Вернуться к списку статей

Жоржи Жезуш – УЕФА-ның орнында болсам, жасанды алаңда доп тебуге мүлдем тиым салар едім

Футбол
1K
Жоржи Жезуш – УЕФА-ның орнында болсам, жасанды алаңда доп тебуге мүлдем тиым салар едім
«Астана» – «Спортинг» кездесуінің қарсаңында португалиялықтардың бас бапкері Жоржи Жезуш журналистерге сұхбат беріп, қазақстандық командадан қаншалықты сескенетіндігін айтты.

– Соңғы уақыттары үш-төрт күн сайын ойнап жүрсіздер. Қиындық туғызып жатқан жоқ па?

– Қарсылас өте қарымды. Оның үстіне, өз алаңында жақсы айнайды. Өз кезегімізде біз ешқашан жасанды синтетикалық алаңда доп теппегенбіз. Бүгін бірінші рет жаттығу өткіземіз. Ал ойындардың жиі болуы бізге еш зиянын тигізіп жатқан жоқ. Әр ойында жеңіске ұмтыламыз.

– «Спортинг» Еуропа лигасының финалына екі рет шыққан. Жалпы, бұл турнирдегі мақсаттарыңыз не?

– Португалияның қай клубы болмасын, бұл турнирде чемпион атануды көздеген. Әлбетте, ішкі чемпионатты да ұмытпаймыз. Ол жақта да бірінші орын алуға тырысамыз. Ал Астанаға біз бір күн ерте келдік. Өйткені, жергілікті ауа-райына бой үйретіп алуды ойладық. Ертең біз өзімізге қажетті нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз. Ары қарай мақсатты турнирдегі қарсыластарымызға қарай қоя береміз.

– Рафаэл мен Жереми Матьенің ертеңгі ойынға дайындықтары қалай?

– Рафаэлді бірден негізгі құрамға қосуды жөн көрген жоқпыз. Ол әр кезеңнен ақырындап өтуі тиіс. Ал Жереми Матьені ертеңгі ойынға қатыстыруды жөн көріп отырған жоқпыз. Өйткені, жасанды алаңда доп тебу Матье үшін оңай болмайды. Жарақатынан айыққанына көп болған жоқ. Жалпы, егер УЕФА басшысы болсам, жасанды алаңдарда ойындар өткізуге мүлдем тиым салар едім. Бұл дұрыс емес. Футболшылардың өмірі үшін өте қауіпті. Дегенмен, Астанадағы жағдайды, ауа-райын зерттей келе, мұнда бұдан басқа амал жоқ екендігін байқадым.

– «Спортинг» Португалия чемпионатында үшінші орынға түсіп қалды. Ал клуб басшылығы чемпион болуды мақсат қылып отыр. Басты күштеріңізді Еуропа лигасына саласыздар ма, әлде Португалия чемпионатына күш саласыздар ма?

– Бізде Португалия чемпиондығына таласып жатқан үш команда бар. Күшімізді екі жаққа да саламыз. Оңай емес, әрине. Дегенмен, «Спортингтің» тәжірибесін ескерсек, Еуропа лигасының финалында бір емес, екі рет ойнағанымызды есепке алсақ, екі жақта да жеңіске жетуге шамамыз жетеді деп ойлаймын.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика