Вернуться к списку статей

Жолы жеңіл жігіт еді – Каньяс кетті, Қазақтан...

Футбол
1K
Фото fcshakhter.by сайтынан
Бірнеше жыл қазақ додасында доп теуіп, еліміздің төрт дүркін чемпионы болған Рохер Каньяс Беларусь клубына кетіпті...

Былтырғы маусымның екінші жартысын «Ордабасы» клубы сапында өткізіп, Қазақ елі чемпионатының қола жүлдегері атанған футболшы басқа командаға ауысыпты. Атап айтқанда, Колумбияның орталық қорғаушысы енді «Шахтер» (Солигорск) клубының намысын қорғайды.

Каньяс қазақ топырағына 2012 жылы келген болатын. Жолы жеңіл жігіт еді. Әуелі Қарағандының «Шахтерімен» ел чемпионы болып, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында кеншілер клубының намысын абыроймен қорғады. 2013/2014 жылдар маусымында алғаш рет Еурокубок додасының топтық кезеңіне шығып, қазақ футболының абыройын асқақтатуға өз үлесін қосты.

2014 жылы ақпан айында «Астанаға» ауысты. Үш дүркін Қазақстан чемпионы болды. Еурокубок додаларында елордалықтардың белді ойыншыларының бірі болып, жанкүйерлер сүйіспеншілігіне бөленді. Елорда клубының ажырамас бөлігі секілді болып кетіп еді...

Бірақ... былтыр Кипрдің АПОЭЛ клубына жалға берілді. Бос бармапты, 13 ойын өткізіп (бір гол соғып), аталған елдің де чемпионы болып оралды. Бірақ «Астана» сапында оған орын табылмады. Сөйтіп, Шымкентке кетті. Жолы жеңіл жігіт дедік қой, оңтүстікқазақстандықтар бірінші рет ел чемпионатында жүлдеге ілікті...

Енді Беларусь еліне кетіпті. Солигорскінің «Шахтерімен» чемпион болып жатса, таң қалмаймыз. 2009 жылы Колумбия чемпионы болғанын да ұмытпайық. Айтпақшы, бұл клубқа Қазақстаннан барып отырған тек Каньяс емес. Бұған дейін Қарағандыдан Словакияның жас таланты Юлиус Сзоке де кеткен болатын... 

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика