Вернуться к списку статей

Әлия Дүйсекеева – Астана футбол федерациясы – үлкен шаруаларды атқарған кішкентай ұжым

Футбол
1K
Әлия Дүйсекеева – Астана футбол федерациясы – үлкен шаруаларды атқарған кішкентай ұжым
Ертең, яғни 17 наурыз күні Астана футбол федерациясының Кезектен тыс Конференциясы өтеді. Аталмыш жиынның қарсаңында ұзақ жылдар бойы қалалық федерацияда менеджерлік қызмет етіп, елорда футболының дамуына үлес қосқан Әлия Дүйсекеевамен сұхбат құрған едік.

Астана футбол федерациясының дәл қазіргі қалпында жұмыс істеуіне үлкен еңбек сіңіріп, әр бастаманың басында болған Алия Алмасқызы 2013 жылдан бері Федерацияның вице-президенті. Төменде оның барлық тақырыптарды қамтыған келелі пікірлерін ұсынып отырмыз.

Астана футбол федерациясындағы алғашқы қадам

«Қалалық федерацияның жұмыстарын жүргізіп, елорда футболын аяққа тұрғызу – Лашын Аймағамбетовтың идеясы. Екеуміз ежелден доспыз ғой, бұл жайында үнемі әңгімелесіп, пікір таластырып, армандап, қиялымызды жүзеге асырудың жолдарын қарастырып жүретінбіз. Содан бәрі кенеттен басталып кетті. Қала футболын дамытуға бірден кірісіп кеттік. Кейін жобаға Ғалымжан Кенжалинов қосылды. Көзін ашқалы футболмен тыныстап өскен, оның үстіне, Астананың тумасы. Жергілікті жердің менталитетін жақсы біледі. Оның кәсіпқойлығы мен өз ісіне адалдығы бізге көп көмектесті. Бәрін басынан бастау керек еді. Шынын айтқанда, оңай жұмыс емес. Басқасын айтпағанда, құжаттарды рәсімде, регламенттерді бекіту, ережелерді ретке келтіру... мұның барлығы қажырлықты талап ететін шаруалар. Бірден бәрін жолға қойып тастау керек болды. Осы ретте Лашынның ежелгі досы заңгер Дмитрий Куряченко да көм көмек берді».

Әуесқой футбол мен кәсіпқой футболдың айырмашылығы

«Мойындаймын, бұған дейін республикалық деңгейдегі жобаларда жұмыс істеп үйреніп қалған маған қалалық футболдың аясы бастапқыда тым тар секілді көрінетін. Оның үстіне, бірнеше жыл Қазақстан футбол федерациясында әртүрлі жетекші қызметтерде жүрдім. Содан кейін шығар, қалалық федерациядағы жұмыстарға бірден үйренісіп кете алмадым. Алайда, уақыт өте келе нағыз романтиканың әуесқой футболда екенін түсіндім. Мұнда бәрі шынайы, көзбояушылықтан ада. Жоқ, кәсіпқой футболды жамандаудан аулақпын. Дегенмен, әуесқой футболды риясыз көңіл басым. Үлкен федерацияда 10 жылдан астам қызмет еттім. Алайда, ол жақта сыртынан бәрі әдемі болғанымен ішкі бөлігінде футболдың иісін сезбейтіндер де бар. Нағыз футболдың атмосферасын қалалық футбол федерациясына келгенімде ғана сезіндім».

«С» санаттағы жаттықтырушылар курсы жөнінде

«Жалпы, Федерацияның қызметі қалалық және коммерциялық турнирлерді ұйымдастырудан ғана тұрмауы керек. Бұдан да басқа жобаларды жасай алатынымызды білдік. Жаттықтырушыларды даярлау курсы соның дәлелдерінің бірі еді. Дегенмен, басында мұның өзі оңай шаруа болған жоқ. Тіпті, бізге бұл жобаны жүргізуге басында тиым да салған. Әлі есімде, ФИФА мен УЕФА-дағы достарыма қоңырау шалып, жағдайды реттеп берулерін өтініп, соңғы сөздерімді де айтқан едім. Балалар футболы, бұқаралық футбол, әуесқой футбол – мұның барлығы аймақтық федерациялардың жүргізіп отырған жұмыстары. Ендеше осы саланың жаттықтырушыларын дайындауға неліктен қарсы болатындықтарына түсінбей дал болатын едік. Сол ойымызды ҚФФ Техникалық орталығының жетекшісі және негізін қалаушысы Қайрат Ілиясұлы Адамбековке де жеткізетінбіз. Ол кісі де іштей біздің бұл бастамамызды қолдайтын. Кейін ақыры «С» санаттағы жаттықтырушылар курсын өткізуге рұқсат алдық. Осылайша 2,5 жылдың ішінде бүгінге дейін 150-ге жуық жаттықтырушылар дайындап шығардық. Болашақта әр аймақтық федерацияның өз техникалық орталығы болады деп үміттенемін. Сонда ғана біз саннан сапаға көшіп, отандық футболға білікті бапкерлерді дайындап шығаратын боламыз».


Жас төрешілер мектебі туралы

«Бұл жобаны біз Федерацияны қолға алғанда-ақ бірден бастап кеттік. Ал Жаттықтырушыларды даярлау курсының алғашқы кезеңін сәтті өткізгеннен кейін Жас төрешілер мектебінің жұмысына шындап кірістік. Оның жетекшісін тағайындап, білікті төреші, ФИФА ассистенті Әлібек Әубәкіровты шақырдық. Сапалы кадрлар дайындау үшін курстың ұзақтығы бір апта емес, бір жылға созылуы тиіс деп шештік. Есесіне, қазір елорданың арбитрлары Қала біріншілігінен бастап Премьер-лигаға дейін бар. 10-нан астам төреші биыл Премьер-лигаға өткен. Мұның барлығы Федерацияның осы күнге дейін атқарған шаруаларының жемісі».

