Вернуться к списку статей

Еркебұлан Бауыржан Исламханның жолын қайталамайды – Георгий Хутиди

Футбол
1K
Еркебұлан Бауыржан Исламханның жолын қайталамайды – Георгий Хутиди
Соңғы кездері екі жанкүйердің басы қосылса Еркебұлан Сейдхаметті әңгіме етіп жүр. Расымен де, қазақ футболынан «Уфаға» ауысқан талантымызға үміт артып отырғандар өте көп. Дегенмен, Бауыржан Исламханың карьерасын қайталап, бір жылдан кейін салпақтап елге қайтар ма екен дейтіндер де бар.

Осы орайда Еркебұланды 6 жасынан бері бақылап, бүгінге дейін баптаған Тараздағы «Монтажник» клубының директоры Георгий Хутидимен сұхбат құрған едік.

– Георгий Павлович, жалпы өзіңіз бұл трансферден не күтіп отырсыз?


– Еркебұланның карьерасының өрлеуі үшін дәл қазір ең қолайлы чемпионат Ресей Премьер-лигасы, ең ыңғайлы клуб «Уфа» деп ойлаймын. Бұл командада Еркош нағыз футболшы ретінде пісіп жетіледі. Айтпақшы, «Уфада» оның жейдесінде Сейдахмет деп емес, Еркош деп жазылады.

– Былтыр «Таразда» да көп ойнамаған еді, «Уфада» қосалқы құрамда отырып қалмай ма?

– Өткен маусымда оған футболдан бөлек, сабақты да ойлау қажет болды. Өйткені, Ұлттық бірыңғай тестілеуіне дайындалып жүрді. Соған қарамастан 15 ойынға қатысты. Премьер-лигаға шыға салып, осынша ойын өткізу жас футболшы үшін жақсы көрсеткіш. Ал қазір ол тағы да пісе түсті. «Уфаның» оқу-жаттығу жиындарында негізгі құрамда алаңға шығып, гол соғып, пас беріп жүр. Бас бапкері Сергей Семак өте білікті, ақылды маман. Ресей чемпионатында оған міндетті түрде мүмкіндік беріледі. Негізгі құрамнан орын алар, екінші таймда алаңға шығар, әйтеуір жиі доп теуіп тұрары сөзсіз.

– Қазақстанда кейбір сарапшылар Еркебұланның бойы қысқалығын және денесінің кішкентайлығын алға тартып, Ресей чемпионатында оны қорғаушылар жаныштап тастайды деген пікір айтуда. Бұған не дейсіз?

– Күлкімді келтірмесінші. Еркебұланның бойы 177 см, ал Неймар – 176. Мессидің бойы ресми түрде 169 см деп жазылып жүр. Бірақ одан да қысқа. Бір мысал айтайын. Кезінде Игорь Добровольский деген футболшы болған. Бүгінде бапкерлік қызметте. Өте мықты ойыншы еді. Соның салмағы 16 жасында небәрі 36 келі болыпты. Әлі таныла қоймаған кезі. Бір күні Жоғарғы чемпионаттағы кәсіпқой ересектер командасының сапында алаңға шыққан ғой. Басында әріптестері де бапкерге ренжіп, қарсыластары миығынан күліпті. Бірақ сол бала қарсыласының барлығының тілдерін салақтатып, әбден шаршатқан екен. Сонда матч соңында бапкері, «негізі, оның салмағы 20-ақ келі, қалғанының барлығы ми» деген ғой. Еркебұлан да сол сияқты. Футболды қазір мимен ойнайды. Ал жүгіруді иттер де біледі.

– Дегенмен, Еркебұлан Сейдахмет те кезіндегі Бауыржан Исламханның жолын қайталап, бір жылдан соң салпақтап, елге қайта орала ма деп сескенетініміз рас...

– Бұл тұрғыда тыңғылықты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ондай болмайды. Біз мұның барлығын ойластырып, ұзақ уақытқа жоспар құрып қойғанбыз.

– Ендеше «Уфада» қанша уақыт болады?

– Оны қазір тап басып айта алмаймыз. Бірақ, ұзақ аялдамайтыны рас. Болашақта оны Еуропаның еңселі командаларынан көріп қалуымыз ғажап емес.

– Ал «Уфадан» бөлек, Ресейдің өзге клубтарынан ұсыныстар болды ма?

– Болды. Бірақ, бұл енді артық әңгіме. Барлық келіссөздер артта қалды. Енді алға қарау керек.

– Дегенмен, Еркебұланды тағы да ет алғанша Қазақстан чемпионатында қалдыра тұруға болмады ма?

– Оның не қажеті бар? Құр босқа уақыт жоғалтып, баланың карьерасына зиян тигіземіз. Қазір оның нағы футбол ойнайтын кезі. Қазір кетпегенде, кейін кеш болар еді.

– Ал Қазақстан клубтарынан кімдер шақырды?

– Бәрі оны өз сапында көргісі келді. Мықтылардың барлығы «құда түсті». Бірақ, өсуді көздесек, оған қазір Қазақстан чемпионатында ойнаудың қажеті жоқ.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика