– Баршаңызды Еуропа лигасының Қазақстанға оралуымен құттықтаймын! Команда бұл ойынға жақсы дайындалды. Жаттығу жиындарында жоспарларымызды жүзеге асыра алдық. Ертең жанкүйерлерімізді қуантамыз деп үміттенемін. Әлбетте, бұл текетірестің фавориті – «Спортинг». Дегенмен, біз жанкүйерлердің қолдауына сенеміз, - деп бастады Станимир Стойлов.
– Станимир, Еуропа лигасының бұған дейінгі ойындарында команданың бірқатар ойыншылары жарақат алып қалғандықтан бір матчқа жақсы құрам жасақтау қиын болатын еді. Қазір жігіттердің бәрі сапта сияқты. «Спортингке» қарсы қандай команда дайындап жатырсыздар?
– Команданы күшейту ешқашан артықтық етпейді ғой. Рас, командаға жаңа ойыншылар келгенімен Юрий Перцух бұл матчтың хаттамасына енбеді. Щеткиннің де жарақаты бар. Мужиковтың дисквалификациясы бар. Оның үстіне, кетіп жатқандар да аз емес. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер.
– 2015 жылы «Бенфикамен» кездескен едіңіз. Екі команданы салыстырып өтіңізші. Ертеңгі ойын сол кездегі матчтан қиынырақ болады деп ойлайсыз ба?
– «Бенфикамен» кездескенде олар бізге ашық ойын үлгісін көрсеткен. Шыны керек, бізден мықтырақ болған. Ал соңғы екі-үш жылда «Спортинг» едәуір күшейді. Деңгейі өсті. «Бенфикамен» болған ойынға қарағанда ертеңгі «Спортингпен» болатын кездесу қиынырақ болады деп ойлаймын.
– «Спортингтің» басты ойыншысын айта аласыз ба? Сондай-ақ, олар дәл қазір несімен мықты?
– «Спортинг» жылдам ойынды жақсы көреді. Ойыншыларының деңгейі жоғары. Кез-келген матчтың тағдырын шешіп кете алатын футболшылары бар. Қақпасына голды аз жібереді. Онда да көбіне пенальтиден гол жіберіп жүр. Қорғанысы мықты, шабуылы да жарап тұр.
– Оқу-жаттығу жиындарынан байқадық, ертеңгі ойында шабуыл шебінде Джордже Деспотович ойнайтын сияқты. Бұл шабуылшы Жуниор Кабананганың орнын толығымен баса ала ма?
– Бәрі өзіне байланысты. Әлбетте, Жуниордың «Астанадан» кетуі – біздің жағдайымызды біршама қиындатып жіберді. Ол – тәжірибелі, еуропалық деңгейде доп тебе алатын жақсы шабуылшы еді. Бірақ, енді командада қалған өзге шабуылшылардың кезегі келді. Деспотович те жақсы шабуылшы. Ертең оған үлкен салмақ түсетіні анық. Алайда, бұған дейін қосалқы құрамда қалып қойған кездерінде Деспотович пен Щеткиндер іштей наразы болып жүреді екен. Енді өз мықтылықтарын дәлелдейтін уақыт келді.
– Қағаз жүзінде бұл текетірестің айқын фавориті – «Спортинг». Бұл жағдай психологиялық тұрғыда біздің футболшыларға көмек бола ала ма?
– Ертең біз өзіміздің бар өнерімізді көрсетемыз. «Спортинг» шабуылдаса сауатты қорғанып, қорғанса шабуылдағы мүмкіндіктерімізді голға айналдыруға тырысамыз. Ертең біз үшін бәрі сәтті аяқталатынына сенеміз, соған үміттенеміз.
– Оқу-жаттығу жиындарында көрдік, Марин Томасов сол қапталда ғана емес, оң қапталда да жақсы ойнай алады екен. Ойын барысында Твумаси екеуі орын алмастыруы мүмкін бе?
– Патрик Твумаси де қос қапталмен ойқастай алады, сол сияқты Марин Томасов та екі шепте де жақсы ойнайды. Ойын барысында екеуі бір-бірімен орын алмасып тұратыны сөзсіз. Дегенмен, әркім өзінің үйренген шебіне басымдық беру керек. Бар нәрсені бүлдіріп алғымыз келмейді.
– Жуниор Кабананганың кетіп қалуы расыменде қатты соққы болды. Бұл трансфердің сізге де оңай тимегені анық. Бас бапкер ретінде оның кетуіне қарсы болып, пікіріңізді білдірмедіңіз бе?
– Қазір жақсы нәрсе жайлы айтайықшы. Проблемаларды ойлағым келіп тұрған жоқ. Мен оның біз үшін өте маңызды болғанын айттым. Әйтседе, бұл тақырыптан, шынымды айтсам, шаршап кеттім. Иә, мен де неліктен оны осындай маңызды матчтың қарсаңында жіберіп қойғанымызды түсінбеймін. Естеріңізде болса, бұған дейінгі сұхбаттарымның бірінде, «Астананы» жоғалтып алудан қорқамын» деп айтқан болатынмын. Команда құрдымға кетіп бара ма, әлде еңсемізді бұрынғыдан да тіктей бастадық па, оны ертең көреміз. Ашығын айтқанда, Еуропада енді еңсе тіктей бастаған команданы бір-ақ сәтте құртып алудан қорқамын. Көтеріліп келе жатқан команданы неге аяқтан шалатынын түсінбеймін.