Вернуться к списку статей

Ұлттық құрамадан тыс қалған ТОП-10 ойыншы

Футбол
1K
Ұлттық құрамадан тыс қалған ТОП-10 ойыншы
Бұл футболшылар ұлттық құрамамыздың жаңа бас бапкері Станимир Стойловтың көңілінен шықпағаны ма? Алдағы уақытта бас командамыздың сапына қайта оралуға мүмкіндік алар ма екен?

Алдыңғы күні Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты ұлттық құрамамыздың алдағы екі жолдастық кездесуіне шақырту алған футболшылардың тізімін жариялады. Әлбетте, команданың басым бөлігі «Астана» мен «Қайраттың» ойыншылары болуы түсінікті. Дегенмен, бір қызығы, тізімнен бүгінге дейін ұлттық құрамаға тұрақты түрде шақыртылып жүрген немесе көк жейдемізді енді ғана кие бастаған бірқатар футболшыларды таппадық. Бәлкім, алдағы уақытта шақыра жатар. Ал әзірге Станимир Стойловтың бұл жолғы тізімінен тыс қалған ТОП-10 ойыншыны ұсынамыз.

Давид ЛОРИЯ (Ақтөбе) – 36 жас, қақпашы


Талғат Байсуфиновтың кезінде де, Александр Бородюктің шағында да Давид Лория ұлттық құрамамыздың негізгі қақпашыларының бірі болды. Ал ресейлік маман оған қақпадан бөлек, капитандықты да сеніп тапсырды. Былтыр тек Кипр мен Румынияға қарсы ойындарға ғана қатыспады демесеңіз, қалған бес ойында қақпа кілті Лорияның қолында болған. Алайда, өткен маусымның соңында «Ертіс» сапында өте ауыр жарақат алған қақпашы бірнеше ай бойы аяғын гипстеп жүрді. Одан кейін «Ақтөбеге» ауысты. Қазір қаншалықты бабында екені белгісіз. Бірақ, «Ақтөбеге» салынған трансферлік банның кесірінен бірінші турға қатысқан жоқ. Сондықтан, оның ұлттық құрамаға шақырту алмауы – бір жағынан заңдылық. Дегенмен, алдағы уақытта Датоға бас командаға қайта оралу қиын болады-ау. Өйткені, Станимир Стойлов өзі жақсы білетін Ненад Эричке сенім артатын секілді.

Стас ПОКАТИЛОВ (Қайрат) – 25 жас, қақпашы


Давид Лориямен қатар «Қайрат» қақпашысы Стас Покатилов та ұлттық құрама ойындарынан қалмайтын. Егер 2015 жылдан бері бас командамыздың сапында. Красножан да, Байсуфинов пен Бородюк те оны ұлттық құрамадан қалдырмайтын. Алайда, Стойловтың талғамы басқаша ма, әлде басқа да себептері бар ма, әйтеуір Покатилов болгар бапкерінің алғашқы жаттықтыру жиынынан тыс қалды. Бәлкім, оның бұл шешіміне қақпашының бірінші турдағы ойыны себеп болған шығар. Естеріңізге сала кетейік, Алматыда өткен сол кездесуде «Қайрат» чемпионаттың басты аутсайдерлерінің бірі «Қызыл-Жарды» қабылдап, 2:1 есебімен жеңген. Бір қызығы, Станимир бас командаға Покатиловтың «Қайраттағы» дублері Владимир Плотниковты шақыртқан екен.

Темірлан ЕРЛАНОВ (Ордабасы) – 24 жас, қорғаушы


Темірланды ұлттық құрамаға алғаш рет 2016 жылы Талғат Байсуфинов тарта бастаған. Қорғаныстың орталық шебінде жақсы ойнай алатын ойыншы деп баға берген сол кезде оған мамандар. Александр Бородюк те Ерлановты жаттығу жиындарына шақырып тұратын. Қазір ол «Ордабасының» негізгі қорғаушысы. Бірінші турда Қарағандының «Шахтеріне» қарсы тәп-тәуір ойнады. Алайда, Стойловтың алғашқы тізіміне сыймай қалды. Бәлкім, бұл жолы болгар бапкері «астаналықтар» мен «қайраттықтардың» халін тексеріп көрейін деген шығар. Неде болса, егер осы қарқынынан танбаса, Темірлан алдағы уақытта қалайда шақырту алары түсінікті.

Ян ВОРОГОВСКИЙ (Қайрат) – 21 жас, жартылай қорғаушы


«Қайраттағы» Қазақстан азаматтығы бар футболшылардың барлығына дерлік шақырту қағазын жіберген Станимир Стойлов Ян Вороговскийді тізімге қоспапты. Еліміздің ең дарынды жастарының бірі соңғы кездері «Қайрат» сапында негізгі құрамда ойнап жүр. Бірінші турда да 90 минут бойы ойқастады. Алайда, Ян бас командамыздың бұл жолғы жиынынан тыс қалды. Кім біледі, бәлкім, Вороговскийге тиіспеуін жастар құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов сұрады ма екен?.. Неде болса, жартылай қорғаушыны 23 және 27 наурыз күндері Франция мен Люксембург жастарына қарсы маңызды ойындар күтіп тұр.

