Қазақ футболының ардагері Құралбек Ордабаевтың пікірін тыңдап көрген едік.
– Ендеше, өзіңіздің жақсы пікіріңізді естіп жіберсек.
– «Астана» өз алаңында өте жақсы ойнады. Мен сол матчты көрдім. Ойындары ұнады. Әсіресе, бірінші тайм. Дегенмен, үзілістен кейін португалиялықтар «Астана-Аренаның» алаңына үйреніп алды да, қарқындарын үдетіп жіберді.
– «Спортинг» сапында қай ойыншылардан қауіптену керек екен?
– Барлық ойыншылары ұнады. Деңгейлері өте жоғары. Дегенмен, бүгін бас бапкері бірқатар футболшыларына демалыс беретін шығар. Өйткені, оларды Португалия чемпионатында да маңызды ойындар күтіп тұр. Сондықтан, мен айтқан футболшылар бүгін алаңға шықпай қалуы да ғажап емес. Ең бастысы, әр ойыншысына мұқият болуымыз қажет.
– Ал өткен маусыммен салыстырғанда «Астананың» ойынында өзгеріс байқала ма?
– Жоқ, елордалықтар тура былтырғы ойын мәнерінен танбаған. Станимир Стойлов «Астанаға» өз қолтаңбасын әбден сіңірді ғой. Сондықтан, оны бір ойында бұзып тастауға болмайды. Онйың үстіне, ойыншыларының басым бөлігін сақтап қалды. Рас, жақсы шабуылшының жетіспей тұрғаны байқалады. Бірақ, ойын мәнері бұрынғыдай.
– Ендеше бүгін «Астанаға» қалай ойнауға кеңес берер едіңіз?
– Еңсемізді тік ұстауымыз керек. Портуагалиялықтар қанша мықты болғанымен олармен де ойнауға болатынына көз жеткіздік. Ең бастысы, «Чапаев сияқты» қылышымызды көтеріп алға шаба бермей, ақылмен ойнау қажет. Тез шаршап қалмауға тырысуымыз керек.
– Сонымен, реалистік тұрғыда бүгінгі ойыннан қарағанда не күтуге болады?
– Ашығын айтқанда, «Астана» жеңіліп қалады деп тұрмын. Оны ашық айту керек. Алайда, ірі есеппен ұтылмаймыз. Бір-екі гол айырмасымен ғана жеңілеміз. Бәлкім, 1:2 немесе 0:2 болатын шығар.
– Бұл матч Станимир Стойлов үшін «Астананың» бас бапкері ретіндегі соңғы матч болуы мүмкін деп жатыр. Қалай ойлайсыз, ол ұлттық құрамамызды баптай ала ма?
– Бәрі де Стойловтың өз қолында. Ол Қазақстандық маман емес, яғни күштеп бапкерлікке шақыра алмайсың. Өзі қаласа ғана бұл қызметке келеді. Қазір ойланып жүрген шығар. Өйткені, «Астанада» әбден абырой жинап, жанкүйерлердің ғана емес, отандық футбол мамандарының алдында да беделін өсіріп алды. Егер ұлттық құрамаға бас бапкер болып келер болса, бар абыройынан бір-екі ойында-ақ айрылуы мүмкін. Сондықтан, ол бұл ұсынысты қабылдау үшін мың рет ойланып, жүз рет толғанады. Ал жалпы, Стойлов келсе жақсы болар еді. Қазақстанда жүргеніне бесінші жыл. Біздің аяқдопты өте жақсы біледі. Әр команданың, әр футболшының жағдайымен жақсы таныс. Оны бәрі сыйлайды. Менің де құрметім зор. Өзін дәлелдеген бапкер. Ұлттық құраманы ұшпаққа шығаратыны анық.