«Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі оқырмандарының бірінің «Баука, осымен карьераң аяқталды ма? Расымен де басқа амал жоқ па?», – деген сұрағына футболшы «Иә, бәрі бітті. Басқа амал жоқ» деп жауап берген. Соған қарағанда жартылай қорғаушы шынымен де бутсасын шегеге ілуге бел буған секілді.
Бауыржан Жолшиев «Астана» сапында Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған. Ел кубогын да екі рет жеңіп алған. Біріншісінде «Атыраумен» жеңімпаз атанса, екіншісінде «Астана» сапында кубок иегері болған. Сондай-ақ, Қазақстан Суперкубогын да ұтып алған.
Алайда, 2015 жылдан кейін алаңға шыққан жоқ. «Астанадан» да қуылып тынды. «Еркелікті көтере алмады» десті сарапшылар мен жанкүйерлер. Ал биыл үлкен футболға қайта оралуға ұмтылған. Тіпті, «Астана» сапында да бапкерлердің сынағынан өтті. Келісімшартқа отыруға жақын болған. Бірақ, соңғы сәтте елордалықтар бұл футболшыдан бас тартты.
– Бапкерлер алқасында барлық футболшыларға талап бірдей. Ешкімді бөле жармаймыз. Әлбетте, Жолшиев өте талантты ойыншы. Алайда екі жыл бос кетті. Оның жасында бұның барлығы футболшыға қатты әсер етеді. Қазіргі кезде ол физикалық тұрғыда да, моральдік тұрғыда да жоғарғы деңгейде ойнауға дайын емес. Бауыржан бізбен бірга жаттығу жиындарынан өтті. Оның бізге көмектесе алмайтынына көз жеткіздік, - деген болатын отандық спорт сайттардың біріне «Астананың» жаңа бас бапкері Григорий Бабаян.
Дегенмен, Жолшиевке қазір «Ақтөбе» футбол клубы қызығушылық танытып жатыр деген сыбыс бар. Егер трансферлік терезе жабылғанша өзіне клуб таппаса, футболшы шынымен де футболмен қоштасуы әбден мүмкін.