Иә, егер алдағы екі жолдастық кездесудің бірінде алаңға шығар болса, «Астана» футбол клубының қорғаушысы Евгений Постников Қазақстан ұлттық құрамасының УЕФА кезеңіндегі жейдесін киген 36-шы легионер болмақ. 36-шы легионер. 40-қа да жақындап қалыппыз. Жалпы, кімдерге берілмеген «көк құжат» дейсіз?... Виктор Дмитренко, Валерий Коробкин, Анатолий Богдановтар бер жағы ғана, Юрий Аксенов, Андрей Шкурин, Александр Крохмаль, Никита Хохлов дегендер бүгінде естеріңізде де жоқ шығар. Бір кездері еуропалық командалардан ойсырай ұтыла беріп, қатты қиналғанымыз соншалық, Ресей футболының төменгі лигаларынан келген Михаил Рожков, Алексей Поповтарға да азаматтықты ойланбай бере салыппыз. Сондықтан, олардың қасында Евгений Постниковтың ұлттық құрамаға шақырылуы – «айналайын».
Жоқ, сауатты, әрі пайдалы легионерлерге ешкім қарсы емес. Солардың арқасында футзалдан Еуропа чемпионаттарында қатарынан екі рет жартылай финалға жетіп, бір рет қола жүлдегер атандық. Жалпы, легионер тарту – әлемде бар тәжірибе. Азуын айға білеген Испания құрамасының өзі Бразилиядан Диего Костаны алдыртқан, оған дейін Маркос Сеннаға азаматтық берді. Италияның да шабуылында «Копакабана» елінің түлегі Эдер ойқастап жүр. Сондықтан, мұндай құбылысқа таңғалудың қажеті жоқ.
Дегенмен, өз елімізге оралайық. Станимир Стойлов – Қазақстан ұлттық құрамасының УЕФА кезеңіндегі 10-шы бас бапкері. Біріншісі – Вахид Масудов. Алайда, оның кезінде Федерациямыз УЕФА-ға енді ғана мүше болып жатқандықтан ба, Вахид Юнузович өзі бастап шыққан екі жолдастық кездесуде де бас командамызда бірде-бір легионерді ойнатпапты. Бәрі содан кейін басталды. Қазақстанның көк құжатын көңіліміз түскен келімсектердің бәріне де таратып бере беріппіз. Мәселен, Леонид Пахомовтың кезінде 9 легионерге азаматтық бердік. Мирослав Беранектің кезінде 8 легионер Қазақстан ұлттық құрамасының жейдесін бірінші рет киді. Жалпы, ұлттық құрамамызды жаттықтырған бапкерлердің қай-қайсысы болмасын, көз қырын «сырттан келген сырттандарға» қарай салып отырған. Тіпті, отандасымыз Талғат Байсуфинов та келімсектердің көмегінен айналып өте алмай, экс-ресейлік Альмир Мухутдиновты бас командаға шақырған. Ал қайда қазір сол Мухутдинов?
Евгений Постников ше? Құрамында Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко, Сергей Малый, Елдос Ахметов, Ғафуржан Сүйімбаев, Станислав Лунин сияқты қорғаушылары бар бас командамызға бұл ойыншы қаншалықты қажет болды екен? Әлбетте, бізден гөрі оның әлеуетін Станимир Стойловтың жақсы білетіні анық. Ал қақпашы Ненад Эрич ұлттық құрамаға бірінші рет шақырту алып отырған жоқ. Бас командамыздың жейдесін серб кипері осыдан үш жыл бұрын Молдоваға қарсы жолдастық кездесуде киіп шыққан.
– Мен үшін Қазақстан Республикасының паспорты бар футболшылардың барлығы бірдей. Егер оның қалтасында Қазақстан төлқұжаты бар болса, өзінің ойынымен және жауапкершілігімен ұлттық құрамада ойнауға лайық болса, ондай ойыншыны неге шақырмасқа? Дегенмен, ұлттық құрамада кездейсоқ футболшылар болмайды. Мен бұған уәде берем.
Бұл Станимир Стойловтың ұлттық құрамамыздың бас бапкері ретіндегі алғашқы сұхбатында айтқан сөзі. Бас командамыздың бүгінгі тізіміне қарап, расымен де арасында кездейсоқ ойыншылардың жоқ екенін байқап отырмыз. Солардың қатарында Евгений Постников та бар деп үміттенеміз.