Вернуться к списку статей

Асқар Қожабергенов – Португалияда тең ойнап қайтса да "Астана" үшін үлкен ерлік болмақ

Футбол
1K
Асқар Қожабергенов – Португалияда тең ойнап қайтса да
Еуропа лигасы 1/16-финалының аясында өз алаңында «Спортингтен» 1:3 есебімен ұтылған елорданың «Астанасы» бейсенбі күні Лиссабонда жауапты ойынды өткізеді. Аталмыш кездесудің қарсаңында қазақ футболының ардагері Асқар Қожабергеновке хабарласып, алдағы матч жайлы пікірін сұраған едік:

– «Астана-Аренадағы» ойынның алғашқы жартысын біздің жігіттер жақсы өткізді. Алаңға үйрене алмады ма, әлде Португалиядан шаршап келді ме, бірінші таймда «Спортинг» футболшылары «Астананың» қарқынына шыдай алған жоқ. Әдемі гол соқтық. Есепті еселейтін де мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ үзілістен кейін білгенімізден жаңылдық. «Спортинг» күшейіп кетті. Айналдырған сегіз минуттың ішінде қонақтар текетірестің тағдырын түбегейлі шешіп тастады. Бір жағынан бізде футбол маусымы енді басталады, ал оларда чемпионат қызып тұр. Соны да ескеру керек. Олар қазір нағыз бабында. Алайда, соған қарамастан елордалықтардың ойыны, жеңіске деген құштарлығы ұнады.


– Ойыннан кейін Юрий Логвиненко жанкүйерлерден кешірім сұрап, бар кінәні өз мойнына алды. Оны кінәлауға бола ма?

– Қақпамызға пенальти белгіленде Юра ойын ережесін әдейі бұзған жоқ. Дегенмен, сары қағаз алды ма, ары қарай өзін сабырға шақырып, сауаттырақ ойнауы қажет еді. Өзі де от пен судан өткен тәжірибелі футболшы, қызбалыққа салынудың қажеті жоқ болатын. Екінші ескерту қағазын аларда тым қызып кетті. Бірақ, матчтан кейін өз қателігін түсініп, кешірім сұрады. Бұл да ер жігітке тән қасиет.

– Сол ойында «Астанаға» жақсы шабуылшы жетіспей тұрғандай көрінді. Деспотович мұндай сынаққа дайын емес секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Әлбетте, Жуниор Кабананганың орны ойсырап тұрды. Әлгі ойында Кабананга болғанда алғы шепте сәл де болса сенімдірек ойнар едік. Деспотовичтің тәжірибесі аздау көрінгені рас. Дегенмен, бірінші тайм да ол да барынша тырысты. Гол соғатын мүмкіндігі де болды. Әлде де өзіне деген сенімді күшейтуі тиіс. Бапкерлер алқасы сенім артып отыр ғой, бәлкім Лиссабонда барын салар. Одан бөлек те «Астанада» Патрик Твумаси, Марин Томасов сынды гол соғатын жігіттер бар.

– «Спортинг» «Астана-Аренада» 3:1 есебімен жеңіске жетіп, жағдайын жасап алды. Енді өз алаңында олар «Астанаға» қарсы резервтегі ойыншыларын шығаруы мүмкін бе?

– Қазір Португалия чемпионатында да бәйгеге талас қызып тұр. Басты бәсекелестері «Порту» мен «Бенфика» бұлардың еркін тыныс алуына мүмкіндік бермей тұр. Соңғы турда тек төреші қосқан қосымша уақыттың сегізінші минутында ғана жеңісті жұлып алды. Оның үстіне, олар биыл қалайда Португалия чемпионы атануды көздеп отыр. Сондықтан, «Астанаға» қарсы резервтегі бірқатар ойыншыларын шығаруы мүмкін. Бірақ, команда құрамын толығымен сапырырылыстырады дегенге сенбеймін. Мұндай ойында экспериментке жол берілмейді.

– Наурыздың 4-і күні «Астана» Алматының «Қайратымен» Суперкубок ойынын өткізеді. «Спортингке» қарсы түздегі матчты елордалықтар Суперкубокқа дайындық ретінде пайдалануы мүмкін бе?

– Бұл матчта Станимир Стойлов Суперкубокты ойлап жатпайтын шығар. Өйткені, бірінші ретте команданың намысы, «Астананың» абыройы тұр. Португалиялықтарға қарсы лайықты ойын үлгісін көрсетуге тырысады. Эксперимент жасайды деп ойламаймын. Өз алаңымызда ұтылып қалғанымызбен әлі де болса келесі кезеңнен үмітімізді үзген жоқпыз. Ал Суперкубокта басымдық «Астана» жағында болуы тиіс. Өйткені, елордалықтар қысқы үзілісте жолдастық кездесулермен ғана емес, ресми ойындармен де бабын күйттеп алды.

– Сонымен, Лиссабондағы матчтан не күтесіз?

– «Астана» футболшылары барын салулары тиіс. Егер «Спортинг» алаңға жартылай резервтік құрамын шығарар болса, бұл біз үшін жақсы. Намысқа тырысулары керек. Енді жеңістен үміттіміз ғой. Бірақ, Португалияда тек ойнап қайтса да, «Астана» үшін үлкен ерлік болмақ.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика