер болды ма?
– Айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тек Жуков, Лунин және Логвиненко үшеуі жарақаттанып қалған. Әзірше тек Дмитрий Мирошниченконы қостық. Жас ойыншыларды іс жүзінде тексеріп көргім келеді. Сейдахмет, Зайнутдинов, Парагульгов сынды жастарымызды еуропалық деңгейде сынақтан өткізсем деймін.
– Құраманың капитаны кім болады?
– Капитан таңдауға әлі асықпайық. Ұлттық құрама сапына шақыртылған жігіттердің кез келгені оған лайық. Бәрі де ел намысын қорғайды. Сәл кейінірек өз шешемімді айтамын. Мен әлі негізгі құрамға да тоқталған жоқпын.
– Бауыржан Исламхан капитанға лайық па?
– Бұл ойыншының таланты бар деп ойлаймын. Бірақ оған қорғаныста да командаға көп пайда тигізуге тырысу керек. Қырағылық танытып, шабуылды да сәтті аяқтап отыра алады. Әзірше оның бос жүгірісі көп. Егер ол алаңда өз орнын тауып, өзін-өзі жетілдіре түссе, өте жоғары деңгейлі футболшы болады. Әрине, біз оған бұл тұрғыда көмектесетін боламыз.
– Осы екі ойынға шақыртылған футболшылар ұлттық құраманың негізі қалайтын бола ма?
– Жоқ. Бәрінің де мүмкіндіктері бірдей. Егер басқа ойыншылар көзге түсіп, жоғары деңгейде өнер көрсететін болса, соларды да шақырамыз. Қайталап айтамын, менің сүйікті ойыншыларым жоқ. Кім жақсы ойнайды, сол шақырылады.
– Шабуыл өтінде кімге сенім артпақсыз?
– Әзірше құрама сапына шақыртылғандар арасында екі шабуылшыға сенім артпақ ойымыз бар. Олар – Хижниченко мен Щеткин. Бұл шепке Муртазаевты да қойып көруге болады. Көреміз, кімнің лайық екенін әлі. Бізде қазір негізгі мәселе қорғанысымыздың орталық шебі болып тұр. Логвиненкосыз өте қиын болады. Алдағы екі ойынның нәтижелері көңілге қонымды болмаса да, қыркүйекке дейін ойын өрнегімізді жетілдіріп алуымыз керек. Ең бастысы да, маңыздысы да – осы.