Мақсат БАЙЖАНОВ (Қайсар) – 33 жас, жартылай қорғаушы


Басқа-басқа, осылардың ішінде Мақсат Байжановтың ұлттық құрамаға өкпесі жоқ шығар. Сонау Сергей Тимофеевтен бастап Бородюкке дейінгі бапкерлердің барлығының тәлімін көрген Мақсат бас командамызда 2005 жылдан бері ойнап жүр. Рас, арасында үзілістер де болды. Алайда, қай бапкер болмасын, Байжановты назарға алып жүретін. Алайда, Станимир Стойлов тамызда 34 жасқа толатын жартылай қорғаушыға қаншалықты сенім артар екен? Құрамамыздың жартылай қорғанысын қарасаң, бәрі де алғыр жігіттер. Тым болмаса, болгар маманы Байжановқа ұлттық құрамадағы қоштасу кездесуін өткізуге мүмкіндік берер деп үміттенеміз.

Асқат ТАҒЫБЕРГЕН (Қайсар) – 27 жас, жартылай қорғаушы


Биыл туған жері Қызылордаға оралуды жөн көрген Асқат Тағыберген Стойловтан шақырту күткен де шығар. Өйткені, екеуі бір-бірін «Астанадан» бері жақсы таниды. Станимир оның қалай ойнайтынын бес саусағындай біледі. Бірақ, бұл жолы шақырмауды жөн көріпті. Бәлкім, бұған «Қайсардың» бірінші турда өз алаңында «Ақтөбенің» бозбалаларынан жеңіліп қалғаны себеп болған шығар. Әйтпесе, Асқат былтыр ұлттық құрамамыздың барлық жиындарына қатысып, бір матчтан ғана тыс қалған болатын.

Азат НҰРҒАЛИЕВ (Тобыл) – 31 жас, жартылай қорғаушы


Азаттың да әлеуеті Станимир Стойловқа жақсы таныс. Кезінде жарты жыл «Астанада» ойнатып, барлық қабілетін біліп алған. Сондықтан, дәл Нұрғалиевтей креативті ойын керек болса, болгар бапкері алдағы уақытта міндетті түрде оның көмегіне жүгінетін болады. Дегенмен, бас командада қазір де Азаттың шебінде ойнай алатын Серікжан Мужиков, Бауыржан Исламхан, Георгий Жуков, Магомед Парагульгов сынды жігіттер бар.

Аслан ДАРАБАЕВ (Тобыл) – 28 жас, жартылай қорғаушы


Былтыр «Ертісте» тамаша маусымын өткізген Аслан Дарабаевтың еңбегі еленіп, маусым соңына таман ұлттық құрамамыздың үш ойынына қатысқан. Алайда, биыл «Тобылға» ауысып, қостанайлықтардың қатарына әлі толыққанды сіңісе алмай жатқан секілді. Ел чемпионатының бірінші турын қосалқы құрамда бастап, тек 85-ші минутта бес минутқа алаңға шықты. Станимир Стойловтың көңілінен шығу үшін әр ойында командасының негізгі құрамынан орын алып отырудың өзі аздық етеді.

Таңат НӨСЕРБАЕВ (клубсыз) – 31 жас, шабуылшы


Ақша ма, әлде футбол ма? Таңат Нөсербаев алғашқысын таңдады. Біз емес, мұны айтып отырған жанкүйерлердің өздері. Әйтпесе, аранын атандай етіп ашпағанда оны басқа клубтар да өз қатарынан көруге дайын болыпты. Алайда, «Ордабасыдағы» жалақысынан айрылғысы жоқ Нөсербаев Шымкенттен кеткісі келмей отырған көрінеді-мыс. Қазір ол ресми түрде ешбір клубтың қатарында емес. Сондықтан, ұлттық құрамаға шақырту алмауы да заңдылық.

Бауыржан ТҰРЫСБЕК (Тобыл) – 26 жас, шабуылшы


Былтыр Бауыржан Тұрысбек ұлттық құрамамыздың соңғы екі кездесуінде Александр Бородюктің сиқырлы таяқшасына айналып, екі кездесуде де гол соққан. Тіпті, Армениядан ұтылып жатқан жерімізден таразы басын теңестіріп кеткен. Биыл да маусымды жақсы бастап, бірінші турда «Жетісу» қақпасына гол соқты да, «Тобылға» жеңіс сыйлады. Алайда, Станимир Стойловтың командасынан орын алу үшін бұл аздық етеді екен.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика