Вернуться к списку статей

Ғалымжан Кенжалинов – Әуесқой футболды дамытпайынша кәсіпқой деңгейде жетістіктерге жете алмаймыз

Футбол
1K
Ғалымжан Кенжалинов – Әуесқой футболды дамытпайынша кәсіпқой деңгейде жетістіктерге жете алмаймыз
Қалалық федерация төрешілер алқасының төрағасы лауазымынан бөлек, бас менеджерлікті де қатар алып жүретін маманмен елордамыздағы барлық футбол додалары жайлы сұхбат құрған едік.

Астана футбол федерациясының аясында өтетін турнирлер өте көп. Әлбетте, әрқайсысына жауапты өзінің білікті мамандары бар. Дегенмен, соның барлығына бас-көз болып, жоғары дәрежеде ұйымдастырылуына бірден-бір жауапты тұлға – Ғалымжан Кенжалинов. 

Бір жылда 29 турнир

«Өткен жылы елордамызда әртүрлі деңгейдегі 29 футбол турнирін ұйымдастырып, оған барлығы 7052 адам қатысты. Мұның барлығы үлкен еңбектің арқасы. Шынын айтқанда, Астана футбол федерациясында президент Аймағамбетов Лашын Ерқараұлынан бастап, барлық қызметкерлері өз істеріне шынайы берілген мамандар. Соның нәтижесінде осындай жетістіктерге жетіп отырмыз. Әлбетте, бізге дейін Астанада футбол болған жоқ деуден аулақпыз. Алайда, 2013 жылдан бастап елордамызда аяқдоп өнерін дұрыс жолға қойылды. Турнирлер жүйелі түрде ұйымдастырылып, әртүрлі деңгейдегі біріншіліктердің саны артты».

Астана біріншілігі қалай басталды

«Рас, елордамызда әуесқой футболдан қала біріншілігі бұрын да ұйымдастырылып тұратын. Алайда, тұрақсыз еді. 2013 жылдың күзінде ардагерлер арасында турнир ұйымдастырып, оған 6 команда қатысты. Жанкүйерлер де көп жиналды. Алаңға Александр Горда, Андрей Линевич, Сергей Манойленко, Каландар Ахметов, Руслан Гумар, Қанат Мұсатаев, Ойрат Садуов сынды саңлақтар шығып, өздерінің өрнекті ойындарымен көрермендерді қызыққа бөледі. Турнир жоғары деңгейде өтіп, елордамызда футболға деген қызығушылық бұрынғыдан да арта түсті. Көп ұзамай қысқы біріншілікті бастап кеткенбіз. Ардагерлер турнирінің қызықты өткендігінен болар, қала біріншілігіне қатысуға бірден 13 команда өтініш білдірді. Содан бері Астанада Қала біріншілігі қысқы және жазғы біріншілік болып, тұрақты түрде өтіп келеді».

Мұрат Тілешев, Антон Чичулин, Исламбек Қуат және Астана біріншілігінің басқа да жұлдыздары

«Астана біріншілігінің тартыстылығын арттырып, көпшіліктің қызуғышылығын өсіру үшін көптеген тың идеяларды жүзеге асырдық. Соның бірі кәсіпқой футболшыларға қатысты еді. Қыста көптеген кәсіпқой футболшылардың демалыста болатыны белгілі. Кейбірінің ескі клубымен келісімшарты аяқталып, командасыз қалады. Осындай кезде оларға да үнемі бабында болу үшін алаңға шығып, доп теуіп тұрған дұрыс. Біз Қала біріншілігінің қысқы маусымында командаларға құрамына кәсіпқой футболшыларды тіркеуге рұқсат бердік. Нәтижесінде әуесқойлармен бірге Мұрат Тілешев, Андрей Карпович, Исламбек Қуат, Антон Чичулин, Санат Жұмаханов, ағайынды Азовский сынды мықтылар доп тепті. Олармен бірге ойнап, әуесқойлардың де шеберліктері өсті. Осылайша елордалықтардың Астана біріншілігіне деген қызығушылықтарын да арттырдық».

Әуесқой футболдан кәсіпқой деңгейге...

«Әу баста Астана біріншілігінде ВРЗ (вагон жөндеу зауыты) және Наша кампания» командалары топ жарып жүретін. Оларға теңесер команда болмады. Алайда, кейінірек бәсекелестік күшейіп, «Батыр», «Прогресс» сынды командалардың кезегі келді. «Школьник» деген мықты команда болды. Ал қазір «Достар», «Зенит», «Жолбарыс», «Арт Принт» сынды командалардың ойындары көз сүйсінтеді. Бәсеке артқан сайын мықтылар іріктеліп, әлсіздер ақырындап артта қала береді екен. Қазір сол «Достар» Астанадағы ғана емес, Қазақстандағы мықты ұжымдардың бірі. Былтыр әуесқойлар арасында ел чемпионы атанып, УЕФА Аймақтар кубогының жолдамасын жеңіп алған. Жалпы, Астана әуесқой футболынан кәсіпқой деңгейге өсіп шыққан футболшылар да аз емес. Солардың бірі – Аслан Еркен. Әуелі «Школьникте» доп тепті, одан кейін «Зениттің» намысын қорғады. Ал қазір Қазақстан Бірінші лигасында ойқастап жүр. «Бәйтерек» пен «Екібастұз» сапында 65 ойын өткізіп үлгеріп, төрт голдың авторы атанған».

Отбасылық мерекеге айналған «Самұрық-Қазына» лигасы

«Корпоративтік футболды дамыту да Федерацияның басты мақсаттарының бірі болды. 2013 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Спартакиадасы өтіп, мен сонда бас төреші болдым. Турнирден кейін «неге осы «Самұрық-Қазына» лигасын қолға алмасқа?» деп ойладық. 2014 жылы жобаны жүзеге асырдық. Әр сенбі және жексенбі сайын «Жас батыр» стадионына жиналатын едік. Турнир нағыз отбасылық мерекеге айналды. Стадионда алаңның шеткері жағына балаларға арналған ойын аймағын салдық. Әкелері доп теуіп жатқанда кішкентайлары ойынның қызығына батып жататын еді. Біз тіпті, «Демалыста отбасыңмен футболға кел» деп ұран ойлап таптық».

BAQ league – журналистердің басын қосқан мереке

«2016 жылы BAQ league жобасын қолға алдық. Бұл журналистер арасындағы тұңғыш толыққанды біріншілік еді. Бүгінде BAQ league елордамыздағы ең ірі футбол додаларының біріне айналды. Оған «Хабар», «Қазақстан», «Астана», «Қазспорт» сынды ірі телеарналар және «Егемен Қазақстан» сынды ірі газеттер қатысады. Рас, техника, тактика жөнінен Қала біріншілігінің ойындарынан кем түсіп жататын шығар, алайда қызықтылығы мен тартыстылығы жөнінен кейде кәсіпқой турнирлердің өзінен асып түсіп жатады».

Eleu cup – отбасылық додадан халықаралық турнирге айналған жоба

«Жыл сайын футзалдан Eleu cup турнирін ұйымдастырып тұрамыз. Әу баста отбасылық жарыс болған. Үш-төрт команда-ақ қатысатын. Кейін командалар саны артты. Ал 2014 жылдан бастап бұл жоба Астана футбол федерациясының аясында өтеді. Оған Қазақстанның Атырау, Ақтау, Алматы, Қарағанды, Семей қалаларынан бөлек, Украина, Әзірбайжан, Ресей, Қырғызстан елдерінің де командалары қатысады».

Алғашқы қадамнан асыл арманған дейін...

«Өзім кішкентайымнан футболмен айналыстым. Алғашқы бапкерім – Ручкин Михаил Иванович. Кейін 1986 жылғы жасөспірімдердің құрамына еніп, Иван Генадьевич Азовскийдің қарамағында жаттықтым. Ал 2000 жылы әуесқой футболдан Астана кубогының финалдық ойынын тамашалауға барғанмын. Қапталдағы төреші келмей қалып, соның орнына қызмет етуімді сұрады. Содан бастап төрешілікке қызығушылығым артты. Айтпақшы, сол финалда ойнаған «Дружба» командасында Қазақстан футбол федерациясының қазіргі президенті Әділбек Жақсыбеков доп тепкен. Ол кезде Астана қаласының әкімі еді. Ал арманым – әлем чемпионатында төрешілік ету. Егер сол мундиальда Қазақстан құрамасы ойнаса, екі есе бақытты болар едім. Ал сол құраманың қатарында Астана әуесқой футболының түлегі доп тепсе, арманымның үш есе орындалғаны болар еді».

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика