Естеріңізге сала кетейік, қаңтардың соңында ҚФФ Дауларды шешу палатасының мәжілісі өтіп, «Ақтөбеге» жаңа футболшыларды тіркеуге тиым салынған. Себебі, клуб экс-ойыншылары Станислав Павлов, Виктор Дмитренко, Дмитрий Мирошниченко, Юрий Логвиненко, Валерий Коробкин, Павел Шабалин және Сергей Хижниченконың алдындағы қарыздарын әлі қайтармаған екен. Сондай-ақ, бұрынғы ойыншыларының алдындағы берешектерін әлі күнге бермегені үшін клуб маусымды минус (–) ұпаймен бастауы әбден мүмкін.
Осыған байланысты клуб Қызылордаға негізгі ойыншыларын әкете алмады. 11 наурыз күні «Қайсарға» қарсы алаңға «Ақтөбенің» қосалқы құрамы және былтырдан қалған ойыншылары шығады деген ақпарат бар. Нақты айтсақ, Сыр өңіріне Мұхамбет Тамабай, Игорь Трофимец, Асланбек Кәкімов, Абат Айымбетов, Саят Жұмағали, Ардақ Сәулет, Руслан Валиуллин, Бағдат Қайыров және Александр Усачёв сынды жастар аттанды. Сонымен қатар, бұлардың қатарына бұл күндері Шымкентте оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақтөбе U-21» жастары қосылады. Әзірге бас бапкері Владимир Мухановтың Қызылордаға бару-бармауы белгісіз.
Жалпы, «Ақтөбе» биыл құрамын біршама күшейткен. Олардың қатарында Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Давид Лория, Армения ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Маркос Пиззелли және Ұлан Қонысбаев бар. Дегенмен, бұл футболшылардың бірі де әзірге командаға көмектесе алмай отыр. Бұлардан бөлек, клубтың жаңа бас директоры Самат Смақов пен спорт директоры Ұлықбек Асанбаев «Ақтөбе» футбол мектебінің түлегі Дидар Жалмұқанмен де келісімге келмек. «Астанаға» тиесілі жартылай қорғаушы бүгінде елордалықтардың Премьер-лигаға тіркеген хаттамасында жоқ. Бұған дейін «Ордабасыға» жалға беріледі деген әңгіме тараған. Алайда, шымкеттіктердің де хаттамасынан табылмады.