Чемпиондарды тәрбиелеу біздің міндетіміз

«Бір жобаны қолға алсаң екіншісі өздігінен пайда бола береді ғой. Алғашқы Жаттықтырушылар курсын өткізіп, олардан емтихан қабылдап жатқан кезде тағы бір идея пайда болды. Неге Балалар футбол орталығын ашып, осы жаттықтырушылардың ішіндегі ең дарындыларын өзімізге жұмысқа алмасқа деп ойладық. Осылайша өмірге БФО келді. Рас, басында оңай көрінгенімен бұл да жүйкемізді біраз жұқартқан жоба болды. Жаттықтырушы таңдауда қателескен кездер де аз емес еді. Сеніп тапсырған бапкерлер біраз уақыттан кейін БФО-ға келген балаларды өздерінің басқа мектептеріне алып кетіп жатты. Бірақ, Лашынның ерекшелігі, бір жобаны бастады ма, соңына дейін жеткізбей тынбайды. Ешқандай сәтсіздіктерге мойымайтын адам. Ақыры дегеніне жетті ғой. Алайда, кейін методика жағынан қиындық көрдік. Қарапайым, балаларды жаттықтыру методикасын таппадық қой. Талай бапкердің алдына бардық. Көбісінікі сүрленген сол бір ескі методика. Содан, кезінде Қазақстан футбол федерациясында спорт директоры қызметін сәтті атқарған беларуссиялық Анатолий Юревичке хабарластық. Минскіде ауырып жатыр екен. Соған қарамастан өз қаржысына Астанаға ұшып келіп, біздің жас жаттықтырушыларымызға балаларды дайындаудың заманауи әдістерін үйретіп кетті. Есесіне қазір Астана футбол федерациясының Балалар футбол орталығы елордамыздағы еңселі мектептердің бірі. Болашақта бұл жеткіншектерден еліміздің намысын абыроймен қорғап шығар футболшылар өсіп шығады деп сенемін».


Сайт – бар жарыстың жаршысы

«Жанкүйерлерді Астана футбол федерациясының аясындағы барлық турнирлерден хабарландырып отыратын sportsffa.kz сайтын ашу Лашын Аймағамбетовтың идеясы. Жоғарыда атап өткенімдей, бізде барлық жобалар талқылаудың, қиялдаудың, армандаудың арқасында дүниеге келетін. Сондай талқылардың бірінде аталмыш сайтты өмірге әкелдік. Оның үш тілді болғанын және елорда футболынан бөлек, Қазақстан аяқдобы туралы сапалы сараптамалық мақалаларға толы болғанын қаладық. Әлбетте, әр сайт өздігінен жұмыс жасамайды. Оның да ар жағында адамдар бар. Журналистер қажет болды. Сөйтіп, бас редакторлық қызметіне Владимир Мальцевті ұсындым. Екеуміз бір кездері Қазақстан футбол федерациясында жұмыс жасағанбыз. Мұнда да бірден тіл табысып кеттік. Асыра сілтегеніміз емес, сапалы сайт болды. Оның үстіне, қазақ және орыс бөлімі бір-бірін көшірмейтін өз алдына тәуелсіз мақалалар шығарып отырды. Айтпақшы, сайттың қазақ бөлімін талантты журналист Нұрғазы Сасаев басқарды. Өз ісінің хас шебері. Дегенмен, басында мінезіміз үйлеспеді. Алайда, уақыт өте келе бауырлардай болып кеттік. Нұрғазы – өте еңбекқор, жатпай-тұрмай жұмыс жасайтын, сонысымен талай жастарға үлгі болатын білікті журналист».

"Футбол бізден басталады"

«Иә, бұл біздің ұранымыз. Расымен де солай. Кішкентай ғана ұжым болғанымызбен қолымызға алған кез келген жұмысты сапалы орындауға тырысатынбыз. Астана футбол федерациясында бәрі УЕФА стандарты бойынша ұйымдастырылады. Әрбір қызметкердің өзіндік орны бар. Ғалымжан Кенжалинов – футбол десе ішкен жерге қоятын ерекше жан. Данат Мұхаметғалиев – футболдың нағыз фанаты, қолға алған жұмысын жетесіне жеткізбей ұйқы көрмейтін адам. Жалпы, Федерациядағы қызметкерлердің қай-қайсысы болмасын, Астана футболының дамуына қосқан үлесі зор. Сондықтан, «Футбол бізден басталады» деп сеніммен айта аламын».

Келесі командаға тек сәттілік тілеймін!

«Қазір өзімнің бизнесім бар. Сүйікті ісіммен айналысып жатырмын. Бірақ, футболдан да алыстап кеткен жоқпын. Мұнда үлкен өмірлік тәжірибе жинадым. Сондықтан, осы жобаның басы-қасында болғаным үшін өзімнің досым Лашын Аймағамбетовке зор алғыс білдіргім келеді. Ал бізден кейінгілерге тек сәттілік тілеймін! Елорда футболының, жалпы бұқаралық спортының дамуына үлкен септігін тигізген бұл жоба жалғасын табуы тиіс».

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика