Ресейдің Щелково қаласында өткен Еременко кубогынан бас жүлдемен оралғаннан кейін Какау Алматыда ота жасатқан болатын.
– Бұл спортпен байланысты ота. Физикалық ауыртпалықтардан кейін болады екен. Өйткені, кәсіпқой ойыншы ретіндегі карьерамды кеш аяқтадым. Жаттықтырушы ретінде де салмақ көп түсіп жатыр. Сондықтан, соңғы кездері өзімді әлсіз сезініп жүрдім. Ота сәтті өтті, енді бірер күнде қайта жұмысқа кірісемін, - деп келтірді Какаудың сұхбатын «Қайрат» шағын футбол клубының ресми сайты.
Сондай-ақ, бас бапкер ауруханада жатып, өзінің көмекшісімен үнемі байланыста болғанын және ассистенттері жаттығу процесстерінің видеоларын жіберіп отырғанын айтты. Бұдан бөлек, Қазақстан ұлттық құрамасындағы тағдыры туралы да тілге тиек етті.
– Бұған дейін айтқанымдай, қай клубта жұмысымды жалғастыратыным туралы нақты шешімге 18 наурызға дейін келуім керек. Қазақстан ұлттық құрамасында жаттықтыра беретін шығармын. Бірақ ол үшін болашақ клубымның басшылары қос қызметті қатар алып жүруіме рұқсат етуі тиіс, - деді Какау.