Бұл сыбыс әдеттегідей біздің елден емес, кеше Ресейден шықты. Осындайда, біздің «коммерциялық құпиясы» көп футболымызға әлі жариялылық жетпей жатқан сықылды-ау деп те қапа боласың... Содан болар, трансферлік өзгерістер жайлы сыбыстар бізге негізінен шет елдерден келеді.
Сондай бір сыбыс кеше бұрқ ете қалды. Ресейдегі Нобель Арустамян деген комментатор өз твиттеріне «Таяу арада РФПЛ-де тағы бір трансфер жүзеге асады. Қазақстанның ең үздік таланттарының бірі Еркебұлан Сейдахмет (2000 ж.т.) «Уфаға» ауысуға шақ тұр» деп жазды.
Әрине, бұл ақпаратты біздің елдегі электронды басылымдар бірден іліп әкетті. Тіпті оның ұстаздарының бірі, «Монтажник» клубының іргесін қалаушы Георгий Хутидимен хабарласып, тілдескендері де бар. Аталмыш маман жоғарыдағы ақпаратты теріске шығармаған.
Георгий Хутидидің sports.kz сайтындағы сөздеріне сенсек, Еркебұлан қаңтардың ортасында «Уфа» клубымен Кипрде өтетін оқу-жаттығы жиынына аттанбақ екен. Ал ақпан айында, яғни 18-ге толған соң, Башқұртстан клубымен келісімшартқа отыратын көрінеді. Бұл клуб оның кәсіби тұрғыда жетіле түсуіне ең қолайлысы болған сыңайлы.
«Уфа» клубының ресми сайты әлі мұндай ақпаратты әлі таратқан жоқ, әрине. Екі жақ еңбек келісіміне қол қоймай, ресми мәлімдеме жасамайтындары да түсінікті. Әйтсе де, ВК желісіндегі ресми парақшаларына Қазақстан сайттарында жарияланып жатқан ақпараттарды шығарып қойған.
Өздеріңіз білесіздер, былтырдан бері Еркебұлан "2018 жылы Ресейдің «Зенит» клубына ауысады" деп көп айтылған. Бірақ биыл қазақтың жас талантының таңдауы өзгерген сияқты. Себебі Санкт-Петербор клубы сапында – ылғи ығай мен сығайлар. Еуропа футболының жұлдыздары да көп.
Ал «Уфа» – жас таланттарға мүмкіндік беретін клубтардың бірі. Яғни Еркебұланның дәл осы команда сапында негізгі құрамда ойнау мүмкіндігі мол. «Зенитке» барып, қосалқы құрам орындығын «тоздырғанша», Башқұртстан клубында тәжірибе жинақтаған әлдеқайда пайдалы.