Вернуться к списку статей

Григорий Бабаян – Маған елдер Моуриньоға ұқсайсың деп айтады

Футбол
1K
Григорий Бабаян – Бәлкім, Моуриньомен ұқсастығымыз бар шығар
«Астана» мен «Қайрат» арасындағы Суперкубок матчының қарсаңында елордалықтардың жаңа бас бапкері Григорий Бабаян журналистерге арналған баспасөз мәслихатын өткізіп, ертеңгі ойын және Станимир Стойлов жайлы өз пікірін білдірді.

– Алдымен барлықтарыңызды жаңа маусымның ресми түрде ашылуымен құттықтаймын! «Астана» мен «Қайрат» – еуропалық деңгейде өнер көрсете алатын Қазақстандағы екі клуб. Суперкубок болсын, Кубок болсын, тіпті қарапайым матч болсын, бұл командалардың ойындары әрдайым тартысты өтеді. Сондықтан, стадионда жанкүйерлер толып отырады деген үміттемін.

– Сіз бас бапкер болып бекітілдіңіз. Енді барлық шешімдерді өзіңіз қабылдайсыз ба, әлде Стойловпен ақылдасып отырасыз ба?

– Станимирмен төрт жыл бірге жұмыс жасадық. Өте сәтті кезең болды деп ойлаймын. Өкінішке қарай, 1 наурыздан бастап жолымыз екіге айрылды. Ол ұлттық құрамада, мен «Астанада». Әлбетте, алдағы уақытта талай кездесіп, өзара емен-жарқын әңгімелесетін боламыз. Дегенмен, бас бапкер ретінде мен одан ақыл сұрамаймын. Енді командаға байланысты барлық шешімдерді өзім қабылдаймын. «Қайратпен» болған ойынның алдында да екі жаттығу өткіздік. Ол жаттығуларды да өзім басқардым. Ал Стойлов менен кеңес алып тұратын шығар. Өйткені, «Астанада» ұлттық құраманың ойыншылары өте көп.

– Жалпы, футболшылар Стойловтың ұлттық құрамаға кетуін қалай қабылдады?

– Шынымды айтсам, барлығымыз үшін бұл жаңалық төбеден жай түскендей әсер етті. Дегенмен, футболшылар да бәрін түсінеді. Соңғы жаттығуларды бұрынғыдан да белсенді өткізді. Бәрі де ертеңгі ойында жеңіске жетіп, мықтылықтарын дәлелдегісі келеді. Жаттығулардың барлығы біздің дұрыс бағытпен келе жатқанымызды көрсетеді.

– Осы төрт жылдың ішінде Станимирден не үйрендіңіз?

– Станимир Стойлов – қазақ футболының тарихындағы ең үздік бапкерлердің бірегейі. Ол өз есімін ел футболының тарихында алтын қаріптермен жазған жаттықтырушы. Одан үйренгенім өте көп. Әлбетте, оған дейін де талай жаттықтырушылармен бірге жұмыс жасап, әрқайсысынан өзіме қажетті біраз нәрсе алдым. Әйтсе де, Станимирден үйренгенім өте көп. Бұл үшін оған зор алғыс айтамын.

– Сізді соңғы кездері Жозе Моуриньоға ұқсатып жүргендер өте көп. Бұған не дейсіз?

– Иә, маған да бұл жайлы айтқан. Бәлкім, ұқсастығымыз бар да шығар. Бірақ, мен үлкен футболға енді ғана қадам басқан маманмын. Әлі үйренерім өте көп. Бәрі де көрсеткіштеріме байланысты ғой.

– Станимир Стойлов ұлттық құрамаға «Астанада» бірге қызмет жасаған екі болгар маманын алып кетті. Енді сіздің көмекшілеріңіз кім болады?

– Әзірге менің көмекшілерім – Аркадий Бакулин мен Евгений Набойченко. Бұлардан бөлек, Александр Москаленконы шақырдық. Әлі келісімшартқа отырған жоқпыз. Алдағы аптада бұл мәселе шешіліп қалады деп отырмын. Сондай-ақ, тағы бір жаттықтырушыға вакансия бар.   

